Ресми емес немесе тіркеуде жоқ газеттер Қараша 5, 2009
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т
1 comment so far
90-шы жылдары тіркеуде жоқ газеттердің пайда болуы – қоғамдық саяси, әлеуметтік жағдайлардың арқасы. Интеллигенцияның газеті «Альтернатива», азаматтық қозғалыстың газеті «Азат», «Аттан», «Желтоқсан», «Сұхбат», «Бірлесу», «ұлтшыл» деген айдар тағылған «Алаш», «Түркістан» (қазіргі басылыммен шатастырмаңыз). «Түркістан» орыс тілінде Прибалтикада шығып тұрды. Редакторы – Алмаз Естеков, таралымы – 5000 дана болған. «Алаш» партиясы Прибалтикада жақтастарын тауып алғаннан соң, 1990 жылы 1000 данасы бар «ХАҚ» атты орыс және қазақ тілінде шығып тұрған газет пайда болды. Сол жылдары «Желтоқсан» газеті жарыққа шығып, 1992 жылы мамыр айында тіркеуден өтті. Оның басты мақсаты – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының себептерін объективті түрде түсіндіру, белгісіз фактілерді жариялау, халық мүддесін қорғау еді. Бұл газеттер коммунистік режимді құлату мақсатымен шықты және бұрын Байқоңыр, Арал, Нарын, Семей полигондары туралы айтылмаған тақырыптарды қозғады.
Смағұл Садуақасов – публицист (5) Қазан 21, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т
add a comment
Қазіргі кезде баспасөз бетінде бас мақала соншалықты көп көрінбегенімен, кезінде ол жетекші жанр деп саналатын болған. Себебі ол өз алдына үлкен мақсаттар қойып, ірі мәселелерді жазады. Тек жазып қана қоймай, оларды шешудің жолдарын қарастырады. Осы жерде оның жазылу тілі мен стилі де айқындалады. Бас мақаланы жазған автор онда тек өз ойын ғана емес, жалпы ұжымның ойын да айтады.
Бас мақаланың тағы бір өзгешелігі оның публицистикалық салмағында. Мұнда журналистің мәні бар, көпшілікті қызықтыратын, оқырманды көптен толғандырып жүрген тақырыптары қозғалады.
Алайда, бас мақаланы жазуға кез келген журналистің өресі жете бермейді. Оны жазу үшін жан-жақты терең білімді, әлеуметке дұрыс бағыт бере алатын сарапшыл, шыншыл бола білу керек.
С. Садуақасұлының әрбір мақаласы өте көркем жазылған. Ең басты қасиеті сөйлемдерін сағыздай созбай, қысқа да нұсқа жаза білуінде. Ешбір босқа тұрған, басы артық сөз кездеспейді. Орынсыз қайталау мүлдем жоқ. Кез келген мақаласы тұщына, тамсана оқылады. Смағұл тіл тазалығына өте қатты көңіл бөлген. Сол кездегі баспасөзде ең қатерлі жайт – араб, парсы, орыс сөздерін орынсыз қолданып, ана тіліміздің шұбарланып жазылуы көрініс тапқаны да белгілі. Алайда, Смағұл өз кезегінде оған да тосқауыл қоя білген.
«Смағұл Садуақасұлы «Еңбекші қазаққа» 1925 жылы редактор болып келісімен, газеттің тілі де өзгеріске ұшырай бастады. Біріншіден, шығарушылар газет материалдарын қалың бұқараға түсінікті қазақ тілінде жеткізуді көздесе, екіншіден, газетті халық тілін шұбарлаудан басқа берер пайдасы күмәнды шетелдік сөздерден таза ұстауға күш салды. Редактордың ұйғарымы бойынша осы айтылған шаралар арқылы газет сол кезеңдегі қазақ өмірінің ең өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешудегі құралға айналуға тиіс болды» -дейді тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев. Осындай тілге деген жанашырлықтың арқасында басылымның таралымы үш мыңнан сегіз мыңға дейін өскен.
“Арқа ақпарат” сайты бойынша
Аймақтық журналистика блогшылар қолында Қазан 16, 2009
Posted by arsenal777 in блогинг, медиа.Tags: блогер, жаңа медиа, журналистика, контент
1 comment so far
Өзінің сапалы жаңалықтарымен танымал британдық The Guardian газеті аймақтағы жаңалықтарды жариялау үшін жұмысқа блогшыларды алатын болды. Олардың жазбаларына қаламақы да төленеді (әрине, кәсіби тілшілерге қарағанда азырақ). Осылайша газет дағдарыс кезінде қаражат мәселесін шешіп, аймақтағы биліктің жұмысын назарға алмақшы.
Британдық газет елдің аймақтарына белсенді экспансия бастамақшы. Аймақтарда брендті көпшілікке тарату мақсатында Guardian Local тәжірибелік жобасы басталады. Басылымның басшылығы өз аймақтың жаңалықтарын жақсы білетіндер – желілік жазушылар деп әділ байқаған болатын, сонымен қатар, әр аймақта тілшілерді жұмысқа алғанша, блогшыларды алу қаражат жағынан тиімді.
«Бұл жоба — біздің эксперимент, біз жергілікті телеарналардың бағыты бойынша жұмыс жасауға кірісеміз. Әзірге саяси салада белсенділік танытып отырған үш қалаға тоқталдық және бұл жобаны 2010 жылы бастайтын боламыз», — деп әңгімелейді Guardian News & Media сандық контентті дамыту бөлімінің директоры Эмили Белл. Local Сара жобасының редакторы Хартли: «Біз аймақтағы жаңалықтарды сараптаған кезде жергілікті веб-сайттар мен блогтардағы ақпараттың кеңдігі мен тереңдігіне таң қалдық. Жергілікті жаңалықтарды сол жердің өзінен көрсету — журналистиканың жаңа тренді және ол шын мәнінде не болып жатқанды түсінуге көмектеседі», — деп қосады.
Ақпаратпен «ЧасКор» сайтында толығырақ танысуға болады.
Жаңа Медиа көрінісі Қазан 11, 2009
Posted by arsenal777 in медиа.Tags: жаңа медиа, журналистика
7 comments
Жаңа және дәстүрлі медианың өзара әрекеттесуі арқылы қоғамдық пікір қалайша қалыптасады?
Төмендегі иллюстрацияға назар аударыңыз.

Смағұл Садуақасов – публицист (4) Қазан 8, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т, қазақ жастары, ұлттық рух
add a comment
Смағұл Садуақасұлының көсемсөздік сипаттағы «Қостанай-Торғай» атты жолжазбасы «Қызыл Қазақстан» журналында 1922 жылы жарық көрген. Онда: «Қазақ… Қазақты білесіз. Қазақтың қолынан не дәрмен келеді? Қойша айдаған жаққа жүре беру. Қырса, үндемей қойша қырыла беру. Біз – мал емес пе!»- деген сөзінен өрбітіп, Қостанай мысалында кеңестік билікке мойынсұнған қазақ жұртының ауыр халін, көнбістігін, пәсейген рухын сөз етеді. Отаршылдардың зымиян іс-әрекетін әшкерелейді. «Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепе-тең, құқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі орыстар… Істегендері зорлық-зомбылық, қиянат, қырып кету, жойып кету. Ел ішіне жақсылық сөзбен, таза пікірмен барған біреу жоқ»- дейді көсемсөзші.
С. Садуақасұлы жолжазбада қостанайлық оқыған азаматтардың (қазақ) неліктен елеусіз орындарда жұмыс істеп отырғанын да зерделеген. Оның пікірінше, қабілетті қазақтардың аяғынан шалып отырған – отаршылдар. «Колонизаторлардың әдісі жақсы-ақ! – дейді мысқылмен Смағұл. – Біреуді «жалқау» дейді, жалқау бола қалады. Екіншіні «контр» дейді, контр бола қалады! Өздері оңды, басқа жұрт жаман». (жалғасын оқу…)
Жолсапар очерк деген не? Қазан 4, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика.Tags: жолсапар, журналистика
7 comments
Очеркті көркем-публицистикалық жанрдың «патшасы» деп атайды. Бұл ең қиын жанрлардың бірі, себебі ол журналистен шынайы әдеби шеберлікті талап етеді. Очеркте аналитика және бейнеліліктің бастамалары бірлеседі. Бір сөзбен айтқанда, журналист тек фактты ғана емес, сонымен қатар, көркемдеу әдістерін де қолдану қажет.
Очерктің басты үш түрі:
- портреттік очерк;
- проблемалық очерк;
- жолсапар очерк;
Осылардың ішінен жолсапар очеркке тоқталсақ,
жолсапар очерк – бұл автордың сапар кезіндегі оқиға немесе кездесулерінің суреттелуі. Бұл жанр авторға фантазия мен әдеби шеберлікті қолдануға көбірек мүмкіндік береді. Басты проблема – ақпаратты сараптау, себебі сапардан кейін көп әсерлер қалады, алайда, олардың қайсысы қызықты, қайсысы маңызды екенін түсіну қажет. Жолсапар очерктің бірнеше мақсаты бар, мысалы, әр түрлі елдегі адамдардың өмірін көрсету т.б.
Жолсапар очеркіне баспасөз зерттеушісі Д. Баялиева мынадай анықтама береді: «Бұл очерк жанрының ең көне түрі. Ол автор жол-жөнекей көрген-білгенін, кездесулер мен куәсі болған оқиғалардың негізінде жазылады. Автор өзін толғандыратын әлеуметтік-экономикалық, ғылыми, мәдени, салттық-саналық мәселелерді ғана іріктеп әңгімелейді».
Жолсапар очерк – публицист-суретшінің жазудағы ең ашық формалардың бірі. Жазушы материалды еркін жеткізіп, оқырманмен ашық қарым-қатынаста болады. Осы очерктің түрінде тарих, статистика, жаратылыс ғылымдардың элементтері мен саясатқа қатысты мәселелерге пікір білдіру, жеке ойлар, сезімдер бар.
P.S. Жолсапар очерктің тамаша үлгілері: М. Әуезовтың «Үндістан очерктері», «Америка әсерлері», Б. Момышұлының «Кубадағы кездесулер» мен Н. Оразбековтың «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы».
Фотожурналистиканың атасы Қыркүйек 30, 2009
Posted by arsenal777 in медиа.Tags: журналистика, сурет
2 comments
Фотожурналистика басқа фотографиялық өнерге қарағанда күнделікті өмірде біз байқамайтын шынайылықты көрсетуге көбірек бағытталған. Дұрыс түсірілген сурет мәтіннен гөрі бәрін нақтылап айқындап береді. Себебі фотожурналистика – сөйлеп тұратын жанр.
Фотожурналистиканың атасы Анри Картье-Брессон фотография әлеміне өз жаңалығын әкеліп, негізгі заңдылықтарды да құрған еді. Танымал фотограф фотоға түсіріп алған адамдар үшін «көрінбейтін» болып қала білді. Оның суреттері түсіру кезінде үнемі аяқталған болатын: фотоларын өзгертпейтін, жасалған суретті кадрламайтын. Сонымен қатар, оның есімі кез келген сценаның эмоциялық шарықтау шегіне жеткен кезді, яғни «шешуші мезетті» түсіріп алатынымен танымал. Фотография әлемінде Картье-Брессон оқиғаға экспрессия беретін мезетті тауып ала білді.

Ол қарапайым адамдар мен танымал тұлғаларды түсіретін. Мысалы: Альбер Камю, Жан Ренуар, Мэрилин Монро, Коко Шанель, Жан-Поль Сартр, Луи Арагон және т.б. Картье-Брессон қиялдамайтын, жасанды шынайылықты жасамайтын, фотографияның тек деректі жанрына адал болды.
Фотографтың басқа жұмыстары
«Қазақ» газеті мен жер мәселесі Қыркүйек 27, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т
add a comment
Жер дауы, жесір дауы – күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Жерге талас екінің бірінде ру мен рудың, әлді мен әлсіздің немесе кең қоныстардың арасында жанжал туғызып үдей келе, арты кейде адам шығынына, қырқысқа соғып жататын. Жер дауы – қазақ халқының тұрмыс-салтынан туындаған, ешқашан түпкілікті шешімін таппаған күрмеуі күрделі мәселелердің бірі.
«Қазақ» газеті, 1913 ж. № 4.
«Бір кездегі іргесі ыдырамай жатқан халық келімсектер келісімен күшті жұрттың аяқ асты болып, азып-тозып жоғалуға жақын». Сондықтан да саяси күреске шығу, езгеден босанар жолды анықтау ісі бүгінде алдыңғы кезекке шыққандығын айта келе:
«Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап, күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілігін етер ғой… өз алдына дербес ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай қазақ ұлты болып, тұра аламыз ба?» – деп жазды.
1911-1913 ж.ж. аралығында Орда, одан кейін Орал қалаларында шыққан «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы арасында да полемика болған. Оған мысал ретінде «Қазақстан» газетінің белсенді авторы Ғұмар Қараштың «Айқаптың» бетінде жарияланған Ахмет Жантөлиннің «Қазақ халқы қала болуы тиіс емес, қала болудың соңында біздің үшін бек көп қорқыныштар сезіледі» деген мақаласына орай «Ахмет Жантөлинге» атты материалын атап өтуге болады. Онда «Крестьяндардың ата кәсібі – егін. Біздің ата кәсібіміз – мал өсіру. Қала бол деген сөзден мал өсірме деген шықпайды. Жөні келсе, егінмен де, саудамен де қазақ тіршілік ете алады».
Смағұл Садуақасов – публицист (2) Тамыз 29, 2009
Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.Tags: жастар, журналистика, қазақ басылымдарының тарихы т, қазақ жастары, ұлттық рух
add a comment
С. Садуақасұлы бұл жылдары театрдың, әртістік кәсіптің, пьеса танудың әліпбиі іспеттес «Ұлт театры туралы» (1925), «Алғашқы тәжірибелер», «Баянды еңбек күтеміз», «Мәдениет тәрбиесі»(1923), «Ұлт театрына бір жыл» (1927), тағы осы секілді бірнеше мақала жазады. Нәтижесінде қайраткердің сөзі мен ісі биіктен табылып, үлгілі театр, талантты әртістер, ойлы көрермендер қалыптасты.
Жиырмасыншы жылдары қазақ қоғамындағы халықтың білім-ілімге деген сұранысы оқулықтардың, танымдық, ғылыми еңбектердің жазылуын тездетті. Бірақ оны жазатын маман қат еді. Осы орайда С. Садуақасұлының «Жастарға жаңа жол» (1924), «Кооперация һәм қазақ шаруасы» (1924), «Жастармен әңгіме» (1925) атты танымдық әрі ғылыми кітапшалары мен «Қазақстан» (1922), «Күнбатыс һәм Күншығыстың бостандық жолында күрестерінің тарихы» (1923), «Жаңа жұртшылық негізі – ғылым» (1925), т. б. ғылыми мақалалары замандастарының көңілінен шыққан.
«Көтеріл, жастар!» мақаласы «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы 13-қарашасында жарық көрген. Мұнда саясат пен ұлтшылдарымыздың аражігін ашып көрсетіп, мәселені келешек жастарға тірейді. Енді не істеу керек? Смағұл сары уайымшылдыққа салынбайды. Сол себепті төңкеріс тудырған дәуірден баз кешіп кетуді қаламайды. Оқығандар елден жырақтанса, мыңдаған халықты «саясатпаздар» құздан құлататынын Смағұл түсінеді. Ол: «Енді бізде кім бар? Алдымыздағы асқар таудай жүкті кім арқалайды? Ұлттың ісін, елдің жұмысын кім атқарады? Еңбекшілердің кім ақылшысы болып, кім оларға жолбасшылық етеді?» – деп қойған сұрағына өзі: «Жастар, жастар, жастар. Бұлардан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ» – деп жауап береді. Қаламгер аға толқын өкілі ақын Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген пікірін негіздей отырып, алдағы істердің жауапты екендігін қаперінен шығармайды. Мақаладағы «Бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, адамшылық, ұйымшылдық негізімен өзгерту, жаңа дүние орнату деген жеңіл жұмыс емес. Бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығарғанмен оңдалмайды. Бұған ақыл керек, білім керек, ақ жүрек, адал ниет керек» деген Смағұл ойы 20-жылдары аса көкейкесті, сындарлы естілгені анық. (Д. Қамзабекұлы. С. Садуақасұлы. Алматы. Қазақстан. 1996 жыл, 160 бет)
«Арқа ақпарат» сайты бойынша
Журналист-студенттер мекені Тамыз 26, 2009
Posted by arsenal777 in медиа.Tags: жастар, жаңа медиа, журнализм, журналистика
2 comments
Кез келген елдің журналистика факультетінің студенттері «Бүкіл әлемнің журналист-студенттері» атты жаңа онлайн желіге қатыса алатын болды. Желіде профайл ашып, басқа студенттермен танысуға, араласуға болады.
Әр қолданушы идеяларын ортаға салып, жобаларын көрсетіп, материалдарға байланысты пікір білдіре алады.
Желі Durham College Innovation Fund қаржылық демеуімен Durham College-де (Ошава, Канада) құрылды.
Толығырақ – http://www.globalstudentjournalists.net
