Archive

Posts Tagged ‘әдеби сын’

»Культурный шок»

Қыркүйек 24, 2011 2 пікір

Бірнеше күн бұрын  Фейсбукте Николя Журнудың осы бір тамаша суретін көріп, не деген шынайы карикатура деп қынжылдым. Кейін пікірлер ішінде бұл жай сурет емес, „Культура и СМИ„ деген кітаптың мұқабасы екенін білдім. Авторы да тез табылып, достар қатарына қосылды – Әсел Мусинова ГАТОБтағы балерина, гугл арқылы іздеп қарасам, республикалық басылымдарда балет жайлы көптеген мақалалардың авторы да екен.

Әсел Ахметовнадан бұл монографияны міндетті түрде сатып аламын деп шештім де, бүгін ол кісімен кездесіп, таныстым. Таң қалғаным, Әсел Ахметовна Селезнев атындағы хореографиялық  училищены бітіріп, кейін ҚазҰУ-тің журфагын, кейін магистратурасын тәмамды, қазір филология ғылымдарының кандидаты, өнертанушы, ҚазҰУ-де оқытушы болып жұмыс жасайды. Кітаптың алғашқы бетін ашып, монография кімге бағышталады деген сөзінде „…атам Сералы Қожамқұлов…„  дегенді оқыдым. Міне, дарынды адамдардың ұрпағы деген осылай болады екен ғой… Осыдан екі жыл бұрын қазақ театрынының тарихымен танысамын деген ниетпен Сералы Қожамқұловтың бір ескі кітабын оқыған едім, ұлы актер өз очерктерінде жастық кездерін, өнер жолындағы алғаш қуаныштары мен қиындықтары, рөлдері жайында жазған еді. Ал бүгін немересінің еңбегімен танысудың сәті түсті.

Монографияда БАҚ пен мәдениеттің бір-біріне деген әсері, өнер тақырыбындағы салалық газет-журналдарға шолу және ондағы материалдардың жазылуы, сонымен қатар, автор рецензия, репортаж, шығармашылық портрет, сұхбаттың ерекшеліктеріне тоқталады. Әсел Мусинова мәдени тақырыптағы сынды жоқтап, журналистикамыздың үлкен проблемасы жайында айтады. Шынымен де, сын жанрлары бізде дамымаған, театр, балет, опера болсын, рецензия жазуға келгенде бұл салада біліміміздің төмен екені айдан анық көрініп тұрады.

Кітапты бір шолып шығып, оның әдеби-көркем рецензия жазуда журналистерге пайдасы зор деген ойда қалдым.

«Айқап»

Шілде 20, 2009 2 пікір

1911 жылы қаңтардан бастап, 1915 жылы қыркүйек айында Троицк қаласында «Энергия» баспаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұратын. «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік, саяси өмірінде әдебиет пен мәдениетті насихаттап, таратуда елеулі роль атқарды. Араб әрпімен теріліп, басында айына 1 рет, кейін 2 рет шығып тұрған, бұл журналдың нақты деректерінде «Айқап» 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейін шығып тұрды деп жазылған. Бас редакторы Мұхаметжан Сералин болды.

Журналдың тақырыптары: бас мақала, шетел хабарлары, мұсылман өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, әртүрлі хабарлар мен редакцияға түскен хаттар. Мазмұны бойынша: саяси-әлеуметтік, әдеби, әдебиет мәселелер, оқу-ағарту, ана тілі, әліппе, теңдік, дәрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары, ішкі-сыртқы хабарлар, кітап сындары, тілші хаттары және жауап хаттар, отырықшылыққа шақыру, егіншілікпен шұғылдану, мектеп салу, емхана ашуға шақыру, әдет-ғұрып, салт-сана мәселелеріне көп көңіл бөлінді.

Басылымның сандарында Бейімбет Майлиннің шығармалары, Міржақып Дулатовтың «Екі қыздың мұңы» атты туындысы Азамат Алашұлы бүркеншек атымен және т.б. жарияланды.

Сын жанрлары хақында.

Мамыр 7, 2008 3 пікір

Әдебиет пен сын өмірге бірге келді. Сын алғашқы ақын жұрт алдында шығып, өз өлеңін оқығанда, немесе шебер әңгімеші ертегі, аңыз, мақал-мәтел айтқан шақта оның тыңдаушыға ұнаған, ұнамаған пікірі ретінде көрінді. Әдеби сын көркем әдебиеттің болашақ даму жолдарын көрсетіп отыратыны болғандықтан да оның пікірлерінде болжамдық сипат болады. Әдеби сынның дәрежесі ең алдымен оның субъектісіне, яғни сыншыға байланысты. Сыншы – аса күрделі тұлға. Сыншыға бір ғана көркем әдебиетті біліп, әдебиетші болу аз. Ол – әдебиеттану ғылымымен, одан қалды бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктерімен жан – жақты қаруланған, білімдар адам да. Енді сын жанрларына тоқталсақ: ӘДЕБИ ХАБАР-жаңа болған әдеби оқиғаны, жаңалықты оқырманға хабардар ету. Бұл шағын жанр болғанымен де, ұтымды пайдалана білгенге берер мүмкіндігі мол. АННОТАЦИЯ-сын жанрларының ішіндегі ең шағын көлемдісі. Шын мәніндегі әдеби сынның бастау алар бұлағы. Латынша ескертпе деген сөздің мағынасын беріп, кітаптың, мақаланың мазмұнын, саяси-идеологиялық бағытын, құндылығын түсіндіретін қысқаша сипаттама. РЕЦЕНЗИЯ-бұл ең көп қолданылатын, өрісі кең жанр. Латынша тексеру, қарастыру, бағалау, пікір білдіру дегенді білдіреді.  Аннотацияда хабарлаушылық, үгітшілдік сипаты басым болып, бағалаушылық там-тұмдап қана белгі берсе, даму барысында бұл жанр рецензияға ұласып, баға беру оның басты қасиеттерінің біріне айналды. МАҚАЛА-«Газетке мақала шығыпты» дегенде, ол рецензия да, хабар да, шолу да, фельетон да болуы мүмкін. Ал баспасөзде бұл бөлек жанр. Әдеби ой-пікірлерді кеңінен насихаттау үшін әдеби сын баспасөздің мақала жанрын барынша пайдаланады. Мақаланың мақсаты-әдеби өмірде болып жатқан маңызды құбылыстарды, оқиғаларды талдап-бағалау, оның заңдылықтарын ашу, оқырмандарға түсіндіріп отыру. Мақала теориялық, айтыс, ғұмырнамалық, ескертпе болып өз ішінде бөлінеді. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПОРТРЕТ-жазушы туралы құжатты «очерк». ӘДЕБИ ШОЛУ-аннотация, рецензия, шығармашылық портрет, мақала сияқты сын жанрлары негізінен әдеби өмірдің бір ғана құбылысын, не мәселесін қарастырып, сол төңіректе ғана сөз қозғайды. Негізгі зерттеу объектісі әдеби өмір, мақсаты соны шолып, пікір білдіру. ЭССЕ-әдебиет жайлы құнарлы ойлардың бір бұлағы, әдебиетіміз, қаламгерлеріміз хақында жүректі жарып шыққан пікірлерді оқырманға жеткізудің бір арнасы.(Дандай Ысқақтың «Сын өнері» атты кітабы бойынша)

Санаттары:публицистика Кілтсөздері: