Сын жанрлары хақында. Мамыр 7, 2008
Posted by arsenal777 in публицистика.Tags: әдеби сын
2 comments
Әдебиет пен сын өмірге бірге келді. Сын алғашқы ақын жұрт алдында шығып, өз өлеңін оқығанда, немесе шебер әңгімеші ертегі, аңыз, мақал-мәтел айтқан шақта оның тыңдаушыға ұнаған, ұнамаған пікірі ретінде көрінді. Әдеби сын көркем әдебиеттің болашақ даму жолдарын көрсетіп отыратыны болғандықтан да оның пікірлерінде болжамдық сипат болады. Әдеби сынның дәрежесі ең алдымен оның субъектісіне, яғни сыншыға байланысты. Сыншы – аса күрделі тұлға. Сыншыға бір ғана көркем әдебиетті біліп, әдебиетші болу аз. Ол - әдебиеттану ғылымымен, одан қалды бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктерімен жан – жақты қаруланған, білімдар адам да. Енді сын жанрларына тоқталсақ: ӘДЕБИ ХАБАР-жаңа болған әдеби оқиғаны, жаңалықты оқырманға хабардар ету. Бұл шағын жанр болғанымен де, ұтымды пайдалана білгенге берер мүмкіндігі мол. АННОТАЦИЯ-сын жанрларының ішіндегі ең шағын көлемдісі. Шын мәніндегі әдеби сынның бастау алар бұлағы. Латынша ескертпе деген сөздің мағынасын беріп, кітаптың, мақаланың мазмұнын, саяси-идеологиялық бағытын, құндылығын түсіндіретін қысқаша сипаттама. РЕЦЕНЗИЯ-бұл ең көп қолданылатын, өрісі кең жанр. Латынша тексеру, қарастыру, бағалау, пікір білдіру дегенді білдіреді. Аннотацияда хабарлаушылық, үгітшілдік сипаты басым болып, бағалаушылық там-тұмдап қана белгі берсе, даму барысында бұл жанр рецензияға ұласып, баға беру оның басты қасиеттерінің біріне айналды. МАҚАЛА-«Газетке мақала шығыпты» дегенде, ол рецензия да, хабар да, шолу да, фельетон да болуы мүмкін. Ал баспасөзде бұл бөлек жанр. Әдеби ой-пікірлерді кеңінен насихаттау үшін әдеби сын баспасөздің мақала жанрын барынша пайдаланады. Мақаланың мақсаты-әдеби өмірде болып жатқан маңызды құбылыстарды, оқиғаларды талдап-бағалау, оның заңдылықтарын ашу, оқырмандарға түсіндіріп отыру. Мақала теориялық, айтыс, ғұмырнамалық, ескертпе болып өз ішінде бөлінеді. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПОРТРЕТ-жазушы туралы құжатты «очерк». ӘДЕБИ ШОЛУ-аннотация, рецензия, шығармашылық портрет, мақала сияқты сын жанрлары негізінен әдеби өмірдің бір ғана құбылысын, не мәселесін қарастырып, сол төңіректе ғана сөз қозғайды. Негізгі зерттеу объектісі әдеби өмір, мақсаты соны шолып, пікір білдіру. ЭССЕ-әдебиет жайлы құнарлы ойлардың бір бұлағы, әдебиетіміз, қаламгерлеріміз хақында жүректі жарып шыққан пікірлерді оқырманға жеткізудің бір арнасы.(Дандай Ысқақтың «Сын өнері» атты кітабы бойынша)
Мұхтар Мағауин шығармаларындағы ұлттық рух. Сәуір 28, 2008
Posted by arsenal777 in Категориясы жоқ, публицистика.Tags: Мұхтар Мағауин, ұлттық рух
add a comment
(жалғасы)Лашынның өзіндік ішкі әлемі арқылы барлық қазақ болмысын, адам бойындағы жағымды жағымсыз қасиеттері мен қылықтарын, шағын ауыл адамдар өмірін автор шын шеберлікпен бейнелеген. Ауыл адамдарының қоғмның өзгеруімен қоса ұлттық болмыстың жоғалуына, адам бойындағы күндестік, пасықтық мінездеріне, сол дәуірдегі орыстану процестеріне деген жазушының наласы тазы лашынды сөйлету арқылы биік дәрежеге көтерілген. Өмірінің соңына дейін табиғи дарындылығы арқылы аңшылықты дәріптеп өткен Қазы, өмірлік жары Айсұлу, көнекөз қария Омар ақсақал, пасық Есенжол сияқты образдар арқылы повестің ұлттық коллориті басым болып тұр. ″Осы қабырдың дәл іргесінде қыран тазы Лашынның да қаны төгілген-тін. Бірақ оны ешкім де білмейді. Тазыдан қалған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай да тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты. өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілді ең соңғы тазы еді.″Дарынды сыншы Сағат Әшімбаев өзінің ″Парасатқа құштарлық″ атты еңбегінде осы повестке берген бағасы, бүгінгі таңның басты проблемасымен салыстыра кеткен жөн. М. Мағауиннің ″Тазының өлімі″ повесінде негізінен кәдімгі ауыл өмірі суреттелген. Сол ауылдағы өсу мен өмірді, оздық дәстүрмен тозық салтты, адамдар арасындағы моральдық өсуді көрсетуді көздеген. Шағын ауылдағы сыры кетсе де сыны кетпеген халықтық қадір-қасиеттерді бүгінгі тұрпатымен байланысты сөз еткен. Мұхтардың кейіпкерлерінің портреттік, психологиялық мінездемесі мен тазысына дейін ешкімге ұқсамайды. Автор бәрін өзгеше берген. Тіпті өзі көтеріп отырған моральдық проблемалардың сөз болуы да өзгеше. Мұхтар ит туралы жазу үшін өмірден өзі білетіндеріне қоса басқа жазылған дүниелерді де қайта шолып өткен сияқты. Қазақ о бастан шын мәніндегі серілікті қатты қадірлеген халық. Бұның екінші жағында өмірдегі, табиғаттағы, адам бойындағы әсемдікті, пәктікті, сұлулықты қадірлеп жатқан жоқпа? Баптап қыран құс ұстауы, желмен жарысқан алғыр тазы жүгіртуі, үкілеп бәйгеге бұлақ бойын, шалқар өзендер мен көлдер бойын жағалай көшіп-қонуы тегін емес еді. Бұл да табиғатқа деген іңкәрлік сезімімен астасып жатыр. Иесі Қазының өлімі – шындығында Лашын тазының өлімі еді. Қазақ қадірлеп өткен Тазы бабалардың ата кәсібі болған, серіліктің тірісінде басынан сөз асырмаған Қазы рухының өшуі деп білеміз. Иә, Есенжол сияқтылар қай қоғамда да Қазылардан кейін өледі, көп нәрсеге бұрын қолдары жетеді Оларға сырдың суы сирағынан келмейді. Он Қазыдан бір Есенжол қауіпті тип. Түбінде осы бір қауіпті типтің көбеюінен ғана қорқуға болады.″ Демек, кемеңгер сыншының бұл шығармаға берген бағасы бүгінгінің күн қоғамының жан айқайын әр бір оқырман қауымға санасына жат емес екеніне және де бұл дерттен айығудың тек бір ғана жолы ұлттық болмыс пен рух мәселесін жоғары қою керектігін баса айта кетеді. Сонымен қатар қазіргі ортамызда жүрген Есенжол сияқты пасық адамдар қоғамымыздың құлдыратыны сөзсіз анық. (жалғасы бар)
Мұхтар Мағауин шығармаларындағы ұлттық рух. Сәуір 17, 2008
Posted by arsenal777 in публицистика.Tags: Мұхтар Мағауин, ұлттық рух
2 comments
(жалғасы) ″Тазының өлімі″ повесі шоқтығы биік туынды. Басты кейіпкер Қазы мен тазы Лашын арқылы қазақ халқының салт-санасын, әдет-ғұрпы мен аңшылық, саятшылық өнердің қыр-сырын көрсетеді. Ондағы лашынның иесіне деген адалдығы, аңшылықтағы қырағылығы, өз ішінен тірегі берік, байлауы мықты ой түюі автордың қазақтардың жойылып бара жатқан ұлттық болмысын жандандыруының көрінісі. Күшік кезінен асырап, алғыр тазыға айналдырып өзіне өмір серігі етіп алған тазының иесіне деген адалдығын көруге болады. Лашын көзін ашқаннан бергі айналадағы дос пен қасты, жаман мен жақсыны, ақ пен қараны тани білген. Жер жүзінде адамнан асқан күш иесі жоқ екеніне күмәнданбаған…″Жұмбақ жайттар молайған сайын лашынның адамның құдірет, күшіне деген сенімі арта берді. Өстіп жүргенде болған бір ерекше оқиғадан соң Лашын жан иесі атаулының бәрі адамзатқа бас ұратынына таңырқауын қоймады, адамның басқа мақұлықтардан артықшылығын құлай мойындады. Әділ екеуі қарақат теріп, кезекті сапардан қайтып келе жатқан. Беткейдегі шоқ ұшқатты айнала беріп еді, қарсы алдарында шылбыр бойындай жерде ғана тұрған Бардасоқтың үстінен түсті. Үнемі аш жүретін қара төбет тышқан үйге жем-шөпті талқан етіп шашып тастап енді жұмсақ топырақты бұрқыратып жатыр… сабалақ төбеттің баяғыда күшігін талағаны сонда ғана есіне түссе керек, Әділ еңкейіп жерге қол созды. Тысырды құлағы шалған төбет басын іннен жұлып алды, бірақ қауіпті тым кеш аңғарған екен, бұрыла бергенше ауыр тас қара қабырғадан сарт етті…. Екі аяқтылардың ең кішкентайы Әділ мынаны істегенде үлкендері қайтпек? Бірақ осы оқиғадан соң Лашын әлемде құдіретті күш иесі – тәңірі барлығына және оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ екеніне ден қойды. Бұл тәңірінің аты – Адам еді.″(жалғасы бар)
Мұхтар Мағауин шығармаларындағы ұлттық рух. Сәуір 8, 2008
Posted by arsenal777 in публицистика.Tags: Мұхтар Мағауин, ұлттық рух
2 comments
Бүгіннен бастап блогымда “Публицистика” айдарымен курстасым, әрі досым Ысқақова Мөлдірдің ғылыми мақаласын жариялай бастаймын. Мөлдір ҚарМУ филология факультетінің 4-курс студенті. Сүйіп оқитын жазушыларының бірі Мұхтар Мағауин.
Осыдан Қазақ әдебиетінде ұлттық рухтын туын көкке көтеріп жүрген, адамгершілікті, ізгілікті өмірлік мұраты еткен жан жұмыр жер бетіндегі әділетті өмір үшін күреседі. Сұрағы көп шешуі жоқ, шырғалаңы көп мына өмірде адамның адамдығын сарапқа салар, халқының мұңы мен зарын, әр бір пенденің бойындағы тоғышарлық, қатыгездік т. б.мінез-құлықтарды, адамдық негізін аяқ асты қылған, ұлттық рух пен болмыстан ада болып бара жатқан қалың бұқараның бет алысына тосқауыл болар тек қуаты күшті, сөзі уытты көркем туындылар ғана болмақ.
Ұлттық әдебиетіміздің кемелденуіне үлес қосқан, өзіндік менін, халқының менін қалыптастыруда бар ғұмырын арнап келе жатқан дарын иесі, көркем сөздің майталманы, кемеңгер жазушы М. Мағауин қазақ халқының сан ғасырлық тарихи шырғалаң жолдарын шығармаларында сыр шертеді.
Жазушы шығармалары қазақ халқының сонау көне заманнан бергі бүгінгі таңға дейінгі өмірін зерделеп, келер ұрпаққа өсиет етеуді мақсат тұтқан. Ұлттық болмыс пен рухты, салт-сананы дәріптеген қаламгердің қыл қаламынан туындаған ″Көк мұнар″, ″Тазының өлімі″, ″Көкбалақ″, ″Жүйрік, ″Жыланды жаз″ сынды т. б. көркем туындылардын дүниеге әкелді(жалғасы бар).
Азаматтық журналистика - Citizen journalism Наурыз 26, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, медиа, публицистика.add a comment
БАҚ өміріндегі тың әрі өткір мәселелерді көтеріп, халықтың ойларын, ұсыныстарын ортаға салатын, әртүрлі көзқарастардың көрініс табатын, нағыз плюрализмнің мінберіне айналатын болса, масс-медиа жүйесі өз тұтынушылары үшін жаңа мүмкіндік жасау тиіс. Оқырман, тыңдарман, көрермен қауымды БАҚпен тығыз байланыста ұстап, оларды медиа ісіне тарту, шығармашылыққа, ақпарат жинауға қарапайым тұрғындардың араласуын және күнделікті тіршілік түйткілдерінің, әлеуметік проблемалардың басты тақырыпқа айналуы азаматтық журналистика құбылысын туындатады. Әлемтордағы ашық энциклопедия «Википедияға» сүйінсек, Азаматтық журналистика - ақпарат жинауда, есеп беруде, сараптама жасауда және жаңалық таратуда белсенді рөл атқарады. Азаматтық журналистика – БАҚ арқылы ақпарат тарату үздіксіз процесін қарқынды етуге көмектеседі. 2003 жылы Online Journalism Review атты мақалада Джей Ди Лассика азаматық журналистикадағы БАҚты осылайша сараптайды:
1) аудиторияның қатысуы(мысалы, интернеттегі мақалаға қосылған оқырманның пікірі, вебкүнделіктер, мобильді телефондардағы камераға түсірілген бейне, аудио файлдар, жергілікті тұрғындардың жаңалықтары);
2) тәуелсіз жаңалықтар мен ақпараттық сайттар;
3) жаңалық жариялайтын сайттардың интернет пайдаланушыларды ақпарат жинауға қатыстыру;
4) жеке сайттар;
Осыдан біз сайтта, әлеуметтік жүйенің жеке бетінде немесе блогта видео, аудио, мәтін өнімдерді орнатып, басқалардың осыны жүктеп алуға немесе өзіндікін қосуға мүмкіндігі жасалынатынын көреміз. Ал ақпараттық технологиялар маманы, журналист, әрі блогшы Дэн Гиллмор бүгінгі азаматтық журналистиканың көшбасшысы деп айтуға болады. Ол коммерциялық емес Азаматтық БАҚ Орталығын құрған және өзінің «Біз- медиа» атты кітабында: «Азаматтық журналистика-бұл адамзат үшін адамдармен жасалынған журналистика» деп жазады. Нью-Йорктағы Университеттің журналистикадан оқытушы маман Джэй Роузеннің айтуынша: «Азаматтық журналистер – бұл біз бұрын аудитория деп атаған адамдар», бұл жерде автор бүгінгі блогтарға баға берді деп айтуға болады, себебі блогшылар өзі қызықтайтын немесе зерттейтін салада материал жариялайды. Интернеттегі жаңалықтар ТВ және радиодан да жедел ақпарат жариялайтын болды.
«Сакура бұтағы» авторы Всеволод Овчинников Қараша 26, 2007
Posted by arsenal777 in публицистика.2 comments

Бұл кітаптың мазмұны Жапония мен жапондықтардың өмірі жайында. Автор кітапты «Олардың талғамы, Олардың өнегесі, Тұрмысы мен еңбегі, Олардың күнкөрісі.» деп, біренеше бөлімге бөледі. Овчинников өз еңбегінде бір тұтас елді оның халқы арқылы көрсеткісі келеді, капиталистік саяси әлем мен елдегі билік механизмдері туралы ой қозғайды. Ал Жапонияның журналистикасы жайында айтатын болсақ, автор: буржуазиялық баспасөздің бәсекелестігіне қарамастан, баспасөз-конференциялардағы баспасөз-клубтарының жүйесі туралы мағлұмат береді. Бұл жүйе арқылы әр мемелекеттік мекеме, саяси партия немесе қоғамдық ұйым өзінің ресми ақпараттарын барлық БАҚтарға бірдей таратуы (жария етуi) тиіс. Сонда жаңалық монополиялық құндылыққа айналмай, барлық баспасөз органына ортақ болады.
Қараша 19, 2007
Posted by arsenal777 in публицистика.1 comment so far
Бiреудi сағынудың ең жаманы-онымен бірге бола тұра, оның ешқашанда сенікі болмайтынын білу.
Алдымыздан бізге қажет емес адамдардың жолығуы да Алланың жазғаны болуы мүмкін, себебі кейін өз жалғызынды тапқасын, алғыс білдіреміз.
Басымыздан өткен әр оқиғаның өз себебі болады.
Сенің көз жасына ешкім тұрмайды, ал егер ондай адам бар болса, ол сені еш уақытта жылатпайды.
Габриель Гарсиа Маркес
Эссе жайында Қараша 16, 2007
Posted by arsenal777 in публицистика.2 comments

ҚарМУ Филология факультеті журналистика бөлімінің 4-курс студенті
Сембекова Әлия Қарағанды қаласы
Данная статья рассказывает о художественно-публицистическом жанре эссе, о его истории, основной функции и роли в мировой литературе и в частности в журналистике.
Эссе – ақиқат ұлылығы.
Әдебиет-керемет қоғамдық күш.
Д.И. Писарев
Әдебиет халықтың кешегі өмірін, бүгінгі тынысын кестелеу арқылы белгілі бір кезеңдердің көркем шындығын көрсетеді. Қай елдің әдебиетінде болса да көркем шығармашылықтың құнды жанры ретінде эссе туындап жатады. Әр жанрдың өз ерекшелігі мен өзіндік табиғаты бар. Әдетте бір жанрға қойылатын талапты екінші жанрдың табиғаты көтере алмайды. Вольтер:«Жалықтырып жіберетін жанрдан басқасы бәрі жақсы»-деген. Шынымен де, қызықсыз жанр болмайды, бұл тікелей жазушының көзқарасына, идеясына, бейнелеу, жеткізу әдісіне байланысты дүние.
З. Қабдолов: « Жанр-даму үстіндегі ұғым. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанр олардың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді. Мұндай ерекшеліктер, бір жағынан, әр әдебиеттің ұлттық сыр-сипатымен тығыз байланысты болса, екінші жағынан, әр жазушының әлеуметтік орта мен әдеби процесстегі атқарар роліне, алар орнына байланысты.»(1/360) Жанрлардың ішіндегі қандай құбылыстар болмасын белгілі бір стильдік, көркемдік мақсатта жұмсалып, көркем шығармалардың ішінде айрықша қызметке ие болып тұрған жанрлардың бірі - эссе жанры.
Эссе жанры - тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше талғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлсек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын философиялық, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің жанры. Әдебиеттегі эссе-соны пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманды ой теңізінде жүздіретін таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлемнің азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдаумен ерекшеленетін көркем туынды. Эссе табиғаты сыршыл сезімге, тіл бояуларының айрықша салтанатына, әшекейлі композицияға құрылады. Өзгеше бітімді бұл өнер туындысында эссеист интелектуалдық байлығын, өмір саяхатындағы көрген-білгенін, сезінген-түйгенін тәжірибелерін жомарттықпен жайып салады. Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән.(2/37
«Эссе» сөзі француз тілінен аударғанда тәжірибе, шығарма, мүмкіншілік деген бірнеше мағына береді. Бұл жанрдың негізін салушы француз ойшылы Мишель Монтень («Опыты», 1580-1588 г.г.) Н.Л. Лейдерман, Л.В. Куприяновский, З.И. Кирнозе, Г.М. Цвайг сияқты зерттеушілер бұл жанрды автобиография, биография, күнделік, мемуарлар, очерк, эпистолярлық әдебиет, құжаттық драма және т.б. қатарына жатқызады. Осы жанрлар кейінгі антика дәуіріндегі өнер түрімен ұқсас болып келеді, ал тарихы көркем-құжаттық әдебиет ғылымға талпыну мен адамды, қоғамды, тарихты көркемдік жағынан зерттеу кезі - Қайта өрлеу дәуірінде бастау алады. ХХ ғасырда «фактілік әдебиет» туралы Иржи Гаек былай деп жазады: «Репортаждар, лирикалық, поэтикалық эсселер, биографиялық новеллалар-бұлардың барлығы дерлік «сюжеті жоқ», «перифериялық» жанрлар және қазіргі таңда олардың ролі өте зор. Олар әдебиеттің маңызды және ажыратылмас бөлшегіне айналды.» З.И. Кирнозе бұл феноменді ХХ ғасырдағы романның құлдырауымен байланыстырады.(3/1) Бүгінде эссе жанры жаңа рөлге ие, маңызды функция атқарады, нақты айтатын болсақ, Республика деңгейінде өтетін кейбір шығарма бәйгелері осы жанрда ұсынылып жарияланады, бұның себебі-эссе жанры жеке тұлға тарапынан баяндалатын хабарламаны талап етеді.
Соңғы жылдары эссе жанры баспасөз беттерінен қайта көріне бастады. Бұның себебі - эссенің газет беттеріне қайталамас реңк, ерекшелік әкелуінде. Қазіргі заманғы эссенің негізі - қоғамдық өмірдің әр саласындағы құбылыстарынан пайда болған «теория», анықталған концепцияны ерекше бейнелеу мен жеткізуде жатыр. Эссеистың ойлау деңгейі «глобальдылық». «Глобальды» деңгейде ойланудың маңыздылығы ең алдымен адамдардың күнделікті өмірде негізгі мәселелердің ішінде көкейкесті, өтпелі кезеңдерді анық байқауға көмектеседі.
Журналист Жидегүл Әбдіжәділқызының айтуынша: «Эссе-журналистің адамгершілік көзқарасын танытатын, авторлық позициясын айқындайтын, кәсіби деңгейін аңғартатын, қалың бұқараның санасына тікелей ықпал
етіп, сол арқылы қоғамдық пікір тудыратын жанр». (4/7) Яғни, журналистік тұрғыдан қарастыратын болсақ, өте тиімді, әрі журналистік функцияны атқаруға мүмкіндік жасайтын жанрлардың бірі. Өкінішке орай, кейбір эссе жазушылары оның негізгі қисынын, жанрлық ерекшелігін, құрылымдық сипатын біле бермейді, көбінесе , ойша болжаммен жазады. Себебі, олар бұл жанрдың тарихынан, мән-мазмұнынан бейхабар. А.А. Тертычный қазіргі баспасөздегі эссенің бірнеше түрлерін қарастырады, біз солардың ішіндегі ең көп таралған 4 түріне тоқталайық:
Публицистикалық эссе. Бұндай эссенің ерекшелігі күн тәртібіндегі, аудиторияны қызықтыратын мәселелерді қозғауында (мысалы өлім жазасына мораторий жариялау, терроризм т.с.с.).
Әдеби-сын эссе. Бұл әдеби шығармалар жайында жалпы ой-толғаныстар. Әдеби-сын эссенің рецензиядан айырмашылығы-эсседе шығарма детальды түрде талданбайды. Эссеист әдеби шығарманың жалпы заңдылықтарын көрсетуге тырысады, нақты шығарма арқылы өз пікірін білдіреді, идеясын өрбітеді.
Философиялық эссе. Автор эссенің бұл түрінде көбіне болмыстың жалпы мәселелерін, оның қоғамға, жеке адамға әсері туралы сөз қозғайды. Материя және рух, өмір және өлім, олардың бірлігі мен күресі-авторды толғандыратын тақырыптар осы.
Ғылыми эссе. Бұл эсселер жалпы ғылыми мәселелерге байланысты болып келеді. Техникалық жетістіктер, өркениет тағдыры, техника мен адам арасындағы қақтығыстар, ғылымның ізгіліктендірілу жолындағы әдістер мен мақсаттар және т.б. (5/217)
Эссе автордан логикалық жағынан жүйелі ақпаратты талап етеді. Эссеист өзінің ой-толғанысында бір немесе бірнеше пікірді жақтайды немесе оларға қарсы шығады. Автор өз ойын факт пен логикалық негіздеу арқылы дәлелдеп қана қоймай, бұл ақпаратты аудиторияға түсінікті түрде жеткізу керек. Мысалы Қазақстан жазушысы Марат Қабанбайдың «Қазақ қайда барасың?» атты шығармалар жинағында : «Қазақ тілі, ділі, діні жүретін аумақтар Арал теңізіндей тартылып барады.» деген үзіндінің өзінде «Ханнан да, қарадан да биік ана тіліміздің күні не болады?» атты эссенің тақырыбын толық ашу үшін оқырманға түсінікті, әрі актуалды теңеу қолданады. (6/19) Мәтін хронологиялық тәртіпке келтіріліп, бірден түсінуге қиын ой-пікірлер мысал келтіру арқылы, ал соңында ойды қорытып, түйіндеп жазылған эссені эссе деп атауға болады. Бұл жанрға арналып жазылған ағылшын, француз, американ әдеби теориялық шығармаларда ХХ - ғасырдағы эссеның «көкейкестігі», «өміршеңдігі» туралы көп айтылады. Дональд Друэрри өзінің «Varieties Of The Essay» еңбегінде эссенің әдебиет формасының шегінен асып, мерзімді баспасөз, баспадан жаңа шыққан кітап сияқты өте маңызды екенін жазады. Телевидение мен радионың өзінде эссе жанрдағы материалдар жиі дайындалынады.
Ағылшын ғылымдары Роберт Скулз бен Карл Клаустың еңбектерінде эссе Платонның «ақиқат ұлылығымен» байланысып қарастырылады, ал бұндағы жанрдың негізігі функциясы - «сендіру»(«persuasion»).(3/3) Эсседегі бізбен ой бөліскен адам бізді өзінің көзқарасының дұрыстығына сендіреді, әрі оқырман эссеге көз жүгірткенде, білімі терең, дүниетаным деңгейінің көкжиегі кең, өресі биік, аз сөзбен көп мағынаны қамти алатын, өмір, қоғам, тіршілік туралы өз тарапынан ой қоса алатындай болуы тиіс. Мысалы Қазақстан әдеби сыншысы, журналист Амангелді Кеңшілікұлының «Гогольдың өлімі атты» шығармасында: «Өмірінің соңында жазған Гогольдің «Жазушының жан азасы» еңбегін оқыған сайын өмір дегеніміздің адам мен сайтанның арпалысы екендігіне көзім жете түскендей болады. Сол сайтанды жеңу-халықтың ар-ұятының өлшеміне ғана байланысты….Менің ойымша, өз халқының келешегі үшін шын жаны ашитын жазушы оны өтірік мақтап емес, Гоголь сияқты ашына сүю керек, ашына!»(7/ ![]()
Г. Марсель, П. Телар де Шарден, С. Вейля, М. Мерле-Понти және т.б. философтардың эссе жанрындағы шығармаларында француз менталитетінің ерекшеліктері ішінде философиялық және көркем өнер саладағы ойлардың туыстығын анық көрсете білген. ХХ ғасырдағы эссеист, «сын метафизигі» М. Бланшо өзінің әдеби-сын эсселерімен танымал болған. Ол «Әдеби кеңістік» атты эссесінде философия мен әдебиеттің жақындастығын дәлелдеу үшін Новалистің: «Біз бүкіл Ғаламшарға саяхат жасауды армандаймыз, сонда әлемнің өзі бізде емес пе?» деген сөзін қолданады.
Сонымен, эссе ғылыммен, публицистикамен және көркем әдебиетпен байланысты, дегенмен олардың ешқайсысына да тікелей қатысы жоқ жанр. Эссе көбінде «сараптамалық әдебиетке» жақын болып келетін және философия, әдебиет, саясат, сын, өнеге, эстетика, идеологияны объект ретінде қолданып, соларды сараптайтын жанр. Эссе үшін ең маңызды факторлар: өзектілілік, экспрессивтілік және бейнелілік. Жалпы сәтті жазылған эсселердің авторлары философтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, өнер зерттеушілері, жеке салада хабардар журналистер бола алатынына өмірдің өзі дәлелдеп жүр, демек эссе жанры автордың интеллектуалдық байлығына, өмірден білген, көрген, сезінген, түйгенін халыққа жеткізу стилінің өзіндік ерекшелігіне байланысты деген қорытындыға келуге болады.
Әдебиеттер
1. Қабдолов З. Сөз өнері.-Алматы: Санат, 2002.
2. Әдебиеттану терминдер сөздігі (Құрастырушылар:З.Ахметов,
Т.Шаңбаев) Алматы: Ана тілі,1998.
3. Т.Ю. Лямзина Жанр эссе (К проблеме формирования теории) интернеттен
4. Журналист газеті №9(34) қыркүйек 2005
5. Тертычный А.А. Жанры периодической печати. М.:Аспект Пресс,2002
6. Қабанбай Марат Қазақ, қайда барасың? Алматы Қазақстан 1995
7. Жас қазақ газеті, №3(55) 27 қаңтар 2006
Жастар басылымы жайында… Қараша 16, 2007
Posted by arsenal777 in медиа, публицистика.5 comments
Мен 2ші курста оқып жүргенде осы мақаланы қалалық газетке жібергем. Контекстті өзгертпей, Қарағанды жастары ғана емес, бүкіл қазақ жастарына үндеу ретінде осы мақаламды блогқа жариялаймын.
Жастар басылымы қайда екен?
Қал нешік, Сарыарқа жастары? Сендердің халдерінді сұрайтын қазақша басылымның жоқтығы кімнің кінәсі? Сонау 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін дүниеге келген «Қарағанды жастары», кейін «Замандас» деген атпен шығып тұрған жастар газеті Кеңес одағы құлап, қаржы тапшылығына ұшырап жабылып қалған. Осы басылымның редакторы, танымал журналист Төлеубай Ермекбаев электронды Арқа-ақпарат газетінде шыққан сұхбатында (03.12.2003): «…Қаржылық қолдаудан айнып кетпейтін құрылтайшы болса, жастар газетін шығарып тұруға болады ғой. Тек соны «Қарағанды жастарын» іздегендей тұрақты түрде іздеп жүріп оқитын жастар бола қояр ма екен?…» Шынымен де, сапалы газет шығару үшін қаржы керек, бірақ қазақ басылымдарының тарихына үңілсек, 1916 жылы жарық көрген демократиялық-ағартушылық бағыттағы, Алаш азаматтарын бірлікке шақырған алғаш қазақ басылымдардың бірі «Алаш» газеті қымбатшылық пен жоқшылыққа қарамай 50 шақты санын шығарып үлгерді. Сол кездегі «Айқап», «Садақ», «Жас қазақ» басылымдары қатаң цензураға қарамастан халқымыздың күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерін қамтып отырды. Осыны ескере отырып, құрылтайшы жоқтығынан газет шығара алмадық деген жауаптар өз күшін жояды. Мүмкін біреулер, газетке жарайтын материал жазатын жастар саусақпен санарлық деп айтар, бірақ қаламыздағы поэзия, прозаға қалам тербейтін студенттер мен мектеп оқушылар аз емес және де тағы айта кететін бір жайт - Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасы кәсіби мамандарды дайындап жатқанда, бұл пікір шындыққа жанаспайды. Қарағанды облысы бойынша жастарға арналған қазақша басылымның ролі өте зор. Бұндай газет елшіл, отаншыл азамат қалыптастыруда, ұлт пен тіл, дін мен діл, рух пен намыс сияқты тақырыптарды көтеріп, шығармашылықты дамыту мақсатымен мүшайра, үздік шығарма сайыстарын өткізу, жастар проблемаларын (оның ішінде тұрмыс үй, жұмыспен қамтамасыз ету, психологиялық көмек, т.б.) шешуді міндетке алатын болса,
азаматтық журналистика функциясын атқаратын нағыз басылым болар еді.
