jump to navigation

Смағұл Садуақасов – публицист (2) Тамыз 29, 2009

Posted by arsenal777 in публицистика, қазақ басылымдарының тарихы т.
Tags: , , , ,
trackback

С. Садуақасұлы бұл жылдары театрдың, әртістік кәсіптің, пьеса танудың әліпбиі іспеттес «Ұлт театры туралы» (1925), «Алғашқы тәжірибелер», «Баянды еңбек күтеміз», «Мәдениет тәрбиесі»(1923), «Ұлт театрына бір жыл» (1927), тағы осы секілді бірнеше мақала жазады. Нәтижесінде қайраткердің сөзі мен ісі биіктен табылып, үлгілі театр, талантты әртістер, ойлы көрермендер қалыптасты.

Жиырмасыншы жылдары қазақ қоғамындағы халықтың білім-ілімге деген сұранысы оқулықтардың, танымдық, ғылыми еңбектердің жазылуын тездетті. Бірақ оны жазатын маман қат еді. Осы орайда С. Садуақасұлының «Жастарға жаңа жол» (1924), «Кооперация һәм қазақ шаруасы» (1924), «Жастармен әңгіме» (1925) атты танымдық әрі ғылыми кітапшалары мен «Қазақстан» (1922), «Күнбатыс һәм Күншығыстың бостандық жолында күрестерінің тарихы» (1923), «Жаңа жұртшылық негізі – ғылым» (1925), т. б. ғылыми мақалалары замандастарының көңілінен шыққан.

«Көтеріл, жастар!» мақаласы «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы 13-қарашасында жарық көрген. Мұнда саясат пен ұлтшылдарымыздың аражігін ашып көрсетіп, мәселені келешек жастарға тірейді. Енді не істеу керек? Смағұл сары уайымшылдыққа салынбайды. Сол себепті төңкеріс тудырған дәуірден баз кешіп кетуді қаламайды. Оқығандар елден жырақтанса, мыңдаған халықты «саясатпаздар» құздан құлататынын Смағұл түсінеді. Ол: «Енді бізде кім бар? Алдымыздағы асқар таудай жүкті кім арқалайды? Ұлттың ісін, елдің жұмысын кім атқарады? Еңбекшілердің кім ақылшысы болып, кім оларға жолбасшылық етеді?» – деп қойған сұрағына өзі: «Жастар, жастар, жастар. Бұлардан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ» – деп жауап береді. Қаламгер аға толқын өкілі ақын Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген пікірін негіздей отырып, алдағы істердің жауапты екендігін қаперінен шығармайды. Мақаладағы «Бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, адамшылық, ұйымшылдық негізімен өзгерту, жаңа дүние орнату деген жеңіл жұмыс емес. Бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығарғанмен оңдалмайды. Бұған ақыл керек, білім керек, ақ жүрек, адал ниет керек» деген Смағұл ойы 20-жылдары аса көкейкесті, сындарлы естілгені анық. (Д. Қамзабекұлы. С. Садуақасұлы. Алматы. Қазақстан. 1996 жыл, 160 бет)

«Арқа ақпарат» сайты бойынша

Пікірлер»

No comments yet — be the first.