Негізгі бет > әлеумет > Жастар кітап оқысын деген мақсатпен…

Жастар кітап оқысын деген мақсатпен…

«Қай салада болмасын, адамзат білімінің үлкен бөлігі тек қағазда, кітапта – адамның қағаз жадында өмір сүреді. Сол себепті кітаптар жинағы, кітапхана – адам баласының жалғыз үміті мен жоюға келмейтін жадысы болып қала бермек», – деп неміс философы А. Шопенгауэр бекер айтпаған. Бүгінгі технологиялар қаншалықты қарқынды дамып жатса да, әлем тарихының айнасына айналған миллиондаған ғылыми, әдеби туындыларсыз адамзат өмірін елестету мүмкін емес. Соған қарамастан, кітапханаға жиі барып тұратындарды немесе кітап дүкендерінен қымбат романдарды сатып алатындарды сирек көретін шығарсыздар. Оған сылтау жоқ емес: біреуі уақыт десе, екіншісі қалтам көтермейді деп айтуы мүмкін. Ал Кітап сыйлау немесе Буккроссинг деген шара жайында естігендеріңіз бар ма? Бұл әдеби шараға еліміздің кітап сүйер қауымының біраз бөлігі қатысып та үлгерген екен. Көштен қалмай, осындай «кітап мерекесі» жайында көбірек білу мақсатымен Буккроссингтың Қазақстандағы ұйымдастырушысы Анна Анконадан сұхбат алуға жөн көрдік.

– Анна, Буккроссингтың тарихы жайында айтып өтсеңіз, бұндай тамаша шараны кім ойлап тапты?

– Буккроссингты Рон Хорнбекер ойлап тапты, 2001 жылы ол көпшілік жүретін жерде мынадай жазуы бар кітап қалдырды: «Бұл жоғалып кеткен кітап емес, мына сайтқа кіріп, оның бұрынғы иесін біле аласыз. Кітапты оқып біткесін, оны әрі қарай саяхаттауға жіберуіңізге болады». Бұған көп адамдар қызығып кеткендіктен, бірнеше жылдан соң сайтқа кірушілер саны ұлғайды. 2004 жылдан бастап «Bookcrossing» Оксфорд сөздігіне ресми түрде кіргізілді.

Бүгінде буккроссингке қызығатын адамдар өте көп, олардың арасында бұны ойын ретінде қабылдайтын қарапайым адамдар да, мәдени проблемаларды уайымдайтын арнайы ұйымдар да баршылық. Еуропа елдерінде буккроссингты жарнамалық кампанияның бір бөлігі ретінде пайдаланады, баспалар кітап сатылымға шықпас бұрын оны кез келген жерде әдейі тастап кетеді. Кейін оны тапқан біреулер кітап жайында блогында сын пікірін жазып, осылайша тегін жарнамалық кампанияны ұйымдастырып жібереді.

– Осындай шараны Қазақстанда өткізу идеясы қалай пайда болды?

– 2009 жылдың күзінде елімізде осыған ұқсас бір шараны неге өткізбеске деп ойланып жүрдім. Басында бұл идеяға біртүрлі сенімсіздікпен қарап, неден бастайтынымды да білмедім. Парктегі орындықта кітаптарды тастап кету сияқты әрекетті дұрыс санамадым, оған қоса,  басынан бастап жаңа сайт жасау мен үшін қиынға соқты. Содан, кітаптарды міндетті түрде көшеде неге тастау керек, одан да бір ыңғайлы кофейняда жиналып, кофе ішіп, жаңа кітаптарға шолу жасап, өз кітабынды басқа біреудің кітабына неге айырбастамасқа деген ой келді. Сондай кофейнялардың ішінен мен алматылық «ДКны» таңдадым. Осы кафеның арт-директоры Оля Халецкаямен бірге Кітап сыйлау күнін қалай өткізетінімзді шештік. Әрине, бұл бұрын еш жерде болмаған шара емес, бірақ Қазақстанда сондай күндер өтеді деп естіген емеспін. Басында шараны «Кітап айырбастау» деп атайық дегенбіз, бірақ бұл атау онша келінкіремеді. Ақыры, «Кітап сыйлау күні» атауын шараның афишасын жасаған дизайнер Андрей Левченко ойлап тапты.

– Ең алғашқы Кітап сыйлау күні қалай өтті, ұйымдастыруда не қиындық болды?

– Алғаш рет шынымен де қиын болды, бірақ мәселе қиындықтың өзінде емес, – алғаш рет өткізгенімізде. Біз көркем әдебиетті оқитын адамдар қалмады, немесе олар біздің шарамыз жайында білмей қалуы мүмкін деп қорықтық. Адамдар көңіл көтеретін романдар мен кеңестік үгіт-насихат кітаптарын әкеледі деп тағы күдіктендік. Әрине, мен бұл кітаптарды жаман және қажет емес деп отырғаным жоқ, бірақ, меніңше, олар оқырман үшін сұранысқа ие емес. Оқырмандарымыз қызықты кітаптарын әкелуге тырысса да, арасында діни кітаптар мен Донцова сынды жазушылардың шығармалары да болды. Алғаш рет болғасын, сенімсіздік көп болды, адамдар өз «асыл тастарын» құнсыз бірдеңелерге айырбастағысы келмеді. Тағы бір таң қалғаным, осы шараға шынымен де қызығып келгендер көп болды. Шетелдіктер де көптеп келді.

Әкелген кітаптарды бір жерге жинайтын арнайы үстел қойылып, кез келген адамның кітап таңдап алуға мүмкіндігі болды. Шараға қатысқан адамдар үшін бір ғана шарт қойдық: қаншама кітап әкелсең, соншама кітап алып кете аласың. Ол үшін кітап саны көрсетілген арнайы қағаздар берілді. Сонымен қатар, кітап таңдауға көмектесетін адам болды.

– Кітап сыйлау күніне көбінде қандай әдебиеттер әкеледі?

– Әр түрлі кітаптар әкеледі, кейде «Кітап сыйлау күні» нақты бір авторды таңдаумен өтеді.  Мысалы, ойда жоқта, қатысушылардың көбісі Майн Ридты немесе Борис Акунинды әкелді дейік. Шараны үшінші рет өткізген кезде көп кітаптар ағылшын тілінде болды: өзінді оқытуға арналғандардан бастап, көркем әдебиетке дейін. Қазақ тілінде әзірге аз кітап әкеледі. Ерекше кітаптардан Нобель сыйлығының иегері, Австрия жазушысы Эльфрида Элинектің «Тағылық» атты шығармасы болды. Бұл өте күрделі психологиялық кітап, сана ағымы жанрында жазылған.

– Алматыдан басқа Қазақстанның қай қалаларында осындай әдеби шаралар өткізілді? Олар немен ерекшеленді?

– Алматы қаласынан басқа кітап сыйлау күндері Қостанай, Ақтөбе, Павлодар мен Астанада өтті, сонымен қоса, Қырғызстандағы көршілерімізде Бішкекте де ұйымдастырылған. Білуімше, айтарлықтай өзгешеліктер болмайды. Кейде кітап сыйлаумен қатар көрмелер мен сайыстар өтеді. Мысалы, Ақтөбе қаласында алғашында жергілікті суретшілер мен фотографтардың көрмесі, кейін фотография өнерінің ағымы – ломографияға арналған көрме өткізілді. Бішкек қаласында цитата мен кітап біліміне арналған сайыстар ұйымдастырылды. Бірақ, осы шараның ең басты идеясы – жастарды кітап оқуға шақыру.

– Ал өзіңіз үшін буккроссингтың маңызы не, осындай шаралар қоғамға қалай әсер ете алады деп ойлайсыз?

– Мен үшін буккроссинг – кітап оқу әрекетін танымал етуге азғантай болса да, өз үлесімді қосу. Кеңес заманында жарыққа шыққан кітаптарды қоқысқа лақтырған кезде жүрегім аурады. Адамдар оларды әдейі тастамайтын да шығар, көп ретте кітапханалар ескі кітаптарды қабылдамайды – мәселе сонда. Оған да бір бюрократиялық себептер бар. Бізге өз кітаптарын басқаларға табыстау үшін үлкен кісілер жиі келетін болды. Қазіргі кезде мектеп кітапханасына үйдегі кітаптарды әкеп тастау біраз қиыншылықтар туғызады. Мен табиғат қорғаушылар қатарында болмасам да, бір кітап болса да, бостан-босқа біреудің сөресінде жатпай, басқаларға табысталып оқылса, бірнеше ағаш сақтап қалу мүмкіндігі пайда болады деп ойлаймын. Негізі, жастар көбірек кітап оқыса ғой деймін, бірақ бұл өзіме тікелей байланысты емес. Ал білім, әдебиет тегін беріледі, ал да оқы. Бұрынғы заманда кітапқа қол жеткізу үшін көп қиындықтар болатын, ал қазір біз оларды тегін таратып жүрміз. Кез келген күні «ДКға» келіп, ұнаған кітапты үйге алып кетуге болады.

Буккроссингке қатысты альтернативті пікірлер де баршылық, мысалы, буккроссинг кесірінен кітап сатып алу қабілеті төмендеп, авторлардың қаламақысы түсіп кетеді деп айтып жатады. Адамдар кітап сатып алмай, оларды басқалардан алғандықтан, баспалар жабылып қалады деген болжамдар да бар. Оған менің жауабым мынау: баспалар ерте ме, кеш пе, бәрібір жабылады. Бірақ оған буккроссингтың еш қатысы болмайды, себеп – интернет -, компьютерлік технологиялардың т.б. дамуында. Кітап сатылымы мен қазіргі авторларға әсер ететіндей буккроссингтың танымалдылығы төмендеу. Сол себепті, баспагерлер бос уайымға салынудан гөрі, келешекті ойлауы қажет.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

«Қазақстан Іскері» газеті үшін

Санаттары:әлеумет Кілтсөздері:,
  1. makym
    Шілде 22, 2010, 05:00

    Шынымен, «креатифф» екен…
    Рахмет, Алия!

  2. Шілде 22, 2010, 05:37

    Кітап оқуды жандандыру, қазіргі ата-аналардың басты мәселелерінің бірі. Мұндай шараларға жастар қатысып жатса қуанышты жәйт!

  3. Қосақ
    Шілде 23, 2010, 06:38

    Кітапты оқу үшін – сол кітап болу керек қой. Қазақша кітап таба алмаймыз дүкендерден, бәрі орысша. Баспалардың өздері әрекет жасау керек шығар.

    • Шілде 23, 2010, 11:59

      Ал басқаша қарасақ, жалпы кітап оқитындардың арасында қазақша оқитындар аз – әрине, баспасөздерге әрекет жасау шығынға түседі… Тәжірибесіз жұмысқа алмайды деген сияқты.

      Жалғыз шешім: «үкіметтің ақшасы көп қой», берсін кітап шығаруға, аржақ-бержағы сосын көрінеді ғой. 🙂

  1. No trackbacks yet.

Пікір қалдыру