Мұрағат
2 жасқа толдық
1 қараша – блогымның туған күні! 🙂 Осы екі жылдың ішінде блогымның арқасында сіздермен таныстым, ақпаратпен бөлістім, қызықты пікірлеріңізбен, көзқарастарыңызбен таныс болдым! Сіздер сияқты оқырмандардың бар болуы блогтың дамуына, жаңаруына әр кез оң әсер етеді! Сол үшін сіздерге алғысымды білдіргім келеді!
Төменде 2 жылдық статистика 🙂
Аймақтық журналистика блогшылар қолында
Өзінің сапалы жаңалықтарымен танымал британдық The Guardian газеті аймақтағы жаңалықтарды жариялау үшін жұмысқа блогшыларды алатын болды. Олардың жазбаларына қаламақы да төленеді (әрине, кәсіби тілшілерге қарағанда азырақ). Осылайша газет дағдарыс кезінде қаражат мәселесін шешіп, аймақтағы биліктің жұмысын назарға алмақшы.
Британдық газет елдің аймақтарына белсенді экспансия бастамақшы. Аймақтарда брендті көпшілікке тарату мақсатында Guardian Local тәжірибелік жобасы басталады. Басылымның басшылығы өз аймақтың жаңалықтарын жақсы білетіндер – желілік жазушылар деп әділ байқаған болатын, сонымен қатар, әр аймақта тілшілерді жұмысқа алғанша, блогшыларды алу қаражат жағынан тиімді.
«Бұл жоба — біздің эксперимент, біз жергілікті телеарналардың бағыты бойынша жұмыс жасауға кірісеміз. Әзірге саяси салада белсенділік танытып отырған үш қалаға тоқталдық және бұл жобаны 2010 жылы бастайтын боламыз», — деп әңгімелейді Guardian News & Media сандық контентті дамыту бөлімінің директоры Эмили Белл. Local Сара жобасының редакторы Хартли: «Біз аймақтағы жаңалықтарды сараптаған кезде жергілікті веб-сайттар мен блогтардағы ақпараттың кеңдігі мен тереңдігіне таң қалдық. Жергілікті жаңалықтарды сол жердің өзінен көрсету — журналистиканың жаңа тренді және ол шын мәнінде не болып жатқанды түсінуге көмектеседі», — деп қосады.
Ақпаратпен «ЧасКор» сайтында толығырақ танысуға болады.
Бірнеше блогты басқару жайында
Бірнеше блогты жүргізетін блогшылар аз емес. Бұл блогшының блогингке арнайтын уақытымен байланысты. Бірнеше блогтарды басқаратын болсаңыз, міндеттер де көбейеді. Оқырманмен байланыс, модерация, алға қадамдар жасау, тақырыптарды іздеу… Осының бәрін қалай бақылауға болады?
1. Жоспар құрыңыз.
Бір аптаға, екі аптаға немесе бір айға келешекте не жасайтыныңыз жайында жоспар құрыңыз. Идеяларыңызды жазып қойып, оларды үнемі көз алдыңызда ұстаңыз. Кейде тамаша идеялар ұйықтар алдында не көшеде серуендеп жүргенде келуі мүмкін, сол себепті қойын дәптеріңіз әрдайым өзіңізбен бірге болсын. Қолыңыз бос болған күндеріңізді пікірлер мен жаңа қызықты блогтарға жұмсаңыз. Әр блогыңызға жазба дайындау кестесін құрастырыңыз. Мысалы, жаңа блог үшін – аптасына 5 жазба, танымал блогыңыз үшін – аптасына үш жазба деген сияқты. Жазбаның дәл қай күні шығатынын анықтаңыз.
2. Уақытты үнемдеу
Өзіңіздің көбірек белсенділік таныту уақытын білсеңіз, яғни шығармашылық пен физикалық күшіңіз артқан кезде, жаңа идеяларыңызды жүзеге асырыңыз, ал басқа уақытты почта мен блогтардағы пікірлерге бөлуге болады.
3. «Әр блог маңызды» ережесі
Бірнеше блог жүргізген кезде кейбір блогтарымызды негізгі еместерге жатқыза бастаймыз. Оларды анда-санда жаңартамыз, қызықсыз, мағынасыз жазбалар жариялаймыз. Сондықтан да мынадай ережені ұмытпау қажет: саны көп, сапасы аздан гөрі, аз болса да, сапалы ақпарат жариялаған дұрыс. Блогшының мәртебесі блогтардың санымен емес, қызықтылығымен, пайдалылығымен өлшенеді.
4. Тайм-менеджмент
Уақытты үнемдеу және оны дұрыс қолдану үшін тайм-менеджмент қажет. Тайм-хактарды анықтап алыңыз, уақытты бағалай біліңіз. Мысалы, әлеуметтік желілер мен ридер/RSS-ке бірдей уақыт бөлесіз бе, ал блогыңызға ше, т.с.с.
Сонымен қатар, бір нәрсеге үйренудің бір тамаша әдісі – осыны басқаларға үйрету. Мүмкін, сіздің келесі блогыңыз тайм-менеджментке арналмақ.
Толығырақ мына немесе мына жерде
Блогосфера тынысы
Блогосферадағы соңғы жаңалықтарға назар аударайық:
1. Linux туралы қазақ тіліндегі алғашқы блог. Қазақша Linux (Линукс), орнату, баптау, қолдану кеңестері. Сонымен қатар, осы блогтан қазақша Mozilla Firefox браузерін жүктеп алуға болады. ИТ саласына қатысты қажет ақпарат осы блогта жоқ емес.
2. Жаңа подкастшы және жаңа үнхабар пайда болды. Оны Сіздер мүмкін тыңдап үлгерген де шығарсыздар. Естімесеңіз, міне. Ansar-ға тілейтініміз: жаңа үнхабарлар қызықты, әрі жиі болып шықсын.
3. Микроблогингтің соңғы жаңалықтарын хабарлап отыратын блог бар екенін естіген шығарсыздар. Микроблогинг өміріне қатысты өзгерістер, жаңалықтар, жаңа мүмкіндіктер т.б.
4. Your vision блог-тұғырнамасы 1 ай бұрын интерфейсін қазақ тіліне аударды. Енді қазақ тілді блогшыларға осы тұғырнамада блог жүргізуге еш кедергі жоқ. Your vision тек қана блог-тұғырнама емес, сонымен қатар, әлеуметтік желі; Сіз бірлестік құрып, немесе дайын бірлестікке кіріп, тақырыпқа сай жазба жаза аласыз және осы жазбаны(пікірлерді де) басқалар бағалай алады. Тұғырнамадағы басқалардың блогтарында жаңа жазбалар жайында хабардар болып, достар қатарына ұнаған блогшыны қосуға болады. Жеке блог жүргізесіз бе, әлде анда-санда бірлестікке де жазып тұрасыз ба, бұл сіздің еркіңізде.
Жаңа идеялардың 15 қайнар көзі
Егер адам шығармашылықпен тікелей байланысты болса (осы орайда, жазушылар, ақындар жайында айтқым келеді), ерте ме кеш шығармашылық дағдарысқа ұшырасады. Ал блогшылар/копирайтерлер ше? Идея немесе шабыт жоқ, не жазарымды білмеймін, жаңа тақырып таба алмадым, – деген сияқты сөздер сізге бөтен болмаса, осы жазбаны әрі қарай оқуға шақырамын.
Dumblittleman сайтында “15 Ways To Break Writer’s Block ” осындай бірнеше кеңес бар:
Сіздің компьютеріңіз
Иә, дәл солай. Компьютеріңіз сіздің оффлайнға шығуыңызды күтуде. Онда неше түрлі идеяға итермелейтін материалдар бар.
Bookmarks (орысшасы закладки, ал қазақшасын білесіз бе?)
Сізді қызықтырған сайттар, материалдар жоғалып кетпес үшін, оларды сақтайсыз. Осылайша ұзыннан ұзақ ерекшелеп қойған сайтардың тізімі жиналады. Бірақ оларға екінші рет кіретініңіз екі талай. Осылайша, жаңа идеяларыңыз болмаса, браузердегі bookmarks-ты (аудармасын тағы сұраймын) қарап шығыңыз.
Әлеуметтік желілер мен БАҚ
Сіз интернетте ақпаратты іздейсіз, қазбалап, суырып алуды жақсы көретін болсаңыз, бұрын тауып алған материалды қайта тексеріп шығуға уақыт келді. Материалға үңіліп қараңыз, шын мәнісінде, тереңдеп қарайтын болсаңыз, онда «пайдалы қазбаларды» тауып алуға болады.
RSS оқырмандары
Google оқырманы шабыт қайнар көзіне айналуы мүмкін. RSS – ке жазылып, біраз ақпаратқа ие болуға асығыңыз.
Газет – журналдар
Күнделікті газеттер мен журналдар – идеялардың сарқылмайтын қайнар көзі. Компьютерсіз-ақ ақпарат тауып алуға көріңізші..
Пікірлер
Оқырман пікірлері – шабыттың тағы бір қайнар көзі болуы әбден мүмкін. Кейбір оқырмандар пікірге блогыңыз үшін жаңа идея тастап кеткен де шығар…
Flickr және YouTube
Flickr, YouTube және бақа да сайттар әртүрлі суреттер мен видеоларға бай, олар да жаңа идеяға итермелейді. Кейбір видеороликтар мен суреттер жұмыстағы жаңа материалға шабыттандыруы мүмкін
Кітаптар
Бұл идея үшін ең жеңіл тәсіл. Кітап сөресін шаңнан сүртіп, оқи бастаңыз
Чат және Twitter
Диалог/әңгімелесу – идеяларды әкеледі. Мүмкін, достарыңызбен әңгімелескен кезде олардан кеңес сұрап көрсеңіз? Ақпаратпен алмасудың ең ыңғайлы түрі: чат, Twitter, телефон.
Ескі электронды хаттар
Gmail бізге біраз ақпарат сақтауға мүмкіндік беретіндіктен, ескі хаттарды өшірмейтін шығарсыз. Баяғыда келген хаттарды оқып шығыңыз, ол дәстүрлі емес ақпарат қайнар көзіне айналып, шығармашылық дағдарыс кезінде көмекке келуі мүмкін.
Телевидение
Әлемтор өміріңізге келгеннен кейін, бұрынғы досыңыз – телевидениены ұмытып кеткенге ұқсайсыз. Бірақ бұл да материалдардың зор ресурсы. Сондағы бейне әріқарай материалыңыз ретінде жалғасын тауып алуы ықтимал.
Форумдар
Форумдағы пікірлесулерге қатысыңыз, әсіресе олар қызметіңізбен тікелей байланысты болса. Бұл да идеяларды әкелетін орынға айналуы мүмкін.
Үнхабарлар
Үнхабар тыңдаңыздар. Жұмыстан шаршап, ойлануға мұршаңыз келмесе, үнхабар жаңа идея әкелуі мүмкін.
Қоршаған орта
Қоршаған орта да шабыт сыйлауы мүмкін. Жұмыс үстеліңізді тазалап, бөлмені реттеңіз. Осыны істеп жатқанда да, идея келуі мүмкін.
Миға шабуыл және ойлардың картографиясы
Ұйымдасып, «миға шабуыл»(brain storm) немесе ойлардың картографиясын жасап, жаңа идеяларды тудыра аласыз. Бұрын өзіңіз жазған жазбаларды қарап шығыңыз. Оларды басқа біреумен талқылаңыз, мүмкін жаңа көзқарасқа тап боласыз.
Біз қайдамыз, олар қайда?
Қазақстан Бүгін: 13:04 29.04.2009
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Республикада интернет-технологияларды дамытудың қазіргі деңгейіне заңнаманы сәйкес келтіру мақсатында заң жобасында негізгі ұғымдарды анықтайтын ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректерді берудің үдерісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін ережелерді және қолданыстағы заңнамада бекітіп беру ұсынылады. Мысалы, қолданыстағы «веб-сайт» ұғымы порталдар, форумдар, блогтар, интернет – теледидар және басқа технологиялар көмегімен интернет желісінде ақпаратты орналастыруды қамтымайды. Сондықтан осы заң жобасында кең ауқымды «веб-сайт» ұғымын «интернет-ресурс» ұғымына ауыстыру көзделген.
Осы іс-шараларды іске асыру мақсаттарында сотқа міндетті түрде талапты енгізумен, прокурорға мүмкіндік беретін (бұқаралық ақпарат құралының өнімдерін) ақпараттың жариялануын тоқтату туралы қаулының нормасын «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы заңына енгізу ұсынылған.
Интернет желісінің қазақстандық сегментінде орналасқан сайттарға қатысты істерді қарау іс-жүргізудің талабының тәртібінде жүзеге асырылатын болады.
Толығымен мына жерде
Заң күшке енетін болса, Қазақстан территориясында әр блог/сайт БАҚ болып саналады (ал әр блогшы – журналист?), веб-ресурстар тіркелуден өтуге тиісті, ал еліміздің соты шетелдік веб-сайттарға кіру жолдарын жауып тастауға құқылы болады. KZ зонасындағы веб-жобалар күрт азайып, нарықта Қазнеттің бәсекелестігі аңызға айналмақ.
Жоғарыдағылар «қажетсіз» сайт пен блогтарға бан қойып, әуреленбейді, енді бәрі ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ болмақ! Осыған қарап, Біз (блогшы/юзер/ азаматтар/ журналистер) және Олардың арасында қаншалықты алшақтық бар екеніне көзіміз жетті. Бұл алшақтық барда ешкім де ұтпайтыны анық!
Қазнеттің белсенді қолданушыларын өздерінің бұл заңға қарсы екенін көрсету үшін 13 мамыр 2009 ж сағат 15 пен 16 аралығында ( Астана уақыты) Қазақстанның интернет кеңістігіне шықпауға шақырады. «Бұл рәсім арқылы Заң қабылдана қалған жағдайда Қазнеттің қандай күйге түсетінін көрсеткіміз келеді» дейді.
P.S. суретте соқыр Фемида
Соңғы пікірлер