Archive

Posts Tagged ‘эссе’

Эссе жайында

Қараша 16, 2007 4 пікір


ҚарМУ Филология факультеті журналистика бөлімінің 4-курс студенті
Сембекова Әлия Қарағанды қаласы
Данная статья рассказывает о художественно-публицистическом жанре эссе, о его истории, основной функции и роли в мировой литературе и в частности в журналистике.

Эссе – ақиқат ұлылығы.

Әдебиет-керемет қоғамдық күш.
Д.И. Писарев

  Әдебиет халықтың кешегі өмірін, бүгінгі тынысын кестелеу арқылы белгілі бір кезеңдердің көркем шындығын көрсетеді. Қай елдің әдебиетінде болса да көркем шығармашылықтың құнды жанры ретінде эссе туындап жатады. Әр жанрдың өз ерекшелігі мен өзіндік табиғаты бар. Әдетте бір жанрға қойылатын талапты екінші жанрдың табиғаты көтере алмайды. Вольтер:«Жалықтырып жіберетін жанрдан басқасы бәрі жақсы»-деген. Шынымен де, қызықсыз жанр болмайды, бұл тікелей жазушының көзқарасына, идеясына, бейнелеу, жеткізу әдісіне байланысты дүние.
З. Қабдолов: « Жанр-даму үстіндегі ұғым. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанр олардың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді. Мұндай ерекшеліктер, бір жағынан, әр әдебиеттің ұлттық сыр-сипатымен тығыз байланысты болса, екінші жағынан, әр жазушының әлеуметтік орта мен әдеби процесстегі атқарар роліне, алар орнына байланысты.»(1/360) Жанрлардың ішіндегі қандай құбылыстар болмасын белгілі бір стильдік, көркемдік мақсатта жұмсалып, көркем шығармалардың ішінде айрықша қызметке ие болып тұрған жанрлардың бірі – эссе жанры.
Эссе жанры – тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше талғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлсек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философиялық, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры. Әдебиеттегі эссе-соны пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманды ой теңізінде жүздіретін таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлемнің азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдаумен ерекшеленетін көркем туынды. Эссе табиғаты сыршыл сезімге, тіл бояуларының айрықша салтанатына, әшекейлі композицияға құрылады. Өзгеше бітімді бұл өнер туындысында эссеист интелектуалдық байлығын, өмір саяхатындағы көрген-білгенін, сезінген-түйгенін тәжірибелерін жомарттықпен жайып салады. Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән.(2/378) «Эссе» сөзі француз тілінен аударғанда тәжірибе, шығарма, мүмкіншілік деген бірнеше мағына береді. Бұл жанрдың негізін салушы француз ойшылы Мишель Монтень («Опыты», 1580-1588 г.г.) Н.Л. Лейдерман, Л.В. Куприяновский, З.И. Кирнозе, Г.М. Цвайг сияқты зерттеушілер бұл жанрды автобиография, биография, күнделік, мемуарлар, очерк, эпистолярлық әдебиет, құжаттық драма және т.б. қатарына жатқызады. Осы жанрлар кейінгі антика дәуіріндегі өнер түрімен ұқсас болып келеді, ал тарихы көркем-құжаттық әдебиет ғылымға талпыну мен адамды, қоғамды, тарихты көркемдік жағынан зерттеу кезі – Қайта өрлеу дәуірінде бастау алады. ХХ ғасырда «фактілік әдебиет» туралы Иржи Гаек былай деп жазады: «Репортаждар, лирикалық, поэтикалық эсселер, биографиялық новеллалар-бұлардың барлығы дерлік «сюжеті жоқ», «перифериялық» жанрлар және қазіргі таңда олардың ролі өте зор. Олар әдебиеттің маңызды және ажыратылмас бөлшегіне айналды.» З.И. Кирнозе бұл феноменді ХХ ғасырдағы романның құлдырауымен байланыстырады.(3/1) Бүгінде эссе жанры жаңа рөлге ие, маңызды функция атқарады, нақты айтатын болсақ, Республика деңгейінде өтетін кейбір шығарма бәйгелері осы жанрда ұсынылып жарияланады, бұның себебі-эссе жанры жеке тұлға тарапынан баяндалатын хабарламаны талап етеді.
Соңғы жылдары эссе жанры баспасөз беттерінен қайта көріне бастады. Бұның себебі – эссенің газет беттеріне қайталамас реңк, ерекшелік әкелуінде. Қазіргі заманғы эссенің негізі – қоғамдық өмірдің әр саласындағы құбылыстарынан пайда болған «теория», анықталған концепцияны ерекше бейнелеу мен жеткізуде жатыр. Эссеистың ойлау деңгейі «глобальдылық». «Глобальды» деңгейде ойланудың маңыздылығы ең алдымен адамдардың күнделікті өмірде негізгі мәселелердің ішінде көкейкесті, өтпелі кезеңдерді анық байқауға көмектеседі.
Журналист Жидегүл Әбдіжәділқызының айтуынша: «Эссе-журналистің адамгершілік көзқарасын танытатын, авторлық позициясын айқындайтын, кәсіби деңгейін аңғартатын, қалың бұқараның санасына тікелей ықпал
етіп, сол арқылы қоғамдық пікір тудыратын жанр». (4/7) Яғни, журналистік тұрғыдан қарастыратын болсақ, өте тиімді, әрі журналистік функцияны атқаруға мүмкіндік жасайтын жанрлардың бірі. Өкінішке орай, кейбір эссе жазушылары оның негізгі қисынын, жанрлық ерекшелігін, құрылымдық сипатын біле бермейді, көбінесе , ойша болжаммен жазады. Себебі, олар бұл жанрдың тарихынан, мән-мазмұнынан бейхабар. А.А. Тертычный қазіргі баспасөздегі эссенің бірнеше түрлерін қарастырады, біз солардың ішіндегі ең көп таралған 4 түріне тоқталайық:
Публицистикалық эссе. Бұндай эссенің ерекшелігі күн тәртібіндегі, аудиторияны қызықтыратын мәселелерді қозғауында (мысалы өлім жазасына мораторий жариялау, терроризм т.с.с.).
Әдеби-сын эссе. Бұл әдеби шығармалар жайында жалпы ой-толғаныстар. Әдеби-сын эссенің рецензиядан айырмашылығы-эсседе шығарма детальды түрде талданбайды. Эссеист әдеби шығарманың жалпы заңдылықтарын көрсетуге тырысады, нақты шығарма арқылы өз пікірін білдіреді, идеясын өрбітеді.
Философиялық эссе. Автор эссенің бұл түрінде көбіне болмыстың жалпы мәселелерін, оның қоғамға, жеке адамға әсері туралы сөз қозғайды. Материя және рух, өмір және өлім, олардың бірлігі мен күресі-авторды толғандыратын тақырыптар осы.
Ғылыми эссе. Бұл эсселер жалпы ғылыми мәселелерге байланысты болып келеді. Техникалық жетістіктер, өркениет тағдыры, техника мен адам арасындағы қақтығыстар, ғылымның ізгіліктендірілу жолындағы әдістер мен мақсаттар және т.б. (5/217)
Эссе автордан логикалық жағынан жүйелі ақпаратты талап етеді. Эссеист өзінің ой-толғанысында бір немесе бірнеше пікірді жақтайды немесе оларға қарсы шығады. Автор өз ойын факт пен логикалық негіздеу арқылы дәлелдеп қана қоймай, бұл ақпаратты аудиторияға түсінікті түрде жеткізу керек. Мысалы Қазақстан жазушысы Марат Қабанбайдың «Қазақ қайда барасың?» атты шығармалар жинағында : «Қазақ тілі, ділі, діні жүретін аумақтар Арал теңізіндей тартылып барады.» деген үзіндінің өзінде «Ханнан да, қарадан да биік ана тіліміздің күні не болады?» атты эссенің тақырыбын толық ашу үшін оқырманға түсінікті, әрі актуалды теңеу қолданады. (6/19) Мәтін хронологиялық тәртіпке келтіріліп, бірден түсінуге қиын ой-пікірлер мысал келтіру арқылы, ал соңында ойды қорытып, түйіндеп жазылған эссені эссе деп атауға болады. Бұл жанрға арналып жазылған ағылшын, француз, американ әдеби теориялық шығармаларда ХХ – ғасырдағы эссеның «көкейкестігі», «өміршеңдігі» туралы көп айтылады. Дональд Друэрри өзінің «Varieties Of The Essay» еңбегінде эссенің әдебиет формасының шегінен асып, мерзімді баспасөз, баспадан жаңа шыққан кітап сияқты өте маңызды екенін жазады. Телевидение мен радионың өзінде эссе жанрдағы материалдар жиі дайындалынады.
Ағылшын ғылымдары Роберт Скулз бен Карл Клаустың еңбектерінде эссе Платонның «ақиқат ұлылығымен» байланысып қарастырылады, ал бұндағы жанрдың негізігі функциясы – «сендіру»(«persuasion»).(3/3) Эсседегі бізбен ой бөліскен адам бізді өзінің көзқарасының дұрыстығына сендіреді, әрі оқырман эссеге көз жүгірткенде, білімі терең, дүниетаным деңгейінің көкжиегі кең, өресі биік, аз сөзбен көп мағынаны қамти алатын, өмір, қоғам, тіршілік туралы өз тарапынан ой қоса алатындай болуы тиіс. Мысалы Қазақстан әдеби сыншысы, журналист Амангелді Кеңшілікұлының «Гогольдың өлімі атты» шығармасында: «Өмірінің соңында жазған Гогольдің «Жазушының жан азасы» еңбегін оқыған сайын өмір дегеніміздің адам мен сайтанның арпалысы екендігіне көзім жете түскендей болады. Сол сайтанды жеңу-халықтың ар-ұятының өлшеміне ғана байланысты….Менің ойымша, өз халқының келешегі үшін шын жаны ашитын жазушы оны өтірік мақтап емес, Гоголь сияқты ашына сүю керек, ашына!»(7/8)
Г. Марсель, П. Телар де Шарден, С. Вейля, М. Мерле-Понти және т.б. философтардың эссе жанрындағы шығармаларында француз менталитетінің ерекшеліктері ішінде философиялық және көркем өнер саладағы ойлардың туыстығын анық көрсете білген. ХХ ғасырдағы эссеист, «сын метафизигі» М. Бланшо өзінің әдеби-сын эсселерімен танымал болған. Ол «Әдеби кеңістік» атты эссесінде философия мен әдебиеттің жақындастығын дәлелдеу үшін Новалистің: «Біз бүкіл Ғаламшарға саяхат жасауды армандаймыз, сонда әлемнің өзі бізде емес пе?» деген сөзін қолданады.
Сонымен, эссе ғылыммен, публицистикамен және көркем әдебиетпен байланысты, дегенмен олардың ешқайсысына да тікелей қатысы жоқ жанр. Эссе көбінде «сараптамалық әдебиетке» жақын болып келетін және философия, әдебиет, саясат, сын, өнеге, эстетика, идеологияны объект ретінде қолданып, соларды сараптайтын жанр. Эссе үшін ең маңызды факторлар: өзектілілік, экспрессивтілік және бейнелілік. Жалпы сәтті жазылған эсселердің авторлары философтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, өнер зерттеушілері, жеке салада хабардар журналистер бола алатынына өмірдің өзі дәлелдеп жүр, демек эссе жанры автордың интеллектуалдық байлығына, өмірден білген, көрген, сезінген, түйгенін халыққа жеткізу стилінің өзіндік ерекшелігіне байланысты деген қорытындыға келуге болады.

Әдебиеттер

1. Қабдолов З. Сөз өнері.-Алматы: Санат, 2002.
2. Әдебиеттану терминдер сөздігі (Құрастырушылар:З.Ахметов,
Т.Шаңбаев) Алматы: Ана тілі,1998.
3. Т.Ю. Лямзина Жанр эссе (К проблеме формирования теории) интернеттен
4. Журналист газеті №9(34) қыркүйек 2005
5. Тертычный А.А. Жанры периодической печати. М.:Аспект Пресс,2002
6. Қабанбай Марат Қазақ, қайда барасың? Алматы Қазақстан 1995
7. Жас қазақ газеті, №3(55) 27 қаңтар 2006

Санаттары:публицистика Кілтсөздері: