Қазақ блогосферасы жайында Сәуір 20, 2008
Posted by arsenal777 in блогер, блогинг, статистика.Tags: қазақ блогтары, сауалнама, қазақ блогосферсы
26 comments

2007 жылдың қараша айында «Неліктен блог бастадың?» деген сауалнама қазақ блогшылардың ортақ блогы «Блог туралы блогта» жүргізіле бастады. Блогшылар төмендегідей жауап берді, Бақытнұр: «Блог жазу арқылы адам өзін басқаға танытумен қатар, менің қолымнан не келеді деп, өзін-өзі тани біледі. Қазақ қоғамына блог жазу Қазақ Ғаламторына өзіндік үлесін қосу арқылы көмектесе алады», Жанарбек: «Блогты жеке басымның күнделігі ретінде қолданамын. Бөліскім келген ойларды, тәжірибелерді, суреттерді және жаңалықтарды осы блог арқылы уақытқа не орынжайға бағынышсыз түрде әлемнің әр түкпіріндегі адамдармен ой пікір алмаса аламын», Бақытгүл: «Қазақ тілінде блог жазуға ықылас білдіргенімде, ойымда бірнеше тақырып болды. Соның бірі білім және білімдегі ақпараттық - коммуникациялық технологиялар болса, екіншісі дүние жүзіндегі танымал, тіпті танымал болмаса да қызықты “әдеби сыйлықтар” тақырыбына шолу жасап, қазақ тілді оқырмандарды әлем әдебиетінде болып жатқан жаңалықтармен таныстыру еді»-деп өз пікірлерін білдірді. Сонымен, қазақ тіліндегі ақпаратқа деген қажеттілік блогтардың өмірге келуімен шешілді. Блогтағы материалдарды жастар да, ересек адамдар да жиі оқиды. Іздеу моторында «ақпарат технологиялар», «әдеби жаңалықтар», «қазақ басылымдары», «салт-дәстүр», т.б. сізге қажетті сөздерді енгізіп көрсеңіз, қазақ тіліндегі жеке веб-беттерге тап боласыз. Мұндағы мағлұмат тегін, ашық. 2008 жылдың басында «Азаттық радиосы» “Жас толқын” бағдарламасында қазақ блогосферасына қатысты жиі-жиі хабарлар беріп тұратын болды. Сол хабардың бірінші санында Асхат Еркімбай, Бақытгүл Салықова мен Қуаныш Мағзұмов блог не үшін қажет, қандай тақырыпта жүргізіледі, қоғам үшін маңыздылығы жайында сұхбат берді. Ал BBC Орта Азия елдері бөлімінің радио тілшісі Жаңа медиаға арналған бағдарламасында белсенді қазақ блогшыларымен сұхбаттасып, қазақ блогосферасына деген қызығушылығын танытты. Қазақ блогосферасының дамуы жайында нақты мағлұмат алу үшін Асхат аға маған белсенді қазақ блогшылар арасында сауалнама жүргізіп көр, деп ұсыныс жасаған. Сауалнаманың нәтижесінде жауап бергендердің 57% блогтарын бір жыл, ал 27% жарты жыл, 14% бір жылдан көп жүргізгенің көруге болады. Келесі сұрақ «Блог бастауға не түрткі болды» дегенге, блогшылардың 86% «жеке қызығушылығым» деп жауап берді. Жеке веб-бет жүргізгенде блогшылардың 57% ешқандай қиындық болмағаның, ал 43% блогты жиі жаңартуға, басқа блогтарды оқуға мүмкіндігі шектеулі болғандығына себеп болған – интернет қызметінің қымбатшылығы деп жауап берген. Жеке веб-беттегі мағлұматтың маңыздылығын бағалау кезінде блогшылардың 43% қажетті ақпараттың жоқ еместігін мойындаса, 43% өзіңе қажетті ақпаратты блогтан тауып алатының көрсетті. Қазақ блог жүргізушілердің 71% әлеуметтік хабарлар, соның ішінде жаңалықтар немесе зерттеулерді, ал қалғаны ақпаратық технологиялар мен тұрмыстық кеңестерді жариялаймын деп жауап берді. Сонымен, қазақ блогосферасы не себепті пайда болды және оның маңыздылығы қандай екенің осы зерттеу барысында анықталды. Біріншіден, қазақ тілді Интернетті дамыту, өз білгеніңді басқаларға жеткізу, шығармашылықта немесе ғылымда өз идеяларды ұсыну және оларды талқылау сияқты негізгі себептер блогтардың танымалдылығына әсер еткендігі анықталды. Блог бастау үшін жеке қызығушылық және қымбат емес интернетке шығу мүмкіндігі болса, Қазақ блогшылардың саны және блогжазбалардың сапасы өсетіні сөзсіз. Жаңалық ашқаным жоқ, сонда да қызық болды :))))
P.S. Сауалнамаға қатысқандарыңызға көп рахмет.