Ең Үздік Блогтар. Мамыр 8, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг.Tags: Add new tag, сауалнама, қазақ блогосферсы, қазақ блогтары, қазақ блогшылар
9 comments

Құрметті қазақ блогшылар және оқырмандарымыз, диплом жұмысымның қосымшасына «Қазақ блогтардың Үздік Бестігі» қажет болып тұр. Олардың критерийлері мыналар: блогтың жаңартылуы және жарияланған ақпараттың маңыздылығы. Осы тұста тәжірибе, яғни блогтардың өмір сүру мерзімімен санасу да қажет сияқты.Сонымен, сіздің үздік бестігінізді білгім келеді. Пікір білдіріп, Қазақ блогосферасының Ең Үздік Блогтарын бірге анықтайық.
Сүйікті оқырман! Сәуір 28, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, медиа.Tags: сауалнама, қазақ блогшылар
21 comments

Сүйікті оқырманыңыз кім? Блогыңызды үнемі оқитын, пікір қалдыратын оқырман емес пе? Солай болса, осы оқырман жайлы сөз етсек…
«Қазақ блогшыларына пікір қалдырып жүргендердің келбетін анықтау» ойы Асхат ағаға келген еді. Былай қарасаңыз, сіздің жазбаларыңызды үнемі оқитындар тек қана блогшы емес, сонымен қатар блогы жоқ болса да, осындағы ақпаратты қызықтайтындар. Мен білетіндерден Айко(толық атын білмеймін), Сәкен, kazakh, Ақшақар, Тоты, Керім…қалғандарын өзіңіз толықтырасыз деп ойлаймын(пікірлер ішінде). Сонымен, осы оқырман үшін блогымда сауалнама жариялаймын, ал сіздер осындай оқырмандардың адрестерін білетін болсаңыз немесе хабарласып жатсаңыз, айта салуыңызды сұраймын!!!
Сұрақтар:
1) Блогтарды жиі оқисыз ба?
А) күнде
Ә) аптасына 3-4 рет
Б) айына бірнеше рет
2) Блогтардың авторларымен таныссыз ба?
А) көп блогшылармен жиі хабарласып тұрамын
Ә) мен оқитын блогтардың иелері – жақын дос(тар)ым
Б) жоқ, блогтағы пікірлерді санамағанда араласпаймыз
3) Қандай қазақ тілді блогтарды оқисыз?
А) Әдеби(өнер/шығармашылық)тақырыпта
Ә) Ақпараттық технологиялар тақырыбында
Б) Діни тақырыпта
В) Әртүрлі тақырыпта
4) Қазақ блогтарға не жетіспейді?
А) шеберлік(сапа)
Ә) үнемі жаңартылатын блог саны аз(ұқыптылық)
Б) бәрі бар
В) өз жауабыңыз
5) Қазақ блогтардың қазіргі жағдайы?
А) бұрынғымен салыстырғанда жақсырақ
Ә) бұрынғымен салыстырғанда қызықты жазбалар аз
Б) әлі де болса көп жұмыс жасау қажет
Қазақ блогосферасы жайында Сәуір 20, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, статистика.Tags: сауалнама, қазақ блогосферсы, қазақ блогтары
26 comments

2007 жылдың қараша айында «Неліктен блог бастадың?» деген сауалнама қазақ блогшылардың ортақ блогы «Блог туралы блогта» жүргізіле бастады. Блогшылар төмендегідей жауап берді, Бақытнұр: «Блог жазу арқылы адам өзін басқаға танытумен қатар, менің қолымнан не келеді деп, өзін-өзі тани біледі. Қазақ қоғамына блог жазу Қазақ Ғаламторына өзіндік үлесін қосу арқылы көмектесе алады», Жанарбек: «Блогты жеке басымның күнделігі ретінде қолданамын. Бөліскім келген ойларды, тәжірибелерді, суреттерді және жаңалықтарды осы блог арқылы уақытқа не орынжайға бағынышсыз түрде әлемнің әр түкпіріндегі адамдармен ой пікір алмаса аламын», Бақытгүл: «Қазақ тілінде блог жазуға ықылас білдіргенімде, ойымда бірнеше тақырып болды. Соның бірі білім және білімдегі ақпараттық - коммуникациялық технологиялар болса, екіншісі дүние жүзіндегі танымал, тіпті танымал болмаса да қызықты “әдеби сыйлықтар” тақырыбына шолу жасап, қазақ тілді оқырмандарды әлем әдебиетінде болып жатқан жаңалықтармен таныстыру еді»-деп өз пікірлерін білдірді. Сонымен, қазақ тіліндегі ақпаратқа деген қажеттілік блогтардың өмірге келуімен шешілді. Блогтағы материалдарды жастар да, ересек адамдар да жиі оқиды. Іздеу моторында «ақпарат технологиялар», «әдеби жаңалықтар», «қазақ басылымдары», «салт-дәстүр», т.б. сізге қажетті сөздерді енгізіп көрсеңіз, қазақ тіліндегі жеке веб-беттерге тап боласыз. Мұндағы мағлұмат тегін, ашық. 2008 жылдың басында «Азаттық радиосы» “Жас толқын” бағдарламасында қазақ блогосферасына қатысты жиі-жиі хабарлар беріп тұратын болды. Сол хабардың бірінші санында Асхат Еркімбай, Бақытгүл Салықова мен Қуаныш Мағзұмов блог не үшін қажет, қандай тақырыпта жүргізіледі, қоғам үшін маңыздылығы жайында сұхбат берді. Ал BBC Орта Азия елдері бөлімінің радио тілшісі Жаңа медиаға арналған бағдарламасында белсенді қазақ блогшыларымен сұхбаттасып, қазақ блогосферасына деген қызығушылығын танытты. Қазақ блогосферасының дамуы жайында нақты мағлұмат алу үшін Асхат аға маған белсенді қазақ блогшылар арасында сауалнама жүргізіп көр, деп ұсыныс жасаған. Сауалнаманың нәтижесінде жауап бергендердің 57% блогтарын бір жыл, ал 27% жарты жыл, 14% бір жылдан көп жүргізгенің көруге болады. Келесі сұрақ «Блог бастауға не түрткі болды» дегенге, блогшылардың 86% «жеке қызығушылығым» деп жауап берді. Жеке веб-бет жүргізгенде блогшылардың 57% ешқандай қиындық болмағаның, ал 43% блогты жиі жаңартуға, басқа блогтарды оқуға мүмкіндігі шектеулі болғандығына себеп болған – интернет қызметінің қымбатшылығы деп жауап берген. Жеке веб-беттегі мағлұматтың маңыздылығын бағалау кезінде блогшылардың 43% қажетті ақпараттың жоқ еместігін мойындаса, 43% өзіңе қажетті ақпаратты блогтан тауып алатының көрсетті. Қазақ блог жүргізушілердің 71% әлеуметтік хабарлар, соның ішінде жаңалықтар немесе зерттеулерді, ал қалғаны ақпаратық технологиялар мен тұрмыстық кеңестерді жариялаймын деп жауап берді. Сонымен, қазақ блогосферасы не себепті пайда болды және оның маңыздылығы қандай екенің осы зерттеу барысында анықталды. Біріншіден, қазақ тілді Интернетті дамыту, өз білгеніңді басқаларға жеткізу, шығармашылықта немесе ғылымда өз идеяларды ұсыну және оларды талқылау сияқты негізгі себептер блогтардың танымалдылығына әсер еткендігі анықталды. Блог бастау үшін жеке қызығушылық және қымбат емес интернетке шығу мүмкіндігі болса, Қазақ блогшылардың саны және блогжазбалардың сапасы өсетіні сөзсіз. Жаңалық ашқаным жоқ, сонда да қызық болды :))))
P.S. Сауалнамаға қатысқандарыңызға көп рахмет.
Қазақ блогшылар!!! Сәуір 17, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг.Tags: сауалнама, қазақ блогтары
20 comments
Қазақ тілінде блог жүргізу бәріміз үшін әдетке айналды деп айтсам, қателеспейтін шығармын. Әдеті былай тұрсын, бұны парыз, міндет деп санайтын блогшылар бар екеніне күмәнданбаймын. Алғаш қазақ тілді блогтардың ішінде Эльвираның «Аспаздық» блогы 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап тағамдар рецептерімен бізді таныстыруда. Бұл блог дәстүрлі БАҚтағы салалық басылымдарына жақын, себебі тек қана аспаздық тақырыбына арналған. 2006 жылы журналист Асхат Еркімбайдың «Үрімтал» атты блогы әлеуметтік, саяси, діни тақырыптарды қозғайтын, электронды басылымға ұқсас, бүгінде ең көп оқылатын веблогтардың бірі болса, Бақытнұрдың блогы word press тұғырнамасында қателеспесем 2007 жылдың сәуірінен, Аршаттікі 2007 жылдың ақпаңынан, Қуаныштікі 2007 жылдың шілдесінен, ал Анар Алибаева мен Бақытгүл Салықованың жеке веб-беттері 2007 жылдың мамыр айында пайда болды. Қазақ блогтары әртүрлі бағытта, тақырыпта жүргізіледі. Олардың ішінде салалық блогтар(дін, әдебиет, салт-дәстүр, өнер, ақпараттық технологиялар, спорт) және бірнеше тақырыпты қамтитындары да кездеседі. Өткен жексенбіде Қазақ блогшыларының google group-та сауалнама ашқан едім. Оған жауап бергендер әзірге аз. Сондықтан сауалнама сұрақтарын осында жариялаймын. Жауаптарды пікірге тастауға болады.
- Блог бастағаныңызға қанша болды?
а) 6 ай
ә) 1 жылдан аз
б) 1 жыл
в) 1 жылдан көп
2. Блог бастауға не түрткі болды?
а) жеке қызығушылық
ә) жұмыс
б) достарым
3. Блог жүргізуде қандай қиындықтар бар?
а) интернет қымбатшылығы
ә) қызықты ақпарат жоқтығы
б) техника жағын түсінбеуім
в) қиындықтар болған жоқ
4. Блогыңызды қандай негізгі бағытта жүргізесіз?
а) ақпараттық технологиялар
ә) діни
б) шығармашылық(поэзия,проза,лирика,әдебиет)
в) аспаздық/тұрмыстқ кеңестер
г) әлеуметтік хабарлар(жаңалықтар/зерттеулер)
5. Қазақ блог жазбалардың ақпараттық маңыздылығын бағалаңыз:
а)мен үшін қажетті материалдар өте көп
ә)анда-санда қажетті ақпараттар жарияланады
б)маңызды/өзекті ақпаратты табу қиын
Блог түрлері Сәуір 5, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг.8 comments
Блогтардың авторы кез-келген адам бола алатыны бәрімізге белгілі. Заң немесе экономика саласында жазатын журналист немесе үй шаруасындағы әйелдің блогтары тақырып жағынан әртүрлі болатыны түсінікті, сонымен қатар жеке беттің мазмұны ғана емес, дизайны, орнатылған суреттері, ал ең бастысы оқырманы да әртүрлі болады. Осыдан біз блогтарды бір жүйеге келтіріп, түрге бөлгенді жөн көрдік.
Блог түрлері көп және оларды бір критерийге кіргізу оңай емес, себебі блог өзінің «еркінділігімен» ерекшеленеді. Мысалы, бір блогтың ішінде ғылыми тақырыптарға, автордың немесе кез-келген басқа адамның жекебас өміріне қатысты жазбалар және тұрмысқа пайдалы кеңестер болуы мүмкін. Осындай жағдайда блогтың жазбаларын салаларға бөлу – баспасөздегі Айдарлардың функциясын атқаратын бөлімдер бар. Жеке бетте «бөлімдер» немесе «айдарлар жинағы» деген жазудың астында автордың өзі құрастырған тақырыптарға сілтемелер жасалынады. Осылайша, бір блогтың ішінде бірнеше тақырыптарға жазбаларды жариялауға болады. Мысалы: суреттерім, аудармаларым, әңгімелерім, өлеңдерім, экономикалық зерттеулерім, т.с.с.
Тақырып жағынан блогтарды Ғылым, Саяси, Экономика, Дін, Спорт, Сән, Экология, Әлеуметтану, Мәдениет т.б. салаларға бөліп қарастыруға әрине болады, бірақ жоғарыда айтылғандай, бір блог бірнеше саланы қамтуы мүмкін, бұл заңды да. Себебі оқырман бір блогтан бірнеше тақырыпқа арналған жаңалық оқыса, уақытын үнемдейді, ал блогшы бірнеше тақырыпта сапалы ақпаратпен жеке-бетін қамтып отырса, танымалдылығы да, оқырман саны да күннен күнге артады. Блогтың түрін анықтау әдісі авторға блогжазбаларды жазу әдісі мен файлдық ерекшелігіне қарай бөлуге болады. Ашық энциклопедия «Википедияда» блогтар төмендегідей сұрыпталған:
Автор/Авторлар бойынша:
- Жеке(авторлық, жекеменшік) блог – бір адаммен жүргізіледі(яғни өзінің иесімен);
- «Белгісіздің» блогы – есімі анықталмаған блог иесі атыннан жүргізіледі;
- Ұжымдық блог – блог иесі тағайындайтын бірнеше адамның қатысуымен жүргізілетін блог;
- Корпоротивті блог – бір ұйымның қызметкерлерімен жүргізілетін блог.
Мультимедиа түрі бойынша:
- Мәтіндік блог – негізгі мазмұны тек қана мәтіннен құрылса;
- Фотоблог – тек қана фото өңімдерінен құрылған блог;
- Әуендік блог – тек қана ән-күйден құрылған блог;
- Подкаст және блогкастинг – блогтың негізгі мазмұны автормен оқылған МР3-түріндегі аудио файлдардан құрылады.
- Бейнеблог – блогтың негізгі мазмұны видеофайлдардан құрылған.
Мазмұн түрі бойынша:
- Контенттік блог – автордың алғашқы жазбасын өзгертпей жариялайтын блог;
- Мониторингтік(сілтемелік) блог – негізгі мазмұн басқа блогтардан алынған цитаталардан тұрады;
- Сплог - спам немесе Интернет пайдаланушы үшін рұқсатсыз жіберелетін жарнама мен хабарлардан тұратын блог.
- Тамблелог – басқа блогжазбалардан айырмашылығы қарапайымдылығында. Бұл блогтың түрі қойындәптерге ұқсас және Тамблелогтың бірнеше түрі бар:
1. қарапайым блогжазба;
2. сілтеме немесе тек қана бір салаға байланысты сілтемелер тізімі;
3. цитата;
4. әңгімелесу, мысалы Интернет арқылы 2 адамның хат алмасу арқылы пайда болған диалог;
5. бейне: фото немесе сурет;
6. YouTube, Yahoo.Video, My space сияқты сайттарда видеоны орнатып, блогта оған сілтеме жасау. Бұл сілтемелер бір тақырыпта топтастырылуы немесе әртүрлі болуы мүмкін.
Техникалық неізі бойынша:
- Stand alone(автономды) блог – бөлек хостингтегі немесе тұғырнамадағы блог. Бұндай блогтар веб-кеңістікте нақты иесінің жеке меншігі болып табылады;
- Блог-тұғырнамадағы блог – блог-қызметтер((Livejournal, Liveinternet т.б. сияқты) негізінде жүргізіледі;
- Моблог – мобильді веблог, бұндай блогтардың негізгі мазмұны вебте мобильді немесе портативті құрылғылар арқылы орналасады. Телефон немесе сандық құралдардың көмегімен қашықтықтан жаңартыла алатын блог.
Азаматтық журналистика - Citizen journalism Наурыз 26, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, медиа, публицистика.add a comment
БАҚ өміріндегі тың әрі өткір мәселелерді көтеріп, халықтың ойларын, ұсыныстарын ортаға салатын, әртүрлі көзқарастардың көрініс табатын, нағыз плюрализмнің мінберіне айналатын болса, масс-медиа жүйесі өз тұтынушылары үшін жаңа мүмкіндік жасау тиіс. Оқырман, тыңдарман, көрермен қауымды БАҚпен тығыз байланыста ұстап, оларды медиа ісіне тарту, шығармашылыққа, ақпарат жинауға қарапайым тұрғындардың араласуын және күнделікті тіршілік түйткілдерінің, әлеуметік проблемалардың басты тақырыпқа айналуы азаматтық журналистика құбылысын туындатады. Әлемтордағы ашық энциклопедия «Википедияға» сүйінсек, Азаматтық журналистика - ақпарат жинауда, есеп беруде, сараптама жасауда және жаңалық таратуда белсенді рөл атқарады. Азаматтық журналистика – БАҚ арқылы ақпарат тарату үздіксіз процесін қарқынды етуге көмектеседі. 2003 жылы Online Journalism Review атты мақалада Джей Ди Лассика азаматық журналистикадағы БАҚты осылайша сараптайды:
1) аудиторияның қатысуы(мысалы, интернеттегі мақалаға қосылған оқырманның пікірі, вебкүнделіктер, мобильді телефондардағы камераға түсірілген бейне, аудио файлдар, жергілікті тұрғындардың жаңалықтары);
2) тәуелсіз жаңалықтар мен ақпараттық сайттар;
3) жаңалық жариялайтын сайттардың интернет пайдаланушыларды ақпарат жинауға қатыстыру;
4) жеке сайттар;
Осыдан біз сайтта, әлеуметтік жүйенің жеке бетінде немесе блогта видео, аудио, мәтін өнімдерді орнатып, басқалардың осыны жүктеп алуға немесе өзіндікін қосуға мүмкіндігі жасалынатынын көреміз. Ал ақпараттық технологиялар маманы, журналист, әрі блогшы Дэн Гиллмор бүгінгі азаматтық журналистиканың көшбасшысы деп айтуға болады. Ол коммерциялық емес Азаматтық БАҚ Орталығын құрған және өзінің «Біз- медиа» атты кітабында: «Азаматтық журналистика-бұл адамзат үшін адамдармен жасалынған журналистика» деп жазады. Нью-Йорктағы Университеттің журналистикадан оқытушы маман Джэй Роузеннің айтуынша: «Азаматтық журналистер – бұл біз бұрын аудитория деп атаған адамдар», бұл жерде автор бүгінгі блогтарға баға берді деп айтуға болады, себебі блогшылар өзі қызықтайтын немесе зерттейтін салада материал жариялайды. Интернеттегі жаңалықтар ТВ және радиодан да жедел ақпарат жариялайтын болды.
Блогинг эволюция 4-бөлім Наурыз 19, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, медиа.add a comment
2006 жыл. Technorati-дің баға беруі бойынша блог саны 5,5 және ай сайын 2 есе көбейеді. Күн сайын Интернетте 75 мың жаңа интернет-күнделік беті, орта есеппен санағанда секунд сайын 1 жаңа бет пайда болады. Алайда жаңа блогтардың жартысы 3 айдың ішінде 1 рет қана жаңартылады. Блогтардың 9% автоматты түрде шығарылады, көбісі спам(ағылш. spam — қабылдауға келісім бермесе де, бәріне бірдей жіберілетін хабарлама. Алғашқы кезекте, «спам» термины электрондық хаттарға бағытталады). Pew Internet Center зерттеулері бойынша американдық жасжеткіншектердің 12% блог ашады.19% жасжеткіншек меншікті блог ашса, 28% - тұрақты түрде Әлемтордағы блогтарды оқып отырады. Салыстыру үшін, кәмелеттік жасқа жеткен американдықтар саны 7% - ды құрайды, 27% - басқалардың онлайн-күнделіктерің оқиды. Жеке блогты көп сенаторлар мен конгрессмендер ашты. Hostway компаниясы сауалнама жүргізіп, американдықтардың ¾ бөлігі блогтармен танысса, сонша саны олар жайында естімеген деген нәтижеге келді. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 52%-блогшылардың дәстүрлі БАҚта қызмет жасайтын журналистермен тең құқылы болуы тиіс деп есептейді, алайда олардың блогқа деген сенім деңгейі БАҚқа қарағанда төмен. Бірнеше ірі компаниялар-мысалы Sun Microsystems және Microsoft өз қызметкерлерінің жеке блог жүргізгеніне қарсы емес екенін жариялады.Қытайда Коммунистік Қытай партиясының басты бағытына қарсы материал жазатын блогшыларды құғын сүргінге ұшыратады. Жүйедегі блогардың жалпы саны 15-18 млн-ға жетті.
2007 жыл. АҚШ әскері\US Army әскери қызметтегі блогшыларға арнайы нұсқау шығарды. Бұндай нұсқау түрі әлі болған емес. Онда маңызды ақпарт бар суреттер мен бейнелерді орнату кезінде аса ұқыптылық талап етілді. Операция, жарылыс, тұтқынға алу кезінде түсірілген немесе жарақат алғандар мен мерт болғандарды, қауіпсіздік сақтау жүйелердің суреттерін орнатуға тыйым салынды. Бұл ережелерді әскери қызметкерлерімен қатар АҚШтың қарулы күштеріндегі әскери емес адамдар мен әскери адамдардың жанұясына да қатысты еді. Әскери блогшылардың нақты саны белгісіз. Олардың блогтары танымал болғаны соншалық, кейбір авторлар кітап жазуға келісім-шарт жасады. Ipsos-Reid зерттеу компниясы саяси блогтардың оқырманы - тіркелген американдық дауыс берушілердің 9% ын құрайды(дауыс беру үшін АҚШ азаматы алдын ала жергілікті сайлау комиссияда тіркелуі қажет). Орташа статистикалық саяси блог оқырманы 43 жаста, оның табысы АҚШтық орташа табыстан 2 есе жоғары. Оқырманның 75% - ер адамдар. Оқырманның 61% 2004 жылы президенттік сайлауға қатысқан саясаткерлерге қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар, американдықтардың 18% саяси блогтарды оқып қана қоймай, сол блогтарды жүргізеді. Олардың 36% блогты қоғамдық пікірге әсер ету үшін қолданады. Америка тұрғынының 37% саяси блогтарды оқығандықтан саяси телебағдарламаларды қарамайды.
Блогинг эволюция 3 бөлімі Наурыз 15, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, медиа, статистика.add a comment
2003 жыл. Оксфордтық ағылшын тілі сөздігі\Oxford English Dictionary алғаш рет weblog, webloging (блог құру процессі) және weblogger (блог жүргізуші адам) сөздерін қосты.AOL ірі порталы ( интернет-провайдер)алғаш рет әр қолданушы үшін интернетте ақысыз жеке күнделік ашуға мүмкіндік берді.
Блогтар саясатқа кіріп кетті. АҚШ президенттіке үміткер Говард Дин\Howard Dean блог ашып, сайлау мәселелерін жариялай бастады. Блог аты - Dean Call To Action, кейін Blog To America болды. Американың көп саясаткерлері блог және блогшылар арқылы насихат жүргізіп, сайлау кампанияларына қаржы жинай бастады.
2004 жыл. Блогтармен медиалық компаниялар айналыса бастады. Gawker Media компаниясы Wonkette блогын құрды, онда Вашингтондық билік қабырғасында болып жатқан алып қашпа әңгімелер жарияланатын. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары блогтарға шолу жасай бастады және танымал блогшыларды сырт көз, пікір айтушы, сарапшы ретінде шақыра бастады. Дәстүрлі БАҚ және блог арасындағы алғашқы шиеленіс. CBS телекомпаниясы эфирге президент Джордж Бушты\George Bush қаралайтын мұрағат құжаттарын жіберген еді. Бұл бағдарлама сайлау кампаниясы болып жатқан кезде шығарылды. Бушты жақтайтын блогшылар CBSтің құжаттары шынайы емес екенін дәлелдеп шықты. Ал CBS кешірім сұрады. АҚШтың ірі Демокртаиялық және Республикалық партиялары өзінің партиялық съездерінде БАҚ өкілі ретінде бірнеше блогшыны тіркеуден(аккредетациядан) өткізді. Үлкен пәрменділігі бар Foreign Policy журналы бірнеше жүргізуші, саяси сараптамашы, журналистер арасында сауалнама жүргізіп, олардың көбісі жеке интернет – журналға тұрақты кіреді деген қорытындыға келді. Pew Research Center for the People and the Press өткізген зерттеу көрсеткішетері бойынша 4% американдық Интернет қолданушысы ақпарат алу үшін блогқа жүгінеді. Блогшылар табиғи апат - азиялық цунами кезінде өзінің белсенділігін танытты. Олар жүздеген апат құрбандарының туыстарын табуға көмектесті.
Блог саны 2.4 тан 4.1 млн. құрады.
2005 жыл. Бизнес-журнал Fortune әлемдік бизнес қоғамдастығы үшін маңызы зор танымал 8 блогшының атын жариялады. Advertising Age журналы американдықтардың жұмыс уақытының қаншасы блог оқуға жұмсалатынын зерттеген еді. Белсенді блог оқырман саны шамамен 35 млн. құрды. Бұл АҚШтың қызметкерлер санының ¼ бөлігі. Аптасына блог оқуға орта есеппен әрқайсысы 3.5 сағ. жұмсағаны саналып, 2005 жылы блогқа деген қызуғышылықтан АҚШ экономикасы 5 млрд. жұмыс сағатты жоғалтқаны есептелді.Алғашқы блог-жұмыстан шығарулар Delta Air Lines-та болған(бұрын мына жерде жазған едім). Microsoft компаниясы жеке блог бетінде Apple G5 компьютерінің суреттерін жариялағаны үшін қызметкерін жұмыс орнынан айырды.
Блогинг эволюция 2 бөлімі. Наурыз 12, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, медиа.3 comments
2002 жыл. Ең алғашқы үлкен саяси жанжалдың өзі блогшылардың қатысуымен болған деген пікір бар. АҚШ Сенатының құрметті мүшесі Стром Турмонд\Strom Thurmond ұлықтау кезінде сенат көпшілігінің көшбасшысы Трент Лотт\Trent Lott Турмонд сайлаудан өтпей қалатын болса, АҚШ ең күшті ел болушы еді деп жария етті. Турмонд 1948 жылы АҚШтың ең жоғарғы постқа үміткер еді. Осыны естіген журналистердің көбісі бұл ақпаратты жариялаған жоқ, тек қана бұндай шараларды телетрансляциялайтын C-SPAN телеарнасы және блогшылар болған оқиғаны детальды түрде жеткізе білген. Ақыры Трент Лотт сенат азшылықтың көшбасшылығы қызметінен кетті. Алғашқы блогтық соғыс америка әскерінің Иракқа кіруімен сипатталады. Әскери қызметкердегілер өз күнделіктерінде соғыстағы әрекеттерді суреттеп отыратын. Тура осындай блогтарды Ирак әскері де жазып отыратын(солардың ішінде ең танымал Salam Paks блогы болған).
Қараша. Танымал Интернет - кәсіпкер Дэвид Сифри\David Sifry блогтардың алғаш іздеу машинасы Technorati-ді құруы. (жалғасы бар)
WordPress-тегі әлеуметтік жүйе!? Наурыз 11, 2008
Posted by arsenal777 in блогинг.2 comments
![]()
![]()

![]()
Блогосферадағы әр адам WordPress тұғырнамасында standalone-блог құруға болатынын біледі. Бірақ WordPress MU тұғырнамасы жайында біреуі білсе, біреу білмес. Бұл өз хостингта орнатып, көппайдаланушы блогохостингта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. WordPress-ты құруға өз үлесін қосқан, әрі Automatic компаниясының негізін салушы Мэтт Малленвег BuddyPress-ты құруға жәрдемдесетіні жайында жақында жариялаған еді, бұл WordPress MU негізінде құрылған әлеуметтік жүйе болмақ.Тұғырнама әлеуметтік нұсқаны жетілдіру үшін Automatic компаниясына ауысқан Энди Питлингпен жасалған еді. BuddyPress-ты LiveJournal-дың үлкен бәсекелесі ретінде қарастырады. Бұны әрине уақыт көрсетер.Осылайша, өз хостингте әлеуметтік жүйе құруға болатыны қуантады. Ақпарат мына блогтан алынды.