Archive

Archive for the ‘Негізгі ақпараттан тыс’ Category

202-бет

Қаңтар 21, 2011 2 пікір

…заң — бұл былтырғы жылы балаға сатып алынған шалбар, ал бізде болса — қашан болса да биылғы жыл, содан шалбар тігіс жағынан сөгіліп, тобығы көрініп тұрады. Заң өсіп келе жатқан адам үшін әрқашан тар әрі қысқа болмақ. Басында бір нәрсе жасап, кейін оған лайықты заң ойлап шығарсаң, жақсы; бұл заң кітапқа енгенше, саған жаңа заң қажет. Жасағанымның жартысы штаттың конституциясында анық жазылған деп ойлайсыз ба?

Robert Penn Warren «All the King’s Men»


Санаттары:Негізгі ақпараттан тыс Кілтсөздері:

Чехов және Айқындық Капитандары

Қазан 28, 2010 2 пікір

Ұлы драматург биыл 150-ге толды. Бұл датаға орай мемлекеттік театрлар Антон Палычтың пьесаларын қоюға міндет көріп, «Шие бағы», «Шағала», «Үш апалы-сіңлілі» сынды қойылымдарды ұсынды.

Біздегі – «Шағала». Сюжетте әзіл болмаса да, автор оны комедия деп атаған, неге десеңіз, Чеховтың өзінен сұраңыз, ал біздікі тек болжау. Надандық, ақымақтық, маңғаздану мен жауапсыз махаббат, адасқан жандардың зары, суицид. Былай қарасаңыз, комедия ондай элементтерден тұрмайтын секілді. Трагедияның өзі – өкініш, аяныш пен ыза емес пе? Соған қарамастан, күзгі күндей жабырқаған, бақытқа орын таба алмаған комедия ғана нағыз үмітті сыйлай алады, – деп баяғы заманда, Чеховтан бұрын басқа драматургтар айтып өткен болатын. Ал орыс классигінің өзі бұл пьесадағы кейіпкерлерге аяушылық білдірместен, шымылдықтың әр жағынан оларға күліп тұрғандай. Зілсіз. Жай ғана амалсыз күлкі. Бірақ мәселе жанр таңдауда емес, сахнадағы қойылымда. Әбігершілік пен қарбаласты көре тұра, нақты бағыты бар қозғалыстың жоқтығын елестетіп көріңізші. Бұл динамикалық схеманың әлсіздігі ме, әлде акценттердің дұрыс қойылмауы ма – айта алмаймын. Тек бұндай театр қай драматургтың пьесасын сахналаса да, Шоу не болмаса Ибсен, Шекспир не Беккетті сөйлете алмайды деп қорқамын. Себебі онда атам заманнан аманат қылып сақтаған шаблондарға тиісуге болмайды! Осы жолы да: мыналар Оразбековтың «Бір түп алма ағашындағы» Read more…

«Намыссыздарды, ұяты жоқтарды аяймын»

Қыркүйек 26, 2010 6 пікір

Маржан Ершуға Болат Атабаев берген сұхбаттан үзінді:

Біздің көрермен туралы

– Өзіңіз де  Германияға барып,  сондағы неміс театрында режиссерлік  қызметте болып қайттыңыз. Немістерді таңғалдырдыңыз ба?

– Немістер таңғалмайды. Олар есекарба сияқты жұмыс істегенді ғана біледі. Маған сын көзбен қарады. «Осы қазақтың қолынан  не келеді дейсің» деп күмәндана қарады. Өнер жолы – қиын жол. Мақтаншақтар мен қуыскеуделерді уақыты келгенде  жағалауға лақтырып кетеді. Батыста өнерге, өнер адамдарына еркіндік берілген. Сегіз-он сағат  жан қинап жұмыс істейді. Қалған уақытында бос. Кітап оқиды ма, демалады ма өз еркі. Еңбекақы келісім-шарт бойынша төленеді.  Бір спектакль  бір ай ғана сахналануы мүмкін. Тіпті одан аз уақыт. Сұранысқа сай болмаса, ығысып  түсе береді. Олар спектакльді түсінбесе, екі-үш мәрте,  тіпті одан да көп мәрте келіп көре береді. Демек, көруге тұрарлық   деген сөз. Ал бізде ше? Сұмдық түсініксіз дейді де, орнынан тұрып жүре береді. Яғни, көрермен ойланбайды немесе ойлануға ерінеді. Оларға жалт-жұлт еткен жарық шам,  тарсылдаған музыка түсінікті. Германияда бірнеше спектакль қойдым. Ол елге таңғалдыру үшін емес, өзім  бірдеңе үйрену үшін, көру үшін, таңырқау үшін бардым. Бізде эмоцияға көп мән берілсе, батыста  басқа рационға назар аударылады. Бізде сахнаға шыққан қойылымнан тек қана тәрбиелік  жағын іздейді. Өнердің эстетикалық, танымдық, ақпараттық, мифтік  жағын да танып түсіну бар емес пе?!

«Бекежан  – қара күш, Төлеген – демократия, Жібек – халық»

– Қазақ көрермендері сәбилік-санада қалып барады дегеніңіз бе бұл..

– Драма  – тартыс. Драмада ақ, қара, басқа да түстер бар. Менің түсінуімше, бұл ел ақ пен қарадан басқа түсті көргісі келмейді. Немесе көруге дағдыланбаған. Көргіш көз, сезгіш жүрек  болмаса,  өнер  тұл. Тек ақшамен, атақ, сыйлық  берумен  мәселе шешілмейді. Мысалы, «Қарагөзді» қойғанымда, мынадай шешім жасадым: Сүйгеніне қосыла алмай арманда  кеткен Қарагөз сұлуды  табалдырықтың астына тастадым. Қарагөздің асына келгендер оның мүрдесін аттап өтіп, сапырып қымыз ішіп, саңқылдап күліп әңгіме соғып отырады.  Трагедия ма, трагедия!  Мұны көргендер  маған қарсы сын айтты.  Бұлай ету дұрыс емес десті. Мен Қарагөздің трагедиясын өзімше көргім, көрсеткім  келген шығар. Сол тұста Әбіш Кекілбаевтың маған «Ішіндегі құндылығы бар інген оқыс қимыл жасамас болар» деп айтқаны бар. «Қыз Жібекті» қойдым. «Қыз Жібек»  қай кезде де өзекті тақырып. Менің тануымда: Бекежан  – қара күш, Төлеген – демократия, Жібек – халық. Бұл қойылым брейк биімен өрнектелді. Қимыл-қозғалыс, мимика би тіліне көшті. Төлеген аспанға көтеріліп, Жібек сызылған құстың қанатындай көрініс береді. Шешімінде Бекежан  көзі ашық, суға батпай  тұрып қалады. Бұл «жер бетінде  зұлымдық  жерленбейді»  дегенді білдіреді. Қойылымның сахналық киімдері қарапайым, алкызыл ашық түстерден тұрады. Бұл – жастықтың түсі. Бұл қойылымды қайтадан сахналасам, мүмкін тағы да өзгерістер  енгізетін шығармын. Тап осылай қойылды. Өнерде осылай қалуы  керек деген қатып қалған  қағида  жоқ  қой.  Өнер үнемі дамып, жетіліп отырады емес пе?! «Абайды» қойғанымда  сахнаға үш Абай шығардым. Көтерісшіл Абай, Философ Абай, Жас Абай. Философ Абай  ақыл-ойымен алға шығады. Жүрегімізбен сүйетініміз де осы Абай емес пе?!

Қыз Жібек«Қыз Жібек»

Шиллердің "Зұлымдық пен махаббаты"Шиллердің «Махаббат пен зұлымдығы»

Травиата

Қыркүйек 8, 2010 Пікір қалдыру

Бейшара жандар! Оларды сүйе алмасаң да, аяуға болады. Сіз күннің сәулесін көре алмаған соқырды, жан дауысын жеткізе алмаған керең адамды аяйсыз, бірақ ұят болады-ау деген сезіммен, жүректің соқырлығы, жанның кереңдігі, ұяттың мылқаулығы үшін, және оның үстіне, еріксіз жақсылықты түсіне алмаған, құдайды танымаған, махаббат пен діннің таза тілінде сөйлей алмаған бақытсыз қайғы-қасірет иесін есіркей алмайсыз.

extrait du roman ‘‘La Dame aux Camélias’’ Alexandre Dumas fils

Санаттары:Негізгі ақпараттан тыс Кілтсөздері:

Британдықтар не істеп жүр?

Маусым 11, 2010 Пікір қалдыру
Санаттары:Негізгі ақпараттан тыс Кілтсөздері:,

Соғыстың соңғы көктемі

Мамыр 7, 2010 1 comment

Жасылмен бояп қойған ба!?
Жап-жасыл таудың бөктері.
Қырлар да, мынау ойлар да,
Жапжасыл болып көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.

Көп болды, жасыл тауларға,
Жап-жасыл бұлттар шөккелі.
Әкелді шуақ бар маңға,
Соғыстың соңғы көктемі.

Соғыстың соңғы көктемі,
Көп болды нұрын төккелі.
Жап-жасыл анау аспан да,
Аспан да, сірә, көктеді.

Бойына таудың асылып,
Шұғыла тұрды, көк меңі.
Қызғанып, гүлін жасырып,
Қылтанақтар да көктеді.
Соғыстың соңғы көктемі.

Жап-жасыл шыбық тал-дағы,
Орманның жасыл шекпені.
Қуанта, бірақ, алмады,
Сонау бір үйді шеттегі,
Соғыстың соңғы көктемі…

Мұқағали Мақатаев

Наурыз мейрамы

Наурыз 20, 2010 6 пікір

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры сахнасында «Айман-Шолпан» спектаклінен көрініс