Ресми емес немесе тіркеуде жоқ газеттер Қараша 5, 2009
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т
1 comment so far
90-шы жылдары тіркеуде жоқ газеттердің пайда болуы – қоғамдық саяси, әлеуметтік жағдайлардың арқасы. Интеллигенцияның газеті «Альтернатива», азаматтық қозғалыстың газеті «Азат», «Аттан», «Желтоқсан», «Сұхбат», «Бірлесу», «ұлтшыл» деген айдар тағылған «Алаш», «Түркістан» (қазіргі басылыммен шатастырмаңыз). «Түркістан» орыс тілінде Прибалтикада шығып тұрды. Редакторы – Алмаз Естеков, таралымы – 5000 дана болған. «Алаш» партиясы Прибалтикада жақтастарын тауып алғаннан соң, 1990 жылы 1000 данасы бар «ХАҚ» атты орыс және қазақ тілінде шығып тұрған газет пайда болды. Сол жылдары «Желтоқсан» газеті жарыққа шығып, 1992 жылы мамыр айында тіркеуден өтті. Оның басты мақсаты – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының себептерін объективті түрде түсіндіру, белгісіз фактілерді жариялау, халық мүддесін қорғау еді. Бұл газеттер коммунистік режимді құлату мақсатымен шықты және бұрын Байқоңыр, Арал, Нарын, Семей полигондары туралы айтылмаған тақырыптарды қозғады.
Смағұл Садуақасов – публицист (5) Қазан 21, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т
add a comment
Қазіргі кезде баспасөз бетінде бас мақала соншалықты көп көрінбегенімен, кезінде ол жетекші жанр деп саналатын болған. Себебі ол өз алдына үлкен мақсаттар қойып, ірі мәселелерді жазады. Тек жазып қана қоймай, оларды шешудің жолдарын қарастырады. Осы жерде оның жазылу тілі мен стилі де айқындалады. Бас мақаланы жазған автор онда тек өз ойын ғана емес, жалпы ұжымның ойын да айтады.
Бас мақаланың тағы бір өзгешелігі оның публицистикалық салмағында. Мұнда журналистің мәні бар, көпшілікті қызықтыратын, оқырманды көптен толғандырып жүрген тақырыптары қозғалады.
Алайда, бас мақаланы жазуға кез келген журналистің өресі жете бермейді. Оны жазу үшін жан-жақты терең білімді, әлеуметке дұрыс бағыт бере алатын сарапшыл, шыншыл бола білу керек.
С. Садуақасұлының әрбір мақаласы өте көркем жазылған. Ең басты қасиеті сөйлемдерін сағыздай созбай, қысқа да нұсқа жаза білуінде. Ешбір босқа тұрған, басы артық сөз кездеспейді. Орынсыз қайталау мүлдем жоқ. Кез келген мақаласы тұщына, тамсана оқылады. Смағұл тіл тазалығына өте қатты көңіл бөлген. Сол кездегі баспасөзде ең қатерлі жайт – араб, парсы, орыс сөздерін орынсыз қолданып, ана тіліміздің шұбарланып жазылуы көрініс тапқаны да белгілі. Алайда, Смағұл өз кезегінде оған да тосқауыл қоя білген.
«Смағұл Садуақасұлы «Еңбекші қазаққа» 1925 жылы редактор болып келісімен, газеттің тілі де өзгеріске ұшырай бастады. Біріншіден, шығарушылар газет материалдарын қалың бұқараға түсінікті қазақ тілінде жеткізуді көздесе, екіншіден, газетті халық тілін шұбарлаудан басқа берер пайдасы күмәнды шетелдік сөздерден таза ұстауға күш салды. Редактордың ұйғарымы бойынша осы айтылған шаралар арқылы газет сол кезеңдегі қазақ өмірінің ең өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешудегі құралға айналуға тиіс болды» -дейді тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев. Осындай тілге деген жанашырлықтың арқасында басылымның таралымы үш мыңнан сегіз мыңға дейін өскен.
“Арқа ақпарат” сайты бойынша
Смағұл Садуақасов – публицист (4) Қазан 8, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т, қазақ жастары, ұлттық рух
add a comment
Смағұл Садуақасұлының көсемсөздік сипаттағы «Қостанай-Торғай» атты жолжазбасы «Қызыл Қазақстан» журналында 1922 жылы жарық көрген. Онда: «Қазақ… Қазақты білесіз. Қазақтың қолынан не дәрмен келеді? Қойша айдаған жаққа жүре беру. Қырса, үндемей қойша қырыла беру. Біз – мал емес пе!»- деген сөзінен өрбітіп, Қостанай мысалында кеңестік билікке мойынсұнған қазақ жұртының ауыр халін, көнбістігін, пәсейген рухын сөз етеді. Отаршылдардың зымиян іс-әрекетін әшкерелейді. «Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепе-тең, құқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі орыстар… Істегендері зорлық-зомбылық, қиянат, қырып кету, жойып кету. Ел ішіне жақсылық сөзбен, таза пікірмен барған біреу жоқ»- дейді көсемсөзші.
С. Садуақасұлы жолжазбада қостанайлық оқыған азаматтардың (қазақ) неліктен елеусіз орындарда жұмыс істеп отырғанын да зерделеген. Оның пікірінше, қабілетті қазақтардың аяғынан шалып отырған – отаршылдар. «Колонизаторлардың әдісі жақсы-ақ! – дейді мысқылмен Смағұл. – Біреуді «жалқау» дейді, жалқау бола қалады. Екіншіні «контр» дейді, контр бола қалады! Өздері оңды, басқа жұрт жаман». (жалғасын оқу…)
«Қазақ» газеті мен жер мәселесі Қыркүйек 27, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т
add a comment
Жер дауы, жесір дауы – күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Жерге талас екінің бірінде ру мен рудың, әлді мен әлсіздің немесе кең қоныстардың арасында жанжал туғызып үдей келе, арты кейде адам шығынына, қырқысқа соғып жататын. Жер дауы – қазақ халқының тұрмыс-салтынан туындаған, ешқашан түпкілікті шешімін таппаған күрмеуі күрделі мәселелердің бірі.
«Қазақ» газеті, 1913 ж. № 4.
«Бір кездегі іргесі ыдырамай жатқан халық келімсектер келісімен күшті жұрттың аяқ асты болып, азып-тозып жоғалуға жақын». Сондықтан да саяси күреске шығу, езгеден босанар жолды анықтау ісі бүгінде алдыңғы кезекке шыққандығын айта келе:
«Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілігін етер ғой… өз алдына дербес ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай қазақ ұлты болып, тұра аламыз ба?» – деп жазды.
1911-1913 ж.ж. аралығында Орда, одан кейін Орал қалаларында шыққан «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы арасында да полемика болған. Оған мысал ретінде «Қазақстан» газетінің белсенді авторы Ғұмар Қараштың «Айқаптың» бетінде жарияланған Ахмет Жантөлиннің «Қазақ халқы қала болуы тиіс емес, қала болудың соңында біздің үшін бек көп қорқыныштар сезіледі» деген мақаласына орай «Ахмет Жантөлинге» атты материалын атап өтуге болады. Онда «Крестьяндардың ата кәсібі – егін. Біздің ата кәсібіміз – мал өсіру. Қала бол деген сөзден мал өсірме деген шықпайды. Жөні келсе, егінмен де, саудамен де қазақ тіршілік ете алады».
Смағұл Садуақасов – публицист (3) Қыркүйек 15, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: жастар, қазақ басылымдарының тарихы т, қазақ жастары
add a comment
«Ауылдағы жастар туралы» мақаласы «Еңбек туы» газетінде 1920 жылғы 25 желтоқсанда жарияланған. Мақалада ауылдағы жастарды ұйымдастыру, қоғамға пайдалы жұмысқа тарту, олардың іскерлігін қалыптастыру мәселесі көтерілген. Осы еңбегінде Смағұл бұрындары құрылған ұйымдардың кемшілігін айта отырып, оны қайталамауды, өткеннен сабақ алуды ескертеді. Көсемсөзші қазақ жастарының ерекшелігіне қарай жұмысты жоспарлауды ұсынады. «Біздің Қазақстан – ауылдың республикасы. Қазақтың 99 пайызы ауылда. Сондықтан ауыл жастарының арасындағы жұмыс ең бірінші орында болу керек», – дейді. Смағұл ауыл жастарына менсінбей қарайтындарды, оларды алға жетектеудің орнына меселін қайтаратындарды: «Қазақтың ұлтшылдары ондай «төрелерге» тиісті баға берсе де, қазақ ішінде «төрелік» қалған жоқ. Күні бүгінге дейін шаһарлы жерде жүрген дұп-дұрыс адам секілді жігіт елге шықса, шіңкілдеп, тоқаңдап кетеді. Балалармен сөйлесу түгілі, жаман-жәутік қазақпен де сөйлеспейді»- деп сынайды. Смағұл осы мақаласында: «Осы күнгі заман – бірлескеннің, білгеннің заманы. Бірлестің, бірауызды болдың – сен күн көре аласың. Бытырадың, надан болдың – өлесің» – деп, ел жастарын ұйымдасуға, өрелілікке шақырады.
«Жастар съезіне» атты мақаласын қаламгер «Қазақтың саяси пікірінің тарихы – қазақ жастарының тарихы» сөйлемімен бастайды. Бұл еңбегінде С. Садуақасұлы аға толқынның кезінде топтаса алмағандығын, «көпке бірдей жақсы аты шыққан қазақтың азаматы аздығын», жастар содан сабақ алу керектігін сөз ете келіп, жаңа замандағы жас лектің мақсат-міндеттеріне және санадағы сауатсыздықпен күрес қайтсе жеңіске жететінін әңгіме етеді. Жастардың ұйымдасып отырғанын үлкен күшке балап, оларға мүмкіндікті қолдан жібермеу жөнінде ақыл-кеңес береді. Ұлтты қадірлеуді ескертеді.
«Мен – коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі бір» деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады», – дейді Смағұл. Автор мақаласын: «Көтеріл, жастар! Ұйымдас, жастар!» – деген үндеумен аяқтайды.
Байқап отырғанымыздай, Смағұл осынау үш мақаласында да ұлт ертеңі жастардың қолында екенін сөз етеді. Смағұл идеясы қазіргі публицистикамен үндес.
“Арқа ақпарат” сайты бойынша
Смағұл Садуақасов – публицист (2) Тамыз 29, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: жастар, журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т, қазақ жастары, ұлттық рух
add a comment
С. Садуақасұлы бұл жылдары театрдың, әртістік кәсіптің, пьеса танудың әліпбиі іспеттес «Ұлт театры туралы» (1925), «Алғашқы тәжірибелер», «Баянды еңбек күтеміз», «Мәдениет тәрбиесі»(1923), «Ұлт театрына бір жыл» (1927), тағы осы секілді бірнеше мақала жазады. Нәтижесінде қайраткердің сөзі мен ісі биіктен табылып, үлгілі театр, талантты әртістер, ойлы көрермендер қалыптасты.
Жиырмасыншы жылдары қазақ қоғамындағы халықтың білім-ілімге деген сұранысы оқулықтардың, танымдық, ғылыми еңбектердің жазылуын тездетті. Бірақ оны жазатын маман қат еді. Осы орайда С. Садуақасұлының «Жастарға жаңа жол» (1924), «Кооперация һәм қазақ шаруасы» (1924), «Жастармен әңгіме» (1925) атты танымдық әрі ғылыми кітапшалары мен «Қазақстан» (1922), «Күнбатыс һәм Күншығыстың бостандық жолында күрестерінің тарихы» (1923), «Жаңа жұртшылық негізі – ғылым» (1925), т. б. ғылыми мақалалары замандастарының көңілінен шыққан.
«Көтеріл, жастар!» мақаласы «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы 13-қарашасында жарық көрген. Мұнда саясат пен ұлтшылдарымыздың аражігін ашып көрсетіп, мәселені келешек жастарға тірейді. Енді не істеу керек? Смағұл сары уайымшылдыққа салынбайды. Сол себепті төңкеріс тудырған дәуірден баз кешіп кетуді қаламайды. Оқығандар елден жырақтанса, мыңдаған халықты «саясатпаздар» құздан құлататынын Смағұл түсінеді. Ол: «Енді бізде кім бар? Алдымыздағы асқар таудай жүкті кім арқалайды? Ұлттың ісін, елдің жұмысын кім атқарады? Еңбекшілердің кім ақылшысы болып, кім оларға жолбасшылық етеді?» – деп қойған сұрағына өзі: «Жастар, жастар, жастар. Бұлардан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ» – деп жауап береді. Қаламгер аға толқын өкілі ақын Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген пікірін негіздей отырып, алдағы істердің жауапты екендігін қаперінен шығармайды. Мақаладағы «Бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, адамшылық, ұйымшылдық негізімен өзгерту, жаңа дүние орнату деген жеңіл жұмыс емес. Бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығарғанмен оңдалмайды. Бұған ақыл керек, білім керек, ақ жүрек, адал ниет керек» деген Смағұл ойы 20-жылдары аса көкейкесті, сындарлы естілгені анық. (Д. Қамзабекұлы. С. Садуақасұлы. Алматы. Қазақстан. 1996 жыл, 160 бет)
«Арқа ақпарат» сайты бойынша
Смағұл Садуақасов – публицист (1) Тамыз 19, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т, ұлттық рух
add a comment
С. Садуақасұлы 1916 жылы Омбыда қайраткерлік мектеппен бірге қаламгерлік мектептің де табалдырығын аттады. Ол қаламын «Бірліктің», «Балапан» атты қолжазба журналдарында ұштады. Смағұл көсемсөздік пен жазушылық өнерді тынымсыз қайраткерлік қызметінің барысында меңгерді. 1918—1919 жылы Алаш Ордаға тыныс болған «Жас азамат»газетің,1920 жылы атын «Қазақстан» етіп, затын халықтық қылып өзгертпекке бел буған «Ұшқын» газетің, 1922 жылы Еуропа өркениетін уағыздаған «Өртең» газетін, қазақ жастарының «Жас қазақ» журналын шығаруға атсалысты. Мұнан бөлек ол 1920 жылы «Еңбекшіл жастар»(Омбы), «Кедей сөзі»(Омбы), «Еңбек туы» 1925-1926 жылы «Еңбекшіл қазақ», кейін «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналының (1924-1925 ж.ж. шығып тұрған) жауапты шығарушысы (редакторы) болды. (С. Садуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-т., Алматы, 2003, 9-бет)
Көтерген тақырыптарының ауқымы турасында: «Өмір үшін күресу» (1918), «Көтеріл, жастар!» (1920), «Өткен күндер һәм болашақ»(1922), «Шарт керек пе?»(1922), «Қостанай — Торғай»(1922), «Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір» (1924), «Қазіргі дәуір іс дәуірі» (1925), «О национальностях и националах»(1928) және тағы басқа толып жатқан мақалаларында қазақ қоғамының өтпелі дәуіріндегі қоғамдық-саяси ахуалдың қандайлығын һәм ел мен оның көсемдерін тығырыққа тіреген зәруліктерді шешудің амалдарын көрсетеді.
Өркениетті болуға талпынған елге қажетті шартты орындау ісінен күшін аяп қалмады. С. Садуақасұлы «Нужды аула» (1919), «Бірінші мақсаттарымыз»(1920), «Халық ағарту мәселелері»(1925), «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар» (1926), «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» (1927), т. б. мақалалары мен соңғы аталған кітабымен аттас кітапшасында елдегі оқу-ағарту зәрулігін сөз етеді. (Сонда 20-бет)
“Арқа ақпарат” сайты бойынша
“Айқап” Шілде 20, 2009
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, әдеби сын, қазақ басылымдарының тарихы т
2 comments
1911 жылы қаңтардан бастап, 1915 жылы қыркүйек айында Троицк қаласында «Энергия» баспаханасында қазақ тілінде үзбей шығып тұратын. «Айқап» журналы халқымыздың әлеуметтік, саяси өмірінде әдебиет пен мәдениетті насихаттап, таратуда елеулі роль атқарды. Араб әрпімен теріліп, басында айына 1 рет, кейін 2 рет шығып тұрған, бұл журналдың нақты деректерінде “Айқап” 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйегіне дейін шығып тұрды деп жазылған. Бас редакторы Мұхаметжан Сералин болды.
Журналдың тақырыптары: бас мақала, шетел хабарлары, мұсылман өмірінің мәселелері, хроника, фельетондар мен өлеңдер, библиография және ғылыми мақалалар, әртүрлі хабарлар мен редакцияға түскен хаттар. Мазмұны бойынша: саяси-әлеуметтік, әдеби, әдебиет мәселелер, оқу-ағарту, ана тілі, әліппе, теңдік, дәрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары, ішкі-сыртқы хабарлар, кітап сындары, тілші хаттары және жауап хаттар, отырықшылыққа шақыру, егіншілікпен шұғылдану, мектеп салу, емхана ашуға шақыру, әдет-ғұрып, салт-сана мәселелеріне көп көңіл бөлінді.
Басылымның сандарында Бейімбет Майлиннің шығармалары, Міржақып Дулатовтың «Екі қыздың мұңы» атты туындысы Азамат Алашұлы бүркеншек атымен және т.б. жарияланды.
«Ұлан» газеті Шілде 11, 2009
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т, ұлттық рух
19 comments
Мектеп кезімізде көбіміз сүйіп оқитын «Ұлан» газеті тұңғыш рет «Пионер» деген атпен шыққан, кейін «Октябрь балалары», «Қазақстан пионері», 1990 жылы «Ұлан» атауын иеленді. Сол кезде ыдыраудың алдында тұрған Кеңес Одағында, соның ішінде біздің еліміздің де қоғамдық өмірінде әр түрлі өзгерістер бой көрсете бастаған еді. Пионер ұйымымен қатар басқа да балалар ұйымдары құрылып, жұмыс жасап жатты. Сондықтан да республикадағы жалғыз қазақ балалар газеті тек пионер ұйымының ғана органы боп қалуы мүмкін емес болатын.
Газет ешкімді ұйымға, топқа бөлместен еліміздегі кез-келген баланың мүддесін қорғап, шығармашылық қабілетін шыңдап, олардың өмірлері мен үлгілі істерін көрсету мақсатында шығарылса керек.
Сол кезде газеттің редакторы Доскенов Ғалым бастаған редакция ұжымы тіл мамандарымен кеңесе келіп, республикалық балалар газетіне «Ұлан» деген атау лайық деген шешімге келген болатын. Өйткені тілін қастерлеген халқымыз: бабасына түсімен ғана емес, ісімен, ақыл, қайратымен тартып туған ұрпағын, баламын деп жасымай, тезірек ер жетуге, ел көсегесін көгертуге құлшынған ұрпағын, болашағын үміт артқан ұрпағын ұлан дер еді.
Газеттің қазіргі бас редакторы, жаңылмасам, Сұлтан Қалиұлы.
Нығмет Нұрмақов хақында (жалғасы) Маусым 30, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: қазақ басылымдарының тарихы т
2 comments
1956 жылы Кеңес Одағының Жоғары Соты кiнәсiз деп тапқанымен, Н.Нұрмақов мерейтойы кезiнде мерзiмдi басылымдарда жарияланған мақалаларда ғана еске алынып келедi.
Нығмет Нұрмақов жайында ақпарат бар болғасын, оны оқырманмен бөліспекшімін. Осы жазба Асхат ағаның сұрауымен Нұрмақовтың аз ұлттар мәселесіне қатысты еңбегі туралы болмақ.
1929-1930 жылдары Нығмет Москваның жоғарғы партия мектебiне оқуға барады. Кейiн Москвада қалдырылып, Бүкiлодақтық атқару комитетiнiң Президум мүшесi, жауапты хатшының орынбасары және ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi болады.
«РСФСР-дегі аз ұлттар арасындағы жұмыстың жайы мен міндеттері» деген кітабы 1934 жылы Мәскеудегі «Власть Советов» баспасынан жарық көрді. Бұл — Нұрмақовтың сталиндік «идеяларды» басшылыққа алмаған «қауіпті» ұлттық кадр екендігін дәлелдеп берген туынды. Нығмет бұл еңбегінде БОАК Президиумы ұлттар бөлімінің жан-жақты жұмысын саралап көрсеткен. Отызыншы жылдардың бас көзінде РСФСР территориясында өзіндік ұлттық құрылымдардан тыс аудандарда ұйымдастырылғаи аз санды ұлттардың 65 ауданы болған. Сол сияқты аз санды ұлт өкілдері топтасқан аудандарда төрт мыңға жуық ұлттардың атымен аталған селолық кеңестер жұмыс істеген. Солардың ішінде Орталық Волга өлкесінда — 15, Батыс Сібір өлкесінде — 49, Орал облысында — 4 қазақ селолық кеңестері, ал біздің сол кездегі автономиялық республикамызда 40 неміс, 2 эстон, 2 чуваш, 6 мордва, 2 дүнген, 1 белорус, 2 болгар селолық кеңестері жұмыс істеген. Бұл жұмысты ұйымдастыру, біріншіден, ұлтшылдық сеніспеушілік пен қайшылықтардың қалдықтарын тездетіп жоюды, екіншіден, аз санды ұлттардың өкілдеріне қамқорлықты күшейтіп, мәдени және басқа мұқтаждықтарын өтеуді, үшіншіден, оларды жаңа құрылысқа араластыруды мақсат етті.
«Советскую власть из русской сделать междунациональной, близкой, понятной и родной для трудящихся масс всех республик и особенно тех, которые отстали в хозяйственном и культурном отношение», — дейдi Нығмет. «Не ослаблять борьбу на два фронта в национальном вопросе» (Власть советов// 1932.10) атты мақаласында. «Уклон великорусскому шовинизму отражает стремление отживающих классов господствующей великорусской нации вернуть себе утраченные привилегии. Отсюда опасность великорусского шовинизма, как главная опасность партии в области национального вопроса», — деп жалғастырады. Москвада аз ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi бола жүрiп Нығмет осындай өткiр мақалаларын үзбей басып тұрды. Ұлттық арақатынастар мәселесiне терең бойлап бiрнеше баяндамалар жасайды.
Нұрмақовтың басқа да еңбектері жайында келесі жазбаларда
