Мұрағат

Archive for 2008 Қаңтар

Журналистік шеберлік(немесе мастер-класс)

Қаңтар 30, 2008 3 пікір

«Шетел басылымдары үшін қалай жазу керек» атты журналистік шеберліктен біраз  пайдалы мағлұматты жақында оқып шықтым. Шетел басылымдарына арнап жазатын журналистердің(меншікті тілшілердің)көбісі онлайн басылымдар үшін материал жазады, яғни бұл тәсілдер интернет журналистер мен блогерлерге де пайдалы болады.

Әр материалда жаңалық болуы шарт-жаңа фактілер, жаңа тұжырымдар, оқиға немесе проблемаға деген жаңа көзқарас, жаңа тәсіл. Ең маңыздысы – мазмұн!Оқырман шешім мен қорытндыны СІЗ ұсынған факт пен тұжырым арқылы ӨЗІ шығаруы тиіс. Егер бір көзқарасты оқырманға міндеттеп, мойындатқызатын болсаңыз, бұл насихаттау мен үгіттеуге ұқсап кетуі мүмкін. Бүгінгі оқырман факттың негізінде қорытындыны өзі шығарады, журналист бұл фактіні тек түсіндіріп, оған жан-жақты сараптама жасайды. Бұл жерде «Таймс»тың кредосын айта кеткен жөн: «Насихаттаудың ең дұрыс жолы-бағытты(тенденциялық)объективті фактілерді сараптап беру». Жеке фактіден жалпы қорытныдыға келу және керісінше. Оқырманға деген құрмет, яғни тек шындықты айту. Кез-келген қателік автордың және/немесе ақпарат көзінің мәртебесіне(сенімділігіне)нұқсан келтіреді. Түсінікті тілмен жазу, термин сөздер мен диалектизмдерді қолдануды әдетке айналдырмаңыз. Таптаурын болған сөз тіркестерді(клише сөздерді)қолданудан аулақ болыңыз.

Қысқа да нұсқа жазу(оны бұрын да жазғам, оқытушыларымыз да жиі айтады).

Айтпақшы, бұл материалда шетел басылмадарына тән «Хьюман тач» деген жанрды таптым. Оның ерекшелігі – материалдағы ақпаратты «адам арқылы», яғни оның проблемасы, өмірлік жағдайлары, ойы, эмоциялары арқылы жеткізу. Бұндағы ақпараттың сенімділігі детальдар, суреттемелер, ирония түрде жасалатын байқау, мінездемелеу арқылы артады. Осының бәріне «адам факторы» немесе «хьюман тач» деген анықтама беруге болады. Байқасаңыз, бұл элементтердің көбісі очерк жанрында кездеседі.

Санаттары:медиа

Тағы да блогинг жайында

Қаңтар 29, 2008 6 пікір

Өткен аптада қаламызда Асхат Еркімбай мен Әділ Нұрмақов жүргізген семинарлардан кейін блогинг жайында мынадай негізгі ақпаратты ұсынамын. Болашақ  және қазіргі блогерлердің бәріне пайдалы, әрі қызықты болады деген ойдамын. Блог-бұл әлемтордың шығармашылық, кәсіби контентіне қосылған үлес. Блог – бұл жоғары дәрежедегі субъективті пікір, сын, сараптама, ой-тұжырымдар. Күн сайын 75000 жаңа блогтар жасалады және блогерлер күніне 1.2 миллион жаңа хабарлама енгізіп отырады. Қазақ блогосферасында әзірге 100-ге жуық блогер тіркелген. Олар көбінде: программистер, қызметкерлер, оқушы, студенттер. АҚШ газеттерінің 76% RSSты, 31% подкастты, журналдардың 80% блогтарды ұсынады. Ал Washington post өзінің адресіне сілтеме жасаған блогтардың тізімін көрсетеді, New York Times блогтарға сараптама жасайды, The Guardian блогтағы ең көп талқыланатын тақырыптарды ұсынады. Блогтарды қалай жазу керек?-Қысқа да нұсқа, автордың өзіндік стильі сезілетіндей(тұлғаның өзіндік МЕНі), бір стильділікті сақтау, «сериал» жазу(тақырыпты бір жазбадан кейінгісінде жалғастыру), тақырыптарды жүйелендіру.

Санаттары:блогер, блогинг

Технологиялық революция

Қаңтар 28, 2008 4 пікір

Әлемторды шарлап, журналист маманның Интернет жайында мынадай бір пікірін тауып алдым, ұнады, әлім келгенше аудардым. «Glasnews» журналының бас редакторы мен халықаралық «The Seattle Post-Intelligencer» бөлімнің редакторы Элан Бойл бір сөзінде: Технологиялық революцияның жаңа мерзіміне қош келіпсіз! 1989 жылы Берлин дуалы бұзылған сияқты, бұл революция да халықтар арасындағы шекараны бұзады. Жаңа электрондық магистральдар Бішкек пен Пекинді, Вильнюс пен Ванкуверді, Душанбе мен Даккардың араларын байланыстырады. Және бұл революцияның басы-қасында коммуникация саласындағы мамандар журналистер болуы қажет. Журналистердің негізгі мақсаты – пайда болған мүмкіндіктерді байқау…біреулер теңізбен, басқасы жылдамдығы жоғары магистральмен немесе кітапханамен салыстыратын ақпараттық кеңістікті түсіну. Шынымен де, ақпараттық кеңістік кітапханадағыдай сілтеме арқылы қажет ақпаратқа жол ашады. Не болмаса, салиқалы жиындағыдай бір бөлмеден екіншісіне өтіп, басқа қонақтармен сізге қызықты мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Оны телефон ретінде де байланыс үшін пайдалануға болады. Оның көмегімен жаңалық пен жарнаманы жария етуге болады және бұл іс біздің ақпараттық ғасырымызда табыс әкелуде. Алайда, бұл ақпарат кеңістікте саяхат жасаған кезде тек өзіндік тәжірибиеге сүйену қажет, сонда ғана бұл теңізді бағындырып, жылдамдығы жоғары магистральмен машина жүргізіп, қажетті ақпаратты әлемдік кітапханадан тауып алуға болады.

Санаттары:медиа

«Қазақ» газеті

Қаңтар 27, 2008 2 пікір

«Қазақ» газеті 1907 жылы, наурыз айында Троицк қаласында пайда болды. Газеттің басылуы, қай қалада шығаруы керектігі, редакторы жайында көп дау болып, ақырында келісімге келді. Шығарушысы Хаим Шумлов-Сосновский, бастырушылар-Жетпісбай Андреев, Ешмұхамет Иманбаев. Бір саны шығып, тоқтап қалған. 1911 жылдың 16 наурызында «Қазақ» газеті Оралда қазақ және орыс газеттерінде басылды. Орыс тілінде қазақ мәтіннің кейбір қысқаша аудармасы ғана беріліп тұрыпты. Көлемі шағын, 6 беттік газеттің 5 саны 1911 ж., барлығы 14-15 саны шыққан екен. Газеттің редакторы-Елеусін Бюрин басылымның мақсатын әр санының басында: «Газеттің асыл мақсаты:кәсіп ету, ғылым үйрену турасында» делінген. Газет бетіндегі мақалалар халық алдындағы адамгершілік парызды өтеу мақсатында қазақ  елін өнер-білімге жетелеуге қызмет ететіндігі жазылған. Мәдени жаңалықтармен бірге, ғылым жетістіктеріне арналған материалдар да жарияланып тұрды. Мысалы мұнай орнының табылғаны немесе жаңа шыққан кітап, газет туралы хабарлар. Газет мақалаларынан қазақ елінің хал-ахуалын, тіршілігін, шаруашылығын білуімен қатар елді өнер-білімге, мәдениетке, басқа елдің әдебитетінен үлгі алуға шақырған прогресшіл-демократиялық ізгі ниетті ой түйіндеуге болады. 1913 жылы жұмысын тоқтатқан газет Ахмет Байтұсынов пен Міржақып Дулатов арқасында оқырманымен қайта қауышады. 1913 жылы 2 ақпаннан бастап таралымы 300, кейбір мағлұматтар бойынша 800ге жеткен газет Орынборда жарық көрген. 1918 жылдан бастап газеттің редакторы Жанұзақ Жәнібеков болды. «Қазақ» газетін ұлтшыл, буржуазияшыл, либерашыл орган, алашордашылардың рупоры ретінде, ал оның редакторы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты алашордашылар «халық жауы» деп бағалап, газетте басылған халықтың әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан, әдет-ғұрпы мен заңынан бай мағлұматтар беретін материалдарының бетін жылы жауып қойған. Газет оқу-ағарту, тіл, газет-журнал ісі, сараптама, рецензияларға көп көңіл бөлген.

Қарағандыдағы блогшылар семинары

Қаңтар 25, 2008 12 пікір

Бүгін Қарағандыда алғаш рет қазақ тілінде блогшыларға арналған семинар өтті. Оған академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеттің  журналистика бөлімінің студенттері қатысты. Семинарды өткізген Асхат Еркімбай. Семинарда Жаңа медиа, Блогқа жалпы сипаттама, Қазақ тілінде жаңамедияға үлгі боларлық блогтар, Шетел блогосферасы сияқты тақырыптар қарастырылды.Болашақта қазақ блогшылары қатарына қарағандылық жас журналисттер қосылады деген үміттеміз.

P.S. Блогспоттан Уордпресске көшуге көмектескен және осы платформаның барлық мүмкіндіктерін көрсеткен Асхат аға.

Санаттары:блогер

Сенің әлемің.

Қаңтар 22, 2008 2 пікір


Әлеуметтік жүйелердің (ағылш. social network) бүгінгі пәрменділігі жайында осыдан бұрын да айтқан болатынбыз, жастар мен студенттер, қарапайым интернет тұтынушылары әлемтордағы уақытын қайда және қалай өткізетіні құпия емес секілді, хабарласу, танысу, музыка мен киноға, оларды жүктеу saver сайттар мен осылардың симбиозына айналған әлеуметтік жүйелер, әрине олардың ішінде блог та бар, ал кейбір әлеуметтанушы ғылымдардың айтуынша: «бүгінгі жастар әдеби кітап оқымаса да, әйтеуір блогтағы материалды оқиды…» Әлеуметтік жүйе мәселесіне оралатын болсақ, ТМД бойынша «Мой мир», «Одноклассники», «Вконтакте» ең танымал және жастар арасында кең қолданысқа енген. Жақында «Мой мир» рейтингін қарап, ЖОО арасында 5-орында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және 11-орында Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, мектептер арасында 5-орында Алматының №15 лингвистикалық гимназия, 8-орында Шымкенттің №8 гимназиясы. Ал «Вконтакте» Қазақстанның ЖОО арасында бәйге жариялауға дейін барды, оның себебі-Қазақстан бойынша кіруші саны ең көп сайт осы екен, бәйге қаңтар соңында тіркелуші адамның беттегі достар санымен қорытындалады, әзірше бірінші орында Теміртаулық Фархат, жеке бетінде 349 дос тіркелген. Осындай жаһандану үрдісі бізді қайда апаратыны белгісіз…

Санаттары:статистика

Gunners are best!

Қаңтар 17, 2008 2 пікір


Арсеналдың шабуылшысы Эммануэль Адебайор(26/02/1984)ағылшын Премьер-Лиганың және оның бас демеушісі Barkclays тағайындаған жүлдемен марапатталды. «Алтын бутса» жүлдесі ағылшын
Премеьер-Лиганың 2007/08 маусымындағы 10 голы бар белгіден асып кеткен ойыншыға беріледі. 10шы голды Тоттенхэмге қарсы ойында соқты. Жүлдемен бірге Адебайор 1000 фунт стерлинг ақшалай сыйақы алған еді. Арсеналдың Тоголез форворды бұл ақшаны қайырымдылық қорға аударуды жоспарлайды. Манчестер Юнайтедтің ойыншысы Криштиану Роналду дәл қазір Премьер-Лиганың бомбардир тізімінде бірінші, бірақ маусымның жалпы қорытыныдысы бойынша Адебайор «Алтын бутса» жүлдесін иеленуге құқысы бар. Естеріңізге сала кетейік, Арсенал(Тьерри Анри)соңғы рет 2002 жылы бұл жүлдені иеленген. Бар үміт Эммануэльде. Arsenal.com

Санаттары:Arsenal

Бірлесу мен бірлестіктер.

Қаңтар 16, 2008 Пікір қалдыру


Күнделік жүргізу қозғалысы алдында, блогтағы ақпаратты қабылдау аудиториясы кім, оларды қандай тақырып қызықтыратыны белгісіз еді… Сондықтан ең алғаш блог авторлары журналистер, ғылыми қызметтегі адамдар мен жазушысымақтар еді. Кейін блогерлік үрдіс кеңейді және бүгінгі таңда көп адамдар әлемторда жеке күнделігін жүргізбесе де блогерлік сервисте өз аккаунтын ашуға мәжбүр болады. Себебі аккаунттың иесі басқа блогтардағы жаңалықтарға жазылып, онда өз пікірін қалдырып, пікірталасқа қатыса алады. Блогерлердің бірлестігі немесе қозғалысы деген тіркестер де блогосферада бар. Өздеріне қызықты тақырыптарға немесе бір-бірімен алдын-ала келісілген істерді тыңдыруға итермелейтін блогерлер тобы өзара пікір алмасу, байланысу арқылы көп мәселелерді талқылап, түрлі шараларды ұйымдастырады. Дәстүрлі БАҚ немесе үлкен компаниялар сайттарында да жеке блогтар пайда болды, олар блогерлік сервистерге тәуелді емес, бірақ блог принциптері бойынша жұмыс істейді. Жеке күнделік болғасын, бұнда жеке басқа қатысты ақпарат көп және басқа адамдар жайлы жағымды, жағымсыз ой-пікірлер де болуы мүмкін(мысалы бастығы немесе қызмет атқаратын компаниясы туралы). Өз блогында Delta Airlines американдық авиакомпанияның қызметкері Эллен Симонетти ұшақ бортында униформамен түскен суретін жариялап, коммерциялық құпияны ашты деген кінәмен, жұмыстан шығарылған еді. Кейін Симонетти «Блогерлерді қорғайтын комитет» құрды. Олардың алғаш акциясы Ирандық «кибердиссиденттерді» қорғауға арналған еді. Ирандық блогерлер жиі прогрессивті оппозициясының өкілдері болып саналады, осы жолы антитәртіптік сарында материал жариялағаны үшін түрмеге қамалған еді. «Комитет» қарсылық көрсету мақсатымен, әр қайсысы өз блогына «Free Mojtaba and Arash Day» (Моджаб пен Арашты босататын күн)деген бір ғана сөйлемді келісілген күні жариялаған еді. Бұл акция қаншалықты нәтиже бергені белгісіз, бірақ осындай бірігу нәтижесінде басқа да маңызды мәселелер талқыланатыны белгілі, мысалы АҚШтағы Нэшвилл қаласы, Теннесси штатында блогерлер жиналып, Интернет кеңістігіндегі сөзбостандығы мен әлемтордың құқықтық басқаруы жайында конференция өткізді. Әрине, тек қана журналистика мен интернет технологиялары тақырыптармен шектелмей, басқа да әлеуметтік, мәдени, спорт, т.б. басшылықа ала отырып, жаңа пайдалы ақпарат пен әріптестерді тауып алуға болатыны сөзсіз. http://lenta.ru/articles/2005/05/17/blogs/

Санаттары:блогер, блогинг

Бұл ақпарат үшін ақша төлеудің қажеті жоқ.

Қаңтар 12, 2008 Пікір қалдыру


«Блог»– кез-келген тұлғаның ақпараттық «мөр» қалдыратын территория. «Блогерлер» әлемдік ақпарат Интернет кеңістігінде өмір сүреді және бір-бірімен арнайы кеңістік заңдары бойынша байланысады. Ал ақпараттық кеңістік шынайы өмірмен тығыз байланыста. Көп блогерлер басында блогтарға әуестенушілік ретінде қараса, бүгінде оларға жеке өмірінде үлкен орын алатын құбылыс ретінде қарайды. Біреу блог арқылы жақсы адаммен танысты, біреудің өмірге деген көзқарасы өзгерді, енді біреулер блог арқылы проблемасын шешті, ал кейбіреулер өзінің идеологиялық қарсыласымен пікірталасқа түсті…т.с.с. Сарапшылар блогерлікті «азаматтық журналистика» деп жиі айтады. Блогосферадағы қызықты оқиғалардың авторы оқырмандарын тез табады, әрі олардың пікірімен танысып, объективті түрде мәселені ашып, оңы мен солын айыруға көмектеседі. Бұл ақпарат үшін ақша төлеудің қажеті жоқ. Бірақ бұндай ақпарат көздері жауапқа тартылмайтынын тағы ұмытуға болмайды. Бұл «еркін бағдарламалық қамтамасыз етудің» (open source) ақпаратты-сараптамалық аналогия концепциясы. Кейбір жағдайларда блогер әлемдік деңгейдегі ақпараттың алғашқы қайнар көзі де болуы мүмкін. Мысалы «Норд-Остағы» террористік акт кезінде Интернет пайдаланушылар дәстүрлі БАҚтың ақпаратымен қоса, мәскеулік блогтардың ақпартын да үнемі оқып отырды; сонымен қатар, блог әлемінде Ирактан тікелей репортаждар мен т.б. маңызды ақпаратты жедел жеткізу үрдісі жоқ емес. Сонда журналистер мен блогерлер әріптестер, әлде бәсекелестер ме? Осы сұраққа тағы бір рет жауап берейік. Американың әлеуметтік Pew Internet & American Life Project орталығының зерттеулері бойынша «азаматтық журналистер» мен дәстүрлі журналист мамандар кеңістікті «ұрыс-төбелессіз» бөліп, БАҚ алғашқы ақпарат көзі болса, блогерлер оларға «ақпараттық жәрдемдесумен» масштабты түрде қамтамасыз етуде. Осыдан блогтар күннен күнге мультимедияландырылады, бұрын тек қана мәтін болса, бүгін сандық фототехника, сурет(олар үшін фотохостинг бар), үнхабар мен бейнехабарларға арналған бөлек платформалар да дамып жатыр.

Санаттары:блогер, блогинг

«Серке»

Қаңтар 9, 2008 4 пікір

 

Петербургте шығатын қазақ оқырмандарына арналған «Улфат» газетінің қосымшасы ретінде Шәймерден Қошығұловтың редакторлығымен 1907 ж. жарық көрген «Серке» газеті 3-4 нөмері басылғаннан соң тоқтап қалған. Газет жайында Ш.Қошығұловтың айтуымен жазылған Орталық Ғылыми кітапханадағы қолжазбада газет атауына байланысты мынадай дерек бар: «…боранда қойды жайылымға бастаушы серке мағынасында алынған». Ал «Нәжет»(«Азаттық»)деген жинақта «Улфат» газеті редакторының бірі жазған хабарда: «1906 ж. «Улфат» қазақ оқушыларына арнап, қазақ тілінде «Серке» атты 2 жетілік газет шығаруға қарар болды. Келесі жылғы март айының басында сол газеттің 67-санына қосымша болып шықты. Газет шыққан соң бірер күннен кейін полиция келіп, қала начальнигінің «Серке», «Улфат» газетінің ұсталғаны туралы әмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап, құлыптап кетті. 2-күні тиісті орындардан сұрағанымызда, олар: «Серке газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар, содан ұсталды деп жауап берді» делінген «Серке» газетіндегі «Улфат» газетіне қосымша болғандықтан мұны да либералдық буржуазиялық бағыттағы газет деуге болады. «Егемен Қазақстан» газетінің №5 (24977) 9.01.08ж. санында: «Міржақып съездің жұмсауымен 1906 жылы Петербургке барып “Серке” атты қазақша газет шығаруға араласты. Газеттің 1907 жылғы 1-санында “Жастарға” деген өлеңін бастырды. 2-санында “Біздің мақсатымыз” атты мақала дайындады. Онда Қазақстанда 1905 жылы демонстрация кезінде патша өкіметінің атына айтылған талап-сындар жазылғандықтан, газет кәмпескеленіп, таратылмай өртеліп кетті.»