Мұрағат

Archive for 2010 Тамыз

«Прометей» қозғалысы

– Кеңес кезінде «Прометей» қозғалысы туралы ешқандай дерек тарих оқулықтары мен қоғамдық-саяси басылымдарға, ғылыми зерттеу кітаптарына жазылған жоқ. Сонда бұл біз естімеген қандай қозғалыс, оған кімдер қатысқан? «Прометей» діні бір, тілі ұқсас түркістандық ұлттардың қозғалысы ма?

– «Прометейге» Украина, Грузия, Кубань, Дон, Карелия, Қырым, Волга бойындағылар, солтүстік Кавказ бен Түркістан сияқты Ресей ұлттық автономияларының басшылары (бұрынғы Мемлекеттік Дума мүшелері), Еуропаға эмиграцияға кетуге мәжбүр болған рухы биік азаматтар кіреді. Бұл қозғалыс біртіндеп Мәскеуді құрсаулаған  қуатты насихат шеңберіне, аумағы үлкен большевиктерге қарсы блокқа айнала бастайды. Ондағы мақсат – орыстан басқа ұлттың бәрін еріксіз «орыс», «кеңес» халқы қылуға күш салып жатқан большевиктерді ұлттық республикалар құқын мойындауға, олардың өз тағдырларын өздеріне таңдатуға, диктатураны азайтуға мәжбүрлеу.

Сонымен қоса, осы қозғалыс езгіге ұшыраған бағынышты халықтарға саяси білім беру, олардың саяси көзқарастарын ояту, сондай-ақ, тоталитарлық құрылымдары күшейіп келе жатқан КСРО ұлттық саясатының жаулап алушылық пиғылын әшкерелеу жұмыстарын жүргізеді. «Прометей» қозғалысының бірнеше тілде шығатын мерзімдік басылымдары осыған жұмылды. Сталин ондай мықты қозғалыстың жұмысына көз жұма қарап, қол қусырып, үнсіз отырмасы түсінікті. Антибольшевиктік ұйым «Прометейге» қарсы Сталин үсті-үстіне саяси да, насихаттық та, қылмыстық та іс-әрекеттер ұйымдастырады. Мұстафа Шоқайдың көзін жою үшін жасалған алғашқы әрекет сәтсіз болғанымен, ақыры кеңес чекистері діттеген мақсаттарына жетеді, (бұны Ресей ғалымдары да растауда), 1941 жылы 22 желтоқсанда ол ауруханаға жедел жеткізіледі де, бес күннен соң қайтыс болады. Әлім Алмат аға (М.Шоқайдың архивін сақтаған Түркия азаматы) Түркияда алғаш жүздескенімде ол кісінің өлімі жайлы: «Мария Яковлевна (М.Шоқайдың жұбайы) ертелі-кеш Мұстафаның денесіне эксгумация жасатуды айтатын. Мария апай экспертиза у беріп өлтіргендікті айқын дәлелдеп беретініне кәміл сенетін», – деп әңгімелегені есімде. Өзі де «Шүпелі, чок шүпелі Мұстафа бейдің өлімі», – деп қайталай берген…

«Халықтар әкесі» Сталин өзінің қас жаулары – мықты саяси қарсыластарын өлтіртумен шектелмей, олардың аттарына өшпес күйе жағып, мәңгі бақи қаралау үшін ештеңеден тайынбайды. Олардың өмірбаяндық деректерін ондырмай өзгертетіні соншалықты, қолдан жасаған өтірік-жаланың тас-түйінін тарқату оңай шаруа емес еді. Саяси көсемдерін өз халқының алдында жексұрын қылу үшін оларды қаралайтын түрлі материалдар ұйымдастырып, оларды міндетті түрде оқулық кітаптарға, анықтамаларға, энциклопедияларға енгізу – Сталиннің бұлжымас қағидасы.

Осылайша жеке тұлғалардың қолдан қиюластырған өмірбаянын сипаттайтын тұтас кітаптар да шығарылатын. Оған дәлел – кеңестік арнаулы қызмет офицері Серік Шәкібаевтың «тек қана құжаттар негізінде» жазылған «Үлкен Түркістанның» күйреуі» кітабы, оны орыс тіліне Павел Косенко аударған.

Бақыт Садықова: «Осы жұрт Мұстафаны біле ме екен?…» атты материалдан үзінді

«Жұлдыз» журналы №5, 2010.