Бірлік туы Наурыз 30, 2008
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.add a comment
Алғашқы қазақ басылымдарының бірі. 1917 жылы 24 маусымнан 1918 жылы сәуір айының ортасына дейін Ташкент қаласында аптасына 1 рет шығып тұрған. Негізін қалаушы, әрі алғашқы редакторы – Мұстафа Шоқай. Газетті шығару ісіне Қ. Болғанбаев пен С. Қожанов тікелей атсалысты. Газет 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан қоғамдық – саяси жағдай, сондай-ақ, ел ішіндегі әлеуметтік экономикалық ахуалы туралы хабарларды жариялап, елді бірлікке шақырып, азаттық жолындағы күрестің жаршысы болды. Газет қазақтардан бақа, қырғыз, өзбек, татар т.б. түркі халықтың арасына кеңінен тарады. 1917 жылы тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақ-қырғыз съезі баспасөз туралы мәселе бойынша «жаңадан шыға бастаған «Бірлік туы» барша қазақ-қырғызға ортақ болсын» - деген қаулы қабылдаған. «Бірлік туы» Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметіне қолдау көрсетіп, бұл жөнінде «Түркістан автономиясы», «Бостандық һәм автономия», «Қоқан шаһарында болған жалпы мұсылман съезінің қаулылары», «Сырдария қазақ-қырғыз съезі» деген мақалалар жариялады. «Бірлік туы» кеңестік биліктің Түркістан өлкесінде биліктің Түркістан өлкесінде орнығуына наразылық негізгі басшылыққа алған саясатын сынайтын. «Кім дос, кім қас?», «Өзіміздің большевиксіндерге», «Қазақ халқының дұшпандары», «Тұла бойы қан сасиды», «Қоқан қырғыны», «Мұстафа хаты», т.б. мақалалар жариялаған. Газет кеңес өкіметі тарапынан қысымшылық көріп, жабылды.
«Алаш» Ақпан 22, 2008
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.2 comments
«Алаш» демократиялық – ағартушылық бағыттағы алғашқы қазақ басылымдардың бірі. 1916 жылы 25 қараша Семей қаласында ерлі-зайыпты Көлбай, Мариям Төгісовтердің басшылығымен бірінші саны жарық көрген. Революция қарсанындағы Ресейдің ішкі-сыртқы жағдайларынан хабардар етуді мақсат еткен, Алаш азаматтарын бірлікке шақырған. Оған қазақ зиялылар Құлжанова, Жанайдарова, Ғаббасов, Ақбаев, Әуезов, Торайғыров т.б. белсене ат салысқан. «Алаш жолында» деген ерлі-зайыпты Көлбай, Мариям Төгісовтердің мақаласында: «Бүгінгідей екіталай ауыр кезеңде қымбатшылық пен жоқшылыққа қарамай жалғызым деп «Қазаққа» ғана телміреп қалған кезде, соған серік болуды мақсат етіп, «Алашты» шығарып отырмыз»,- дейді. Газетте Ресей Думасына қатысу, ішкі, сыртқы саясат, қазақ шаруасының тіршілігі, оқу-ағарту ісі, қыз-келіншектер тұрмысы тақырыбы қамтылған; әдеби-көркем шығармалар да үнемі жарияланған. 50 шақты санынан кейін қаржы тапшылығына байланысты 1917 жылы мамырда жабылып қалған.
P.S. Бүгінде әлемторда бұл тарихи басылымның аттасы бар - “Алаш” тарихи-этнологиялық ғылыми журнал.
«Қазақстан» газеті Ақпан 13, 2008
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.3 comments
«Қазақстан» газеті 1911 жылы 16 наурыздан бастап шықты, алғашқы сандары Ордада, кейін Оралда қазақ және орыс газеттерде басылды. Көлемі шағын, 6 бетік газеттің 5 саны 1911 жылы, барлығы 14-15 саны шыққан екен. Газеттің редакторы Елеусин Бюрин болды. Басылым мақсаты әр санның басында: «Газеттің асыл мақсаты:кәсіп қыл, ғылым үйрену турасында» жазылып тұратын. Басылымның алғашқы санында берілген «Газет деген не зат» мақаласында «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат газит, со себепті газит біздің басшымыз, газит біздің дәрістер алдында көргеніміз. Дұспандарға қарсы құралымыз. Газит біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз. Газит біздің қараңғыда жарық беріп, тұру жолға салатын шам шырағымыз! Біздің қазақ балаларына бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне тілекші болу, аз ақшаны аямай жазылып, алып оқу парыз» деп жазды. Сол арқылы газеттің мирас етіп ұстанар шамшырақ екенін байыптап, әлеумет парызын да екшеді. «Варшавада қазақ студенттер» мақаласында Польшада білім алып жүрген қазақ жастары туралы оқырмандарды хабардар етеді. Газет бетінде мәдени жаңалықтармен бірге, танымдық, ғылым жетістіктеріне арналған материалдар да жарияланып тұрды.
«Қазақ» газеті Қаңтар 27, 2008
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.1 comment so far
«Қазақ» газеті 1907 жылы, наурыз айында Троицк қаласында пайда болды. Газеттің басылуы, қай қалада шығаруы керектігі, редакторы жайында көп дау болып, ақырында келісімге келді. Шығарушысы Хаим Шумлов-Сосновский, бастырушылар-Жетпісбай Андреев, Ешмұхамет Иманбаев. Бір саны шығып, тоқтап қалған. 1911 жылдың 16 наурызында «Қазақ» газеті Оралда қазақ және орыс газеттерінде басылды. Орыс тілінде қазақ мәтіннің кейбір қысқаша аудармасы ғана беріліп тұрыпты. Көлемі шағын, 6 беттік газеттің 5 саны 1911 ж., барлығы 14-15 саны шыққан екен. Газеттің редакторы-Елеусін Бюрин басылымның мақсатын әр санының басында: «Газеттің асыл мақсаты:кәсіп ету, ғылым үйрену турасында» делінген. Газет бетіндегі мақалалар халық алдындағы адамгершілік парызды өтеу мақсатында қазақ елін өнер-білімге жетелеуге қызмет ететіндігі жазылған. Мәдени жаңалықтармен бірге, ғылым жетістіктеріне арналған материалдар да жарияланып тұрды. Мысалы мұнай орнының табылғаны немесе жаңа шыққан кітап, газет туралы хабарлар. Газет мақалаларынан қазақ елінің хал-ахуалын, тіршілігін, шаруашылығын білуімен қатар елді өнер-білімге, мәдениетке, басқа елдің әдебитетінен үлгі алуға шақырған прогресшіл-демократиялық ізгі ниетті ой түйіндеуге болады. 1913 жылы жұмысын тоқтатқан газет Ахмет Байтұсынов пен Міржақып Дулатов арқасында оқырманымен қайта қауышады. 1913 жылы 2 ақпаннан бастап таралымы 300, кейбір мағлұматтар бойынша 800ге жеткен газет Орынборда жарық көрген. 1918 жылдан бастап газеттің редакторы Жанұзақ Жәнібеков болды. «Қазақ» газетін ұлтшыл, буржуазияшыл, либерашыл орган, алашордашылардың рупоры ретінде, ал оның редакторы А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты алашордашылар «халық жауы» деп бағалап, газетте басылған халықтың әдебиетінен, мәдениетінен, тарихынан, әдет-ғұрпы мен заңынан бай мағлұматтар беретін материалдарының бетін жылы жауып қойған. Газет оқу-ағарту, тіл, газет-журнал ісі, сараптама, рецензияларға көп көңіл бөлген.
«Серке» Қаңтар 9, 2008
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.4 comments
Петербургте шығатын қазақ оқырмандарына арналған «Улфат» газетінің қосымшасы ретінде Шәймерден Қошығұловтың редакторлығымен 1907 ж. жарық көрген «Серке» газеті 3-4 нөмері басылғаннан соң тоқтап қалған. Газет жайында Ш.Қошығұловтың айтуымен жазылған Орталық Ғылыми кітапханадағы қолжазбада газет атауына байланысты мынадай дерек бар: «…боранда қойды жайылымға бастаушы серке мағынасында алынған». Ал «Нәжет»(«Азаттық»)деген жинақта «Улфат» газеті редакторының бірі жазған хабарда: «1906 ж. «Улфат» қазақ оқушыларына арнап, қазақ тілінде «Серке» атты 2 жетілік газет шығаруға қарар болды. Келесі жылғы март айының басында сол газеттің 67-санына қосымша болып шықты. Газет шыққан соң бірер күннен кейін полиция келіп, қала начальнигінің «Серке», «Улфат» газетінің ұсталғаны туралы әмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап, құлыптап кетті. 2-күні тиісті орындардан сұрағанымызда, олар: «Серке газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар, содан ұсталды деп жауап берді» делінген «Серке» газетіндегі «Улфат» газетіне қосымша болғандықтан мұны да либералдық буржуазиялық бағыттағы газет деуге болады. «Егемен Қазақстан» газетінің №5 (24977) 9.01.08ж. санында: «Міржақып съездің жұмсауымен 1906 жылы Петербургке барып “Серке” атты қазақша газет шығаруға араласты. Газеттің 1907 жылғы 1-санында “Жастарға” деген өлеңін бастырды. 2-санында “Біздің мақсатымыз” атты мақала дайындады. Онда Қазақстанда 1905 жылы демонстрация кезінде патша өкіметінің атына айтылған талап-сындар жазылғандықтан, газет кәмпескеленіп, таратылмай өртеліп кетті.»
«Дала уалаятының газеті» . Желтоқсан 6, 2007
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.add a comment

1888 – 1902 ж.ж. Омбы қаласында жарық көрді. Басында «Акмолинские ведомости» газетінің қосымшасы ретінде шығып тұрды. Редакторлары:Козлов, Михайлов, Абаза, Попов, Лавров, Аблайханов, Сұлтанғазин, Дүйсембаев. Газетте ақпараттық материалдарымен( Стамбұлдағы Айя-София мешіті туралы, Баян ауылдан, Ғылым хабарлары) қоса публицистикалық, көркем-әдеби туындылар көп. Аңыз, хикаялар, жұмбақ, мақал, өлең, ертегілер көптеп кездеседі. Мысалы, араб елінің «1001 түннің хикаясы» ертегісі, Жиренше шешен, Үш дос, Рас һәм қисық, Толағай һәм бөрі тастаған таулар турасынан т.б. Дала уалаятының газетінде бүгінгі кітаптарға жазылатын аннотацияға ұқсас материалдар да аз емес. Мысалы, «Бір жаңа кітап турасынан», «Басылып шыққан кітаптар туралы», «Жаңа кітаптар», «Қазақтарға пайдалы кітаптар».
«Түркістан уалаятының газеті» Желтоқсан 4, 2007
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.add a comment

Қазақ мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар, халықтың саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдени және эстетикалық ой-пікірін оятуға септігін тигізген қазақ баспасөзінің тұңғышы. Ең алғаш «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде 1870 жылдан бастап Ташкент қаласында шыға бастаған. Бұл газет Орта Азия халқының тұңғыш баспасөзі болып саналады. Газеттің алғашқы редакторы-ағайынды Ибрагимовтар болды. 1870-1882 ж.ж. арасында шықан газеттің материалдарында жарлықтар, егін егу, мал шаруашылығы, қазақ елінің басқа елдермен қарым-қатынасы, темір жол, алғашқы телеграф, пошта қатынастары, кен қазу, металл, көмір өңдіру, Қытайдағы ұйғыр мен дұнғандар көтерілісі, қазақ елінің тарихы, шығу тегі, саяси-экономикалық, оқу-ағарту мәселелері, алғашқы сын, зерттеу мақалалары жарияланды.
Кіріспе Желтоқсан 3, 2007
Posted by arsenal777 in қазақ басылымдарының тарихы т.7 comments
Бүгінгі таңда қазақ журналистикасы салыстырмалы түрде болса да дамып жатыр деп ойлаймын. Газет басылымдары электронды жүйеге көшіп, оқырмандар мен автор арасында әлемторда байланыс орнатуда. Азаматтық журналистика түсінігі де бізге жат емес. Оқырмандардың(тыңдарман, көрермен) жеке пікірі, позициясы, көзқарасы арқылы автор жариялаған материалдың бағасын, қаншалықты халыққа пайдасы бар екенін анықтай алуы, сонымен қатар талғам, сұраныс жайында хабардар болуы да осымен байланысты. Дегенмен, қазақ журналистикасының тарихын білмей, БАҚтағы жаңа технологияларды меңгеру қателік деп санаймын. Сондықтан да алғашқы басылым «Түркістан уалаятының газетінен» бастасақ…
