Archive

Posts Tagged ‘ұлттық рух’

Қазақ драмасы…

Сәуір 4, 2011 3 пікір

… сахна және шымылдықтың әр жағында

Биылғы жылдың басында белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері, «Ұлтқа қызмет ету» кітабының авторы, «Арай-Заря», «Дәуір-Время», «Эпоха» басылымдарының редакторы, «Аргументы и факты» газетінің колумнисі Сейдахмет Құттықадамның еліміздің бүгінгі тарихына арналған еңбегіне тап болдым.

Бұл кітап жайында іш пысқасын немесе блогымды жаңартайын деген мақсатпен жазып отырғаным жоқ, меніңше, бұл еңбекті еліміздің әр көзі ашық, көкірегі ояу азаматы оқуы тиіс. Неге десеңіз, біріншіден, бұл кітап мектептің бағдарламасында жоқ көптеген тарихи фактілер жайында баяндайды. Мысалы, 86 жылдың желтоқсанынан бастап, бүгінгі күнге дейін саяси сахнадағы барлық көрнекті тұлғаларды сөз етеді. Сонымен қатар, кітапта тәуелсіз елімізде алғаш партиялардың құрылуы, парламенттегі өзгерістер, министрлер мен президент арасындағы қарым-қатынастар, баспасөзіміздің ахуалы мен оппозициялық басылымдардың ғұмыры, депутаттық сайлау кезіндегі дауыстардың фальсификациясы, еліміздің экономикасы және т.б. маңызды тақырыптар ашылады. Автордың айтуынша, саяси мәдениет пен саяси білімнің жоқтығы қоғамның санасыздығы мен сауатсыздығына, тоқырауына әкеліп соғады.

Екіншіден, бұл кітапта автордың жиырма жылдың ішінде жарияланған тамаша мақалаларымен танысуға болады. Сейдахмет аға еліміздің саяси, экономикалық ахуалына сараптама жасап, кезінде Аслан Масхадов, Ходорковский, Новодворская сынды тұлғалармен де кездесіп, сұхбаттасқан еді.

Өкінішке қарай, республикамыздың кешегі және бүгінгі саяси өмірі шынымен де драмаға, не бір келеңсіздіктерге толы, бірақ бұл тарихымызды бұрмалап немесе бар нәрсені жоққа шығарудың амалы емес.

Advertisements

«Прометей» қозғалысы

– Кеңес кезінде «Прометей» қозғалысы туралы ешқандай дерек тарих оқулықтары мен қоғамдық-саяси басылымдарға, ғылыми зерттеу кітаптарына жазылған жоқ. Сонда бұл біз естімеген қандай қозғалыс, оған кімдер қатысқан? «Прометей» діні бір, тілі ұқсас түркістандық ұлттардың қозғалысы ма?

– «Прометейге» Украина, Грузия, Кубань, Дон, Карелия, Қырым, Волга бойындағылар, солтүстік Кавказ бен Түркістан сияқты Ресей ұлттық автономияларының басшылары (бұрынғы Мемлекеттік Дума мүшелері), Еуропаға эмиграцияға кетуге мәжбүр болған рухы биік азаматтар кіреді. Бұл қозғалыс біртіндеп Мәскеуді құрсаулаған  қуатты насихат шеңберіне, аумағы үлкен большевиктерге қарсы блокқа айнала бастайды. Ондағы мақсат – орыстан басқа ұлттың бәрін еріксіз «орыс», «кеңес» халқы қылуға күш салып жатқан большевиктерді ұлттық республикалар құқын мойындауға, олардың өз тағдырларын өздеріне таңдатуға, диктатураны азайтуға мәжбүрлеу.

Сонымен қоса, осы қозғалыс езгіге ұшыраған бағынышты халықтарға саяси білім беру, олардың саяси көзқарастарын ояту, сондай-ақ, тоталитарлық құрылымдары күшейіп келе жатқан КСРО ұлттық саясатының жаулап алушылық пиғылын әшкерелеу жұмыстарын жүргізеді. «Прометей» қозғалысының бірнеше тілде шығатын мерзімдік басылымдары осыған жұмылды. Сталин ондай мықты қозғалыстың жұмысына көз жұма қарап, қол қусырып, үнсіз отырмасы түсінікті. Антибольшевиктік ұйым «Прометейге» қарсы Сталин үсті-үстіне саяси да, насихаттық та, қылмыстық та іс-әрекеттер ұйымдастырады. Мұстафа Шоқайдың көзін жою үшін жасалған алғашқы әрекет сәтсіз болғанымен, ақыры кеңес чекистері діттеген мақсаттарына жетеді, (бұны Ресей ғалымдары да растауда), 1941 жылы 22 желтоқсанда ол ауруханаға жедел жеткізіледі де, бес күннен соң қайтыс болады. Әлім Алмат аға (М.Шоқайдың архивін сақтаған Түркия азаматы) Түркияда алғаш жүздескенімде ол кісінің өлімі жайлы: «Мария Яковлевна (М.Шоқайдың жұбайы) ертелі-кеш Мұстафаның денесіне эксгумация жасатуды айтатын. Мария апай экспертиза у беріп өлтіргендікті айқын дәлелдеп беретініне кәміл сенетін», – деп әңгімелегені есімде. Өзі де «Шүпелі, чок шүпелі Мұстафа бейдің өлімі», – деп қайталай берген…

«Халықтар әкесі» Сталин өзінің қас жаулары – мықты саяси қарсыластарын өлтіртумен шектелмей, олардың аттарына өшпес күйе жағып, мәңгі бақи қаралау үшін ештеңеден тайынбайды. Олардың өмірбаяндық деректерін ондырмай өзгертетіні соншалықты, қолдан жасаған өтірік-жаланың тас-түйінін тарқату оңай шаруа емес еді. Саяси көсемдерін өз халқының алдында жексұрын қылу үшін оларды қаралайтын түрлі материалдар ұйымдастырып, оларды міндетті түрде оқулық кітаптарға, анықтамаларға, энциклопедияларға енгізу – Сталиннің бұлжымас қағидасы.

Осылайша жеке тұлғалардың қолдан қиюластырған өмірбаянын сипаттайтын тұтас кітаптар да шығарылатын. Оған дәлел – кеңестік арнаулы қызмет офицері Серік Шәкібаевтың «тек қана құжаттар негізінде» жазылған «Үлкен Түркістанның» күйреуі» кітабы, оны орыс тіліне Павел Косенко аударған.

Бақыт Садықова: «Осы жұрт Мұстафаны біле ме екен?…» атты материалдан үзінді

«Жұлдыз» журналы №5, 2010.

Смағұл Садуақасов – публицист (4)

Смағұл Садуақасұлының көсемсөздік сипаттағы «Қостанай-Торғай» атты жолжазбасы «Қызыл Қазақстан» журналында 1922 жылы жарық көрген. Онда: «Қазақ… Қазақты білесіз. Қазақтың қолынан не дәрмен келеді? Қойша айдаған жаққа жүре беру. Қырса, үндемей қойша қырыла беру. Біз – мал емес пе!»- деген сөзінен өрбітіп, Қостанай мысалында кеңестік билікке мойынсұнған қазақ жұртының ауыр халін, көнбістігін, пәсейген рухын сөз етеді. Отаршылдардың зымиян іс-әрекетін әшкерелейді. «Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепе-тең, құқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі орыстар… Істегендері зорлық-зомбылық, қиянат, қырып кету, жойып кету. Ел ішіне жақсылық сөзбен, таза пікірмен барған біреу жоқ»- дейді көсемсөзші.

С. Садуақасұлы жолжазбада қостанайлық оқыған азаматтардың (қазақ) неліктен елеусіз орындарда жұмыс істеп отырғанын да зерделеген. Оның пікірінше, қабілетті қазақтардың аяғынан шалып отырған – отаршылдар. «Колонизаторлардың әдісі жақсы-ақ! – дейді мысқылмен Смағұл. – Біреуді «жалқау» дейді, жалқау бола қалады. Екіншіні «контр» дейді, контр бола қалады! Өздері оңды, басқа жұрт жаман». Read more…

Смағұл Садуақасов – публицист (2)

С. Садуақасұлы бұл жылдары театрдың, әртістік кәсіптің, пьеса танудың әліпбиі іспеттес «Ұлт театры туралы» (1925), «Алғашқы тәжірибелер», «Баянды еңбек күтеміз», «Мәдениет тәрбиесі»(1923), «Ұлт театрына бір жыл» (1927), тағы осы секілді бірнеше мақала жазады. Нәтижесінде қайраткердің сөзі мен ісі биіктен табылып, үлгілі театр, талантты әртістер, ойлы көрермендер қалыптасты.

Жиырмасыншы жылдары қазақ қоғамындағы халықтың білім-ілімге деген сұранысы оқулықтардың, танымдық, ғылыми еңбектердің жазылуын тездетті. Бірақ оны жазатын маман қат еді. Осы орайда С. Садуақасұлының «Жастарға жаңа жол» (1924), «Кооперация һәм қазақ шаруасы» (1924), «Жастармен әңгіме» (1925) атты танымдық әрі ғылыми кітапшалары мен «Қазақстан» (1922), «Күнбатыс һәм Күншығыстың бостандық жолында күрестерінің тарихы» (1923), «Жаңа жұртшылық негізі – ғылым» (1925), т. б. ғылыми мақалалары замандастарының көңілінен шыққан.

«Көтеріл, жастар!» мақаласы «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы 13-қарашасында жарық көрген. Мұнда саясат пен ұлтшылдарымыздың аражігін ашып көрсетіп, мәселені келешек жастарға тірейді. Енді не істеу керек? Смағұл сары уайымшылдыққа салынбайды. Сол себепті төңкеріс тудырған дәуірден баз кешіп кетуді қаламайды. Оқығандар елден жырақтанса, мыңдаған халықты «саясатпаздар» құздан құлататынын Смағұл түсінеді. Ол: «Енді бізде кім бар? Алдымыздағы асқар таудай жүкті кім арқалайды? Ұлттың ісін, елдің жұмысын кім атқарады? Еңбекшілердің кім ақылшысы болып, кім оларға жолбасшылық етеді?» – деп қойған сұрағына өзі: «Жастар, жастар, жастар. Бұлардан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ» – деп жауап береді. Қаламгер аға толқын өкілі ақын Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген пікірін негіздей отырып, алдағы істердің жауапты екендігін қаперінен шығармайды. Мақаладағы «Бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, адамшылық, ұйымшылдық негізімен өзгерту, жаңа дүние орнату деген жеңіл жұмыс емес. Бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығарғанмен оңдалмайды. Бұған ақыл керек, білім керек, ақ жүрек, адал ниет керек» деген Смағұл ойы 20-жылдары аса көкейкесті, сындарлы естілгені анық. (Д. Қамзабекұлы. С. Садуақасұлы. Алматы. Қазақстан. 1996 жыл, 160 бет)

«Арқа ақпарат» сайты бойынша

Смағұл Садуақасов – публицист (1)

sadvokasovС. Садуақасұлы 1916 жылы Омбыда қайраткерлік мектеппен бірге қаламгерлік мектептің де табалдырығын аттады. Ол қаламын «Бірліктің», «Балапан» атты қолжазба журналдарында ұштады. Смағұл көсемсөздік пен жазушылық өнерді тынымсыз қайраткерлік қызметінің барысында меңгерді. 1918—1919 жылы Алаш Ордаға тыныс болған «Жас азамат»газетің,1920 жылы атын «Қазақстан» етіп, затын халықтық қылып өзгертпекке бел буған «Ұшқын» газетің, 1922 жылы Еуропа өркениетін уағыздаған «Өртең» газетін, қазақ жастарының «Жас қазақ» журналын шығаруға атсалысты. Мұнан бөлек ол 1920 жылы «Еңбекшіл жастар»(Омбы), «Кедей сөзі»(Омбы), «Еңбек туы» 1925-1926 жылы «Еңбекшіл қазақ», кейін «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналының (1924-1925 ж.ж. шығып тұрған) жауапты шығарушысы (редакторы) болды. (С. Садуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-т., Алматы, 2003, 9-бет)

Көтерген тақырыптарының ауқымы турасында: «Өмір үшін күресу» (1918), «Көтеріл, жастар!» (1920), «Өткен күндер һәм болашақ»(1922), «Шарт керек пе?»(1922), «Қостанай — Торғай»(1922), «Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір» (1924), «Қазіргі дәуір іс дәуірі» (1925), «О национальностях и националах»(1928) және тағы басқа толып жатқан мақалаларында қазақ қоғамының өтпелі дәуіріндегі қоғамдық-саяси ахуалдың қандайлығын һәм ел мен оның көсемдерін тығырыққа тіреген зәруліктерді шешудің амалдарын көрсетеді.

Өркениетті болуға талпынған елге қажетті шартты орындау ісінен күшін аяп қалмады. С. Садуақасұлы «Нужды аула» (1919), «Бірінші мақсаттарымыз»(1920), «Халық ағарту мәселелері»(1925), «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар» (1926), «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» (1927), т. б. мақалалары мен соңғы аталған кітабымен аттас кітапшасында елдегі оқу-ағарту зәрулігін сөз етеді. (Сонда 20-бет)

«Арқа ақпарат» сайты бойынша

«Ұлан» газеті

Шілде 11, 2009 28 пікір

1235390416Мектеп кезімізде көбіміз сүйіп оқитын «Ұлан» газеті тұңғыш рет «Пионер» деген атпен шыққан, кейін «Октябрь балалары», «Қазақстан пионері», 1990 жылы «Ұлан» атауын иеленді. Сол кезде ыдыраудың алдында тұрған Кеңес Одағында, соның ішінде біздің еліміздің де қоғамдық өмірінде әр түрлі өзгерістер бой көрсете бастаған еді. Пионер ұйымымен қатар басқа да балалар ұйымдары құрылып, жұмыс жасап жатты. Сондықтан да республикадағы жалғыз қазақ балалар газеті тек пионер ұйымының ғана органы боп қалуы мүмкін емес болатын.

Газет ешкімді ұйымға, топқа бөлместен еліміздегі кез-келген баланың мүддесін қорғап, шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың өмірлері мен үлгілі істерін көрсету мақсатында шығарылса керек.

Сол кезде газеттің редакторы Доскенов Ғалым бастаған редакция ұжымы тіл мамандарымен кеңесе келіп, республикалық  балалар газетіне «Ұлан» деген атау лайық деген шешімге келген болатын. Өйткені тілін қастерлеген халқымыз: бабасына түсімен ғана емес, ісімен, ақыл, қайратымен тартып туған ұрпағын, баламын деп жасымай, тезірек ер жетуге, ел көсегесін көгертуге құлшынған ұрпағын, болашағын үміт артқан ұрпағын ұлан дер еді.

Газеттің қазіргі бас редакторы, жаңылмасам, Сұлтан Қалиұлы.

Нығмет Нұрмақов хақында (Кіріспе)

Маусым 23, 2009 8 пікір

01Нығмет Нұрмақов туған халқына істеген қызметінің үлкен бір арнасы – қазақ баспасөзін қалыптастыруға ықпал етуі еді. Ол өзі аяғынан қаз тұрғызған қазақтың кеңес дәуіріндегі «Тіршілік», «Қазақ тілі», «Қызыл Қазақстан» басылымдары   арқылы ұлттық баспасөздің негізін салды. Солар шынайы жалпыұлттық саяси-қоғамдық мерзімді басылымдыр болды. Өз кезінде олардың әрқайсысы қазақ өміріне қатысты мәселелерге ой жіберіп, көзқарасын, бағыт-бағдарын үнемі білдіріп отырды. Қазақ зиялылыарының саяси орталықтары ретінде бүкіл саяси-әлеуметтік іс-әрекеттердің ұйымдастырушысы да бола білді. Бұларды қара қазақтың түгелге жуығы оқыды.

Солардың күш-жігері, қайраты мен табандылығының арқасында дүниеге келген біздің қазақ қоғамындағы демократиялық түсінік ұзақ жылдар бойы орынсыз саяси тоқпаққа ұрынып келді. Ақ-қараны айыртпас осы бір солақай саясат дегенініе жетіп, жоғарыда аттары аталған зиялы қауым қатарын «халық жаулары» деген атпен қырғынға ұшыратты. Бар жазғандары ұлтымыздың шерлі кезеңінің шежірешілеріне айналғандығы ма? Бірақ, араға 70 астам уақыт салып олардың есімі қайта жаңғырды, саяси-азаматтық тұрғыдан ақталынып алынды, шығармаларын көпшілікке тарату жұмыстары жүргізілуде. Тарих халқымызды өзінің өр тұлғалы ұлдарымен қайта қауыштыруда.

Нығмет Нұрмақовтың қаламгер-публицистік, қайраткерлік істері өз заманында-ақ аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдарының да берген тарихи тұжырымдары ерекше. Оның шығармаларының қай-қайсысы болсын тұнып тұрған публицистика. Білім алған ошақтарынан бастап, қызмет еткен ортасы, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарын саралайтын болсақ оның публицистік қыры одан әрі тереңдей ашыла түсері анық.

Бостандық пен азаттықты аңсаған, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қыран ойлы қазақ зиялыларының арасынан осы Нығмет Нұрмақовтың да тұлғасы қатар көрінетіндігі сөзсіз.

жалғасы бар